ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ МҮФТИЛЕР АЛҚАСЫ: ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

16 мамыр 2024 312 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Түркітілдес мемлекеттердің Мүфтилер алқасы кеңес хатшылығының жұмыс жоспары талқыланды.

Жиынға ҚМДБ Төрағасының орынбасарлары Ершат Ағыбайұлы мен Сансызбай Құрбанұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы мен алқа кеңесінің хатшысы, Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров, Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары Бауыржан Әбдуәлі мен Медет Құрмашұлы, сондай-ақ онлайн режимде 5 мемлекеттің жауапты мамандары қатысты.

Алғаш болып сөз алған наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы жиынға онлайн қосылған бауырлас мемлекеттердің өкілдеріне ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, басқосуға береке тіледі. Бұдан кейін алқа кеңесінің хатшысы Батыржан Берденұлы Түркітілдес мемлекеттердің Мүфтилер алқасының жұмыс жоспарын таныстырып өтті. Ерекше атап өтетін бір жайт, биыл Алматыда Түркітілдес мемлекеттердің діни басқарма басшыларының төрағалығымен «Қожа Ахмет Ясауи және сопылық ілімі» халықаралық конференциясын өткізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзі бастамашыл болған Түркітілдес мемлекеттердің мүфтилер алқасына төрағалық етеді. Бұл жөнінде жыл басындағы Бағдарлық баяндамасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты бауырлас елдердің мүфтилер алқасына төрағалық ету мәртебесінің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына берілуі – сіз бен бізге үлкен жауапкершілік жүктейді» деген болатын.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру