ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП–2025: ДІНИ ОҚУ-АҒАРТУ БАҒЫТЫ БОЙЫНША АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР
Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты дін мамандарын даярлайтын Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы республикалық ислам институты, 9 медресе-колледж және 11 қариларды даярлау орталығы тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.
Қазіргі таңда «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде 3005 студент білім алуда. Оның ішінде: бакалавриатта – 2851 студент, магистратурада – 113 студент, докторантурада – 41 студент.Университетте жалпы 152 оқытушы қызмет атқарады, оның 20-сы – шетелдік профессор-оқытушылар.
«Хусамуддин ас-Сығанақи» атындағы ислам институтында бүгінде 51 шәкірт білім алуда. Оқу мерзімі – 3 жыл. 2025 жылы 14 шәкірт «Ислам білімдері» мамандығы бойынша оқуын тәмамдап, барлығы қызметке орналасты. Институтта Мысыр және Түркия елдерінен келген профессор-оқытушылар дәріс береді.
Еліміздегі 9 медресе-колледжде барлығы 2600 студент оқиды. Оның ішінде:1478 ұл бала, 1122 қыз бала.2025 жылы 461 түлек медресе-колледждерді аяқтады.Ағымдағы жылдың сәуір айында Астана қаласында медресе шәкірттері арасында діни пәндер бойынша медресеаралық олимпиада ұйымдастырылып, оған барлық медреседен 36 студент қатысып, бақ сынады.
Құран жаттау орталықтарында қазіргі таңда 845 қари білім алуда.Биыл 59 қазақстандық қари Құран Кәрімді толық жаттап шықты.Сонымен қатар, 31 қари «Хусамуддин ас-Сығанақи» ислам институтының Астана және Алматы қалаларындағы Құран ижазасы орталықтарында білім алып, түрлі қырағаттар бойынша арнайы ижазаға ие болды.
Мешіттер жанындағы діни сауат ашу курстарында Құран оқу және намаз үйрену бойынша тұрақты сабақтар жүргізілді. Жаз мезгілінде мешіттерде мектеп оқушыларына арналған «Имани жаз» жазғы діни сауат ашу курстары ұйымдастырылып, оған 36 620 бала қатысты. Сабақтар барысында «Имандылық әліппесі» және «Азбука веры» кітапшалары пайдаланылды.Сонымен қатар, мешіттер жанынан ашылған Брайль курстарында, сондай-ақ «Нұр-Мүбарак» университетінде бүгінде 339 адам (172 ер адам, 167 әйел адам) Құран оқуды үйренуде.Діни сауат ашу курстарының тәлімгерлері арасында Құран, хадис және ислам тарихы пәндері бойынша 1471 сайыс өткізіліп, оған 10 745 адам қатысты.
Мешіт имамдары мен молдалары үшін Құран, хадистану, фиқһ әдіснамасы пәндері және ҚМДБ-ның концептуалды құжаттары бойынша арнайы семинарлар ұйымдастырылды. Алматы қаласында орналасқан Республикалық имамдардың білімін жетілдіру институтында 167 имам біліктілігін арттырды.
Имамдардың білімін жетілдіру курсының «С» санаты бойынша оқу бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға сәйкес:Құраннан жарты пара (Шәмстан – Нәс сүресіне дейін) қайталау,«Ислам ғибадаты», «Дін мәселелері жайында қырық хадис» кітаптарын оқу қарастырылған. Аталған курсқа 1389 діни қызметкер қатысып, оның 1020-сы курсты толық меңгеріп, арнайы сертификатқа ие болды.
14 діни қызметкер Мысыр Араб Республикасының Каир қаласында орналасқан Әл-Азһар университеті жанындағы Халықаралық ислам зерттеу академиясында білім алып қайтты.Оқу бағдарламасы үш кезеңге жоспарланған, әр кезеңнің ұзақтығы – екі ай. Бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінен іріктелген 50-ге жуық дін қызметкері кезең-кезеңімен оқытылатын болады.
Қарилар мен азаншылардың діни білімі мен біліктілігін арттыру курстарынан 316 қари және 360 азаншы өтті.









Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі