ЖОЛАУШЫ АДАМ НАМАЗДЫ ҚАЛАЙ ОҚИДЫ?
Әссәләму ғәләйкум! Сапарға шыққанда анамаз оқушы адамға жеңілдіктер бар деп естіп едім. Басқа қалаға барғанда намазды қалай оқу керек?
Жауап
Құран Кәрімде: «Жер жүзін аралап, сапарда жүргендеріңде сендерге намазды қысқартуларыңда айып жоқ», – делінген («Ниса» сүресі, 101-аят).
Анас ибн Малик (Алла оған разы болсын) бір сапарын былай баяндады: «Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге Мәдинадан Меккеге қарай шықтық. Мәдинадаға қайта оралғанға шейін ол кісі намаздарды екі ракағаттан оқыды. Мен: «Меккеде қанша уақыт тұрдыңдар?» – деп едім, ол: «Біз онда он күн тұрдық», – деп айтты» (Бұхари, Мүслім).
Сапарға шыққан адам өзінің елдімекенінен жырақтағаннан бастап үйіне қайтып келгенге дейін, сондай-ақ ұзақ жерге барып, сонда 15 күнге шейін тұруды ниет еткен адам шариғатта жолаушы деп аталады. Ұзақ жер деп шариғатта орта жүріспен жаяу кемінде үш күндік аралыққа айтылады. Жазық даламен есептегенде үш күндік жол 90 шақырымға тура келеді (Хашияту Ибн Абидин, 2/133). Ал су және тау жолдарымен оның қашықтығы өзгереді. Үш күндік жерді пойыз немесе ұшаққа отырып барса да, барған жерінде жолаушы деп аталады.
Жолаушы бір жерде 15 күн немесе одан көп уақыт тұруды ниет етсе, сол сағаттан бастап ол жергілікті үкімінде жүреді, бірақ толық 15 күн өтпей тағы жолға шықса, жолаушы болады. Алғашында бір жерде 15 күн тұруды ниет етпесе, бірақ жұмыстары бітпей немесе бір хабар күтіп, осы мекенде 15 күн кідіріп қалса да жолаушы үкімінде қала береді.
Екі қалада үйі бар адам сол қалалардың қайсыбіріне барса, жолаушы үкімінен шығады. Сол қалалардың арасы алыс болса, бір үйден екінші үйге жеткенше, яғни жолда жолаушы үкімінде жүреді.
Жолаушы адамға қатысты үш үкім бар: бесін, екінті және құптан намаздарының парыздарын қысқартып, екі ракағат етіп оқу – уәжіп; үш тәулікке шейін мәсіге мәсих тарта алады; сапары Рамазан айына сәйкес келген адам ораза ұстамай, оны кейінге қалдыра алады.
Жолаушы төрт ракағат сүннет намаздарды, үш ракағат ақшам намазын һәм үтір намазды қысқартпайды, толық оқиды.
Төрт ракағат намазда жолаушы адам имам болса, ол екі ракағат оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды. Ал артында тұрған жергілікті адамдар қалған екі ракағатты оқып, толық аяқтайды. Төрт ракағат намазда жергілікті адам имам болса, жолаушылар имаммен бірге намазды толық оқиды.
Жолаушы адам сапарға шықпас бұрын қаза болған төрт ракағат намазын сапарда жүргенде толық оқиды, намазы сапарда қаза болса, өзінің тұрғылықты жеріне келгенде, оны қысқартып, екі ракағат етіп оқиды.
Хасан АМАНҚҰЛ,
«Мұнара» газеті, №21, 2021 жыл