Абай Мауқараұлы: АБАЙДЫҢ 38-ҚАРА СӨЗІНІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ (1 БӨЛІМ)

09 қазан 2024 700 0
Оқу режимі

Абай хакімнің «Қара сөздер» деген атаумен қалған ғибратнамаларының ішінде Отыз сегізінші сөзінің орны ерекше. Иманның алты сенімі соның ішінде Алланың есім-сипатын танытуы және Исламның бес парызын анықтауы, мұсылманға ілім-ғылымның парыз екенін әрі өз тұсындағы діни ахуалды сынап-сараптаған өте күрделі еңбек. Алайда, мұны бір ғана сөзге сиғызуы да ғажап. Сондықтан, бүгінге дейін көптеген абайтанушылар бұл сөзге арнайы талдау жасай алмай келді. Ал, жалпы оқырманға да ауырлау екені анық. Осы жағдайды ескере отырып екі жолдық афоризмдік стильмен мағынасына еш қиғаштық келтірмей Отыз сегізінші қара сөзді жалпы оқырманға арнап тәпірлеп шықтық. Әрине, бұны түсіну үшін де адамдардың имани сауаты болуы шарт. 

38 - ҚАРА СӨЗІНІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ

Ғұмырымның жалғасы ұрпақтарым,
сендерге бір асыл сөз ғибраттадым. 

Құштарлығың артады ұқсаң егер
ілімге, ізгілікке – жаның сүйер. 

Адамды жаратыпты ғажап түрде,
Һәм ата-ана, құрбы, ұстаз – үйретуге. 

Сөйлейтін, ойланатын асылзада
жетпек солай ақиқат шын ғылымға. 

Тоқ келмей ме, уызында тойған бала
ертерек ауызданса ғылымға да. 

Таниды дүниені сонда ғана
өзін де, жаратушы Алланы да. 

Нақ білген осыларды жолдан таймас,
таппағандар жартымды адам болмас. 

Ондайлар алдамшыға құмар келер
оқытқан, оқыған боп босқа жүрер. 

Бұдан шыққан жарыместер өзі дүрдей
баспайдашыл келеді, ғылымға өгей. 

Жарты адамда бола ма, толық иман?
Кемелдікке жете алмас ол мұсылман. 

Өйткені, хақтың жолы ақиқатта
Хақ келе ме, жалғаншыл шақырғанға?! 

Көңілге хақпен бірге жалған сыймас
сондықтан, нағыз ғылым оған тұрмас. 

Әйтседе, мұндай ғылым бұл дүниелік
кімде-кім үйренетін көпті көріп. 

Түп себебін дүниенің өзгермелі
хаққа құмар болған жан білсем, дейді.

Олай десек, жалғыз шарт – Хаққа ғашық
Алланы сүйе білмек көңілді ашып. 

Ілім деген бір аты хақ Құдайдың
ізгілікке ілімшіл жан лайық. 

Әйтпесе, құр атақ-даңқ ғылым болмас,
мал табумен хақ жолдың орны толмас. 

Шын хакимді мал, мақтан өзі табар,
сұм ғалымда адамдық жолда қалар. 

Өйтсе, құлақ қойыңыз ақиқатқа,
ден қойып, шын иманды дөп таппаққа.

Алла бір, Оның сөзі Құран Кәрім,
Мұхаммед (с.а.у.) соңғы Елші, кәміл сенім. 

Деп айттық, сендік дедік, іс біте ме?
Ауыздан шыққан жалғыз осы сөзге. 

Сену, сенбеу пенденің өз еркінде,
мұқтажы жоқ Алла оның сенбегіне. 

Сенудің мақсаты не, білмек керек,
КӘМІЛ ИМАН дейді оны, пайда бермек. 

Есімдер мен Алланың сипатын ұқ!
Ештеңеге ұқсамас, дара, ұлық. 

Ең әуелі, «Бар Алла», «Бастауы жоқ»
«Ақыры да болмайтын», «Жалғыздық» боп. 

«Еш мұқтажсыз» өзімен өзі ғана,
«Ұқсасы жоқ» заттардан Жаратқанға. 

Онда лайық тек Алла табынуға,
Есімдері жайнаған айналаңда. 

Киелі есім Алланың тоқсан тоғыз,
әрбіреуін дұға ғып жалбарсаңыз. 

Ғайып сипат Алланың ұлылығы,
мақұлықатқа ұқсатып берген сыйы. 

Ең әуелі «Тірі Алла» жанмен емес,
тіршілікпен тең емес, мәңгі өлмес. 

«Естуші» – Самиғ сипат теңдесі жоқ,
қалмайды ешбір сыбыс жасырын боп. 

«Көруші» – Басыр сипат шектелмейді,
тастүнек, алыс болсын өзгермейді. 

«Кәлам» сипат – Алланың сөз сөйлеуі,
қалам, дыбыс, тіл Оған сай келмейді. 

«Білуші» – Ілім сипат Аллаға тән
бәрі мәлім, құпия-сыр жасырынған. 

«Ирада» – не қаласа болдырады,
шексіз билік Иесі, жалғыз әрі. 

«Құдірет» тек Аллаға жарасады,
қандай күш Оған тең боп таласады? 

Жоқтан бар қылатұғын «Тәкуин» сипат,
ғаламшар да, тозаң да содан мұрат.

Иманның тірегі тек Аллаға иман,
айтылған Есім, Сипат осыған тән. 

Осыны ұқса сол адам Аллаға құл,
мүсілім, тәсілім де осы деп біл! 

Алла адамға сый еткен кішік сипат,
танысын деп Өзінен хақ жол сұрап. 

Алла адамға сый еткен сегіз сипат,
кемелдікке жетпекке қойған мұрат!

Оның үшін танымақ болсын мақсат
Мағрифатулла аталған Ұлық сипат. 

Танудың шегі осы шексіздікті
шекті ақыл түгел білмес хикметті...

(ЖАЛҒАСЫ БАР...)

 

 

Пікірлер Кіру