Сыйлық жасағанымыз үшін сауап беріледі ме?
![](/img/questions/a6a45f863a8a5e332cd7bd83aac1ca4b.jpg)
Ассалаумағалейкум, Muslim.kz сайты! Сіздерге Алла разы болсын! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! Сіздерге қояр сұрағым, біреуге сыйлық бергеніміз үшін сауап беріледі ме?
Жауап
Уа алейкум ассалам!
Екі дүние сардары Мұхаммед пайғамбарымыздың әрбір амал-әрекеті – адамзат үшін асыл мұра, адастырмас ақиқат жол екендігі даусыз. Ендеше, сүйікті пайғамбарымыз жасаған әрбір амал-әрекетті қайталау – біздерді сауапқа кенелтері сөзсіз.
Сүннеттердің ішіндегі ең нәзігі – сыйлық жасау дәстүрі. Бұл адамдардың арасында достық пен сүйіспеншілікті нығайтады. Әбу Һурайра (р.а.): «Бір-біріңе сыйлық жасаңдар, бір-біріңді жақсы көресіңдер»[1], – деген хадис жеткізген.
Осы орайда сыйланған заттың қымбат-арзандығына қарамастан, шын көңілмен қабыл алудың да пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті екенін ұмытпағанымыз жөн. Алла Елшісі (с.ғ.с.) жай қарапайым затты сыйлық етіп берсе де қабылдайтын. Әнас бин Малик (р.а.): «Пайғамбарға (с.ғ.с.) Барира өзіне садақа етіп берілген етті сыйлады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұл ет оған (Барираға) – садақа, ал бізге – сыйлық», – деген екен»[2].
Бұл сүннетті орындау үшін аса көп қаражат жұмсаудың қажеті шамалы. Кітапша, гүл, қаламсап сияқты қарапайым заттарды шын ықыласпен ата-анаға, әйеліне немесе күйеуіне, аға-ініге сыйға беру олардың көңілін бір марқайтып тастайтыны белгілі.