7 саны сәттілік, 13 саны бақытсыздық белгісі ме?

17 маусым 2020 8977 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Адамдар арасында 7 саны сәттілік, ал 13 болса жамандық алып келеді деген түсінік бар. Бұған қоса,  9, 666 және басқа да сандарға қатысты ырымдар мен жорамалдар бар. Осыған байланысты шариғи көзқарас қандай?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Абдулла бин Амр (р.а.) риуаятында мынадай оқиға баян етіледі.  Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кімде-кімді тыйра (құс ұшыру ырымы) істейін деп тұрған шаруасынан қайтарса, серік қосқан боп табылады», – дейді. Сонда адамдар: «Уа, Алла елшісі! Оның өтеуі не?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.ғ.с.): «Аллаһуммә лә хойра иллә хойрук, лә тойрә иллә тойрук уә лә иләһә ғойрук (Уа, Алла! Сенің берген жақсылығыңнан басқа жақсылық жоқ. Құс екеш құс пайда да, зиян да бермейді, тек Сен бересің. Сенен басқа Құдай жоқ) деп айту», – дейді[1].

Сондай-ақ, Имран бин Хасыйн (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Құс ұшырған және құс ұшырып ырымдаған бізден емес, бал ашқан және бал аштырған бізден емес, сиқыр жасаған және сиқыр жасатқан бізден емес»,[2] – дегенін риуаят етеді.

Имам Науаи: «Құс ұшыру – ырым. Оның негізі – сөз, іс әрекет және көрген ісінен жамандық сезу. Арабтар үркітіп құс ұшырып және киік шаптыратын, оң тарапқа ұшса – ниет еткен сапарына шығып, шаруасына кірісетін. Ал, сол жаққа ұшса – ырымдап сапарға шықпай, шаруасын да істемейтін. Шариғат мұның барлығын тыйым салып, бұл ырымның ешбір пайдасы да, зияны да жоқ екенін баян еткен...», – деп түсіндіреді.

Қорыта айтсақ, белгілі бір сандардың адамға сәттілік алып келуі немесе жолын байлап сәтсіздікке ұшыратуына сенуіне болмайды. Бұл – күнә. Осындайға тап болған жағдайда «Аллаһуммә лә хойра иллә хойрук, лә тойрә иллә тойрук уә лә иләһә ғойрук» (Уа, Алла! Сенің берген жақсылығыңнан басқа жақсылық жоқ. Құс екеш құс пайда да, зиян да бермейді, тек Сен бересің. Сенен басқа Құдай жоқ)», – деп айтқаны жөн.

 

Руслан Камбаров

 


[1] Ахмед, Табарани.
[2] Табарани.

Пікірлер Кіру