ҚМДБ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МИНИСТРЛІК ТАРАПЫНАН МАРАПАТТАЛДЫ (ФОТО)
Бүгін Астана қаласында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен өтіп жатқан 2025 жылды қорытындылауға арналған Төралқа мәжілісінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35-жылдығына орай бірқатар мүфтият қызметкерлері ел руханиятын дамытуға, дін саласындағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін мемлекеттік марапаттарға ие болды.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева атынан ҚМДБ Төрағасының орынбасарлары, наиб мүфтилер Сансызбай Құрбанұлы мен Кенжетай Байкемелұлына «Құрмет грамотасы» табысталды.
Сондай-ақ, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ермек Қасболатұлына, Бас мүфти кеңесшісі Бижігіт Нұржігітұлына, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлына, сондай-ақ Діни білім және кадр дайындау, Діни сараптама, Мешіт істері, Іс басқару бөлімдерінің жауапты қызметкерлеріне Мәдениет және ақпарат министрі атынан «Алғыс хат» табысталды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Әнуар Нұрманұлы Хатиев атынан ҚМДБ-ның Қажылық, Цифрлық даму, Ақпарат және қоғаммен байланыс, Зекет және қайырымдылық, Әйелдер-қыздар секторы және өзге де құрылымдық бөлімдерінің бірқатар басшылары мен орынбасарлары «Алғыс хатпен» марапатталды.
Аталған марапаттар – ҚМДБ ұжымының дін саласындағы жүйелі еңбегіне, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудағы белсенділігіне және қоғаммен байланыстағы нәтижелі жұмысына берілген жоғары баға.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көрсетілген сенім мен құрмет үшін алғыс білдіріп, ел бірлігі мен рухани тұтастық жолындағы қызметін жалғастыра бермек.

















