Рамазанда шайтандар кісенделсе, неге жамандық тоқтамайды?
«Рамазанда шайтандар байланады» деген хадис бар екен. Онда неліктен ораза айында адамдар жаман ісінен тыйылмайды?
Жауап
Бұл хадис имам Бұхари және Мүслим еңбектерінде сахаба Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген. Хадистің мәтіні: «Рамазан айы келсе, жәннат қақпалары ашылып, тозақ қақпалары жабылады және шайтандар шынжырланады». Рамазан – Құран түскен ай. Бұл айды Алла Тағала ораза парызымен ерекшелеген. Сонымен бірге, рамазан – жақсылық пен қайырымдылық айы. Рамазанның құрметіне аспан (мейірім) қақпалары ашылады. Сондай-ақ, шайтандар шынжырланады. Бұл – адам үшін үлкен ескерту. Азғырушы шайтан кісенделген уақытта адам ораза тұтпағанына және құлшылық жасамағанына ешбір сылтау айта алмайды. Демек, шайтан шырмауда тұрса да, адамның нәпсісі азғыруы мүмкін. Олай болса, ораза – нәпсімен күресу және оны тәрбиелеу айы.