Абай Мауқараұлы: АБАЙДЫҢ 38-ҚАРА СӨЗІНІҢ ТҮСІНДІРМЕСІ (3 БӨЛІМ)

09 қазан 2024 830 0
Оқу режимі

38-қара сөзінің түсіндірмесі 
ІІІ-бөлім

Ғұмырымның жалғасы ұрпақтарым,
сендерге бір асыл сөз ғибраттадым. 

Құштарлығың артады ұқсаң егер
ілімге, ізгілікке – жаның сүйер.           

 

Адамда бұлар болса кішік сипат

болмақ онда адамдық толық тұрпат.

 

Шыншылдық пен ізгілік, даналықпен

үш қасиет болады аяғы тең.

 

Шыншылдықтан әділдік шықпай қоймас!

Ізгілік болса, мейірім қалай болмас!

 

Ақыл – бастау, ғылымға ол белгілі

әр адамға шамалап Алла берді.

 

Бұларды гүлдендіру, түрлендіру,

өз еркіңде мақсат қып өмір сүру.

 

Шыншылдық пен ізгілік, даналықпен

үш қасиет болса егер аяғы тең,

 

боласың шын ниетпен КӘМІЛ АДАМ

болмаса көп тобырдың бірі ғана.

 

Шыншылдық пен ізгілік, даналықпен

ең әуелі пайғамбарлар соған жеткен.

 

Үш қасиет бойында кәмілдікте

бұдан кейін әулие, хакимдікте.

 

Кәміл дейміз, ергенді осыларға

Құдайдың құлы болған ғашық жанға.

 

Пайғамбарлар ұстазы адамзаттың.

Ал, әулие үлгісі даналықтың.

 

Алайда, ғашық-көңіл әулиеге

ақырет артық, кем соқты бұ дүние.

 

Хакимдер көңіл бөлді дүниеге,

тең тұтты Алла жолын, екеуін де.

 

Зорлықты, залымдықты, алдамақты

екеуі де, алыстап шетке қақты.

 

Арлылық, мархамат пен шапағатты

Рахым деп, бұйырып алға тартты.

 

Бірақ, бізше бір сыр бар екеуінде

пида қылмақ бұл жолға нәпсісін де.

 

Десек, егер кемелдік әулиелікте,

дүниені керек қой тәрк етпекке.

 

Онда дүние қалады қай жағында?

Кім кірісер ие боп мал табуға?

 

Шығады кім қорған боп жау жағыңа?

Тоқыма, егін егу, мал бағуға?

 

Бұл деген харам, мәкүрік былай тұрсын

деген сөз, халал, ризық түгел құрсын.

 

Жатпайды бұл, әдепке, ынсапқа да

Алланың бергеніне ойлап қара!

 

Шүкір етіп, ғибрат алсын деп жаратқан

бастартса, болмақ онда күнаһар жан.

 

Бұндай жолдың болады соңы құрдым,

таусылар сабыры да сабырлының.

 

Дей алмайсың жартысы сондай жолда,

ақиқат қалай бүтін болады онда?!

 

Өмір өзі ақиқат асылында,

өмір дағы қалмайды ондай жұртта.

 

Өмір – өмір болады әрекетпен,

өмір кетсе болмайды кәмелет те!

 

Жәннаттық деп танылған сахабалар

Оспан, Ауп, Сағид та болған байлар.

 

Олай десек, қате сөз болар еді,

өмірден безді деуге әулиелерді.

 

Шын мәнінде өмірден безген болса,

ондай болмақ басқа бір мақсат қойса.

 

Ең алдымен рахаттан бастартпақта

көңілін қызықтардан суытпаққа.

 

Өзгеге үлгі болып көрінсем деп

жанын пида қылуды үміт етпек.

 

Мұндайлар көп болмайды көпті сүйген

қиын жол ғой біреу үшін отқа күйген.

 

Бұл күнде дүние деп көп жүгірген

дара шықпақ кемел боп сирек мүлдем.

 

Асқан ғалым, бек шыншыл, қайраты зор,

Аллаға да, адамға махаббаты мол

 

шықса сондай, бірақ ол емес оңай,

өтсе жақсы ондай жан бүлік салмай.

 

Өйткені, бұзатын іс көсемсіген

көпті бұзар көп сөйлеп, көп көпірген...

 

Сопысынса, надандар бұзылғаны,

тыңдамас олар хаким, ғалымдарды.

 

Көрініске көңіл бөлсе нағыз ғалым,

білмек боп не себептен жаратқанын.

 

Алланың шеберлігін сонда таныр,

Жаратушы ісіне аң-таң қалып...

 

Бұл болмақ шын ғашықтық Хақ Құдайға,

өзін сүйіп, мейіріммен жаратқанға.

 

Сонда болар шын хаким адамдарда

хикметін Құдайдың танығанға.

 

Ондай жан көңіл бөлмес атақ-даңққа

ләззаты сол – пайдалы ғылым тапса.

 

Мұндай хаким жол салар адамзатқа,

үйретер жақсы іспен ғибратқа.

 

Бойы толса жақсылық, ғаниметке,

егін сол – қауышатын ақыретте.

 

Өйткені, мойын салмай дінге ерген

еткен иман саналар еліктеумен.

 

Нақ ғылымды болса жан шын үйренген,

аталады хақ иман жүрекке енген.

 

Пікірлер Кіру