«АДАМ БОЛ – МАЛ ТАП...»

04 желтоқсан 2023 2730 0
Оқу режимі

Ислам діні мұсылман баласын адал еңбек етіп, отбасын асырауға бұйырған. Еңбек еткен адам сауап алумен қатар қоғамда сый-құрметке бөленеді. Сонымен қатар мұқтаж жандарға жәрдем беретін дәрежеге жетеді. Мұндайда қазақ халқы «Еңбегімен ер сыйлы» демей ме?

Ислам – дүние мен ақырет тізгінін тең ұстауға, яғни құлшылық жасап, Алланың мейіріміне бөленуге, сондай-ақ мал жинап, оны жақсылық жолында жұмсап, сауап алуға шақыратын дін. Құран Кәрімдегі қасиетті аяттарда иман келтіру мен еңбек ету, ізгі іс істеу әрдайым қатар баяндалады. Яғни иман мен еңбек ету, игі іс істеу – бір-бірінен ажырамас ұғым.

Шариғатта ғибадат істермен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді. Алла Тағала Құранда: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп құлшылықпен қатар еңбек етуге, адал табыс табуды бұйырған.

Отбасын асырау – ер азаматтың мойнындағы асыл міндеттің бірі. Ер адам еңбектенумен әрі отбасын асыраумен өткізген әр уақыты үшін сауапқа кенеледі. Оның отбасы үшін берген қаражаты қайырлы садақалардың бірі саналады. Қасиетті хадистердің бірінде: «Адамның жұмсаған ақшасының ең қайырлысы – өзінің отбасы үшін жұмсаған динары және Алла жолында мінетін көлігіне жұмсаған динары мен Алла жолындағы жолдастары үшін жұмсаған динары», – делінген.

Адал еңбекпен несібесін табу – пайғамбарлардың жолы. Адал еңбегімен мал тауып, өз күнін көру – ата-анаға, туыстарға масыл болғаннан әлдеқайда қайырлы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің қолына жіп алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлдеқайда жақсы», – деген. Хәкім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» десе, тағы бір өлеңінде «Адам бол – мал тап, қуансаң қуан сол кезде» деп еңбек етуге, адал табыс табуға шақырған. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар – барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды  дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді», – дейді. 

Ислам діні масылдыққа салынуды құптамайды. Адам ата (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағалаға ғибадат етумен қатар егін егіп, темір ұстасы болып, күнкөріс үшін құрал-сайман жасап еңбектенгені баршамызға аян. Қайыр тілеп өмір сүру – нағыз ұят іс. Алла Тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергесін адам бала-шағасын өз адал табысымен асыруы керек. Мемлекет басшысы, қадірлі Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деп атап өткен болатын.

Расында адамды аздыратын, жұмыссыздыққа душар ететін жағымсыз әдеттің бірі – жалқаулық. Жалқаулық – жаман дерт. Ол адам баласын абыройсыздыққа, енжарлыққа, намыссыздыққа итермелейді. Мұндай кеселден құтылу жолы – еңбекқорлық. Осы ретте Лұқпан хәкімнің баласына айтқан өсиеті барша адамға өнеге болмақ. Ол: «Ұлым, адал кәсіп етіп жоқшылықтан өзіңді сақта. Жоқшылық көрген адам мынадай үш қайғыға душар болады: біріншіден, дінін әлсіретеді, яғни сеніміне кір келтіреді. Өйткені кедейлік адамды жаман ниеттерге жетелейді. Екіншіден, ақылын азайтады. Өйткені мұқтаждық адамның еңсесін түсіріп, есін шығарады. Үшіншіден, адамгершілігі әлсірейді. Адамдарға жеккөрінішті болады». Иә, Лұқпан хәкімнің бұл өсиеті өмірлік сабақ болуға тиіс.

Енжарлық пен жалқаулық жамандыққа жол ашады. Сол үшін азамат еңбек етуді өмірлік ұстанымына айналдырғаны абзал. Әрине мұсылман баласы ризық-несібені беруші Алла екеніне шүбә келтірмейді. Алайда ризық еңбексіз келмейтінін жақсы түсінуге тиіспіз. Бұл ретте хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын): «Сіздердің біреулеріңіз көктен алтын және күміс жаумағанын көре тұра: «Уа, Алла! Мені ризықтандыра көр!» – деп ризығын іздемей отырмасын», – деген сөзі еңбек етудің қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді. 

Хәкім Абай қарасөзінің бірінде адам бойындағы жағымсыз әдеттерді сынайды. Ақын оныншы қарасөзінде: «Мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың. Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? ... Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» деп, адамзат баласын ұнамсыз істерден аулақ болуға, еңбек етіп, мал табуға үндейді.

Жоғарыда айтқанымыздай, отбасын асырау – әкенің міндеті, бала-шағаның ақысы. Нақтырақ айтқанда, отағасы оларды азық-ауқат, киім-кешек, баспанамен, ауырып қалса, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуі міндет. «Оларды жақсылап тамақтандырып, киіндіру әкенің мойнында» («Бақара» сүресі, 233-аят) деген аят осыны меңзейді. Алайда мұның бәрі адал жолмен жүзеге асуы тиіс. Себебі арам жолмен, яғни біреуді ұрып-соғып немесе алдап-сулап алған ақшаның қайыры жоқ. Жаман жолмен келген ақшаны отбасының тамағына жұмсау – өте қауіпті әрі күнәлі іс.

Адал ризықты жеп өскен бала әдепті, адамгершілігі мол, өзгенің ақысын жемейтін мұсылман болып қалыптасатыны сөзсіз. Керісінше, баланың бойында пайда болған әдепсіздік, қылмыстық іске бейім болу, үлкендерге құрметсіздік, жалқаулық, тез байып кетуге деген ұмтылыс, өзгенің затын оңай ұрлап кету сынды жағымсыз мінездер оның жаман жолмен келген ақшаға тамақтануымен тікелей байланысты. Жаман нәрсе жамандықтың пайда болуына тікелей әсер ететінін әсте есте шығармаған жөн.

Осы ретте айта кетер жайт, мұсылман баласы отбасын Алланың берген ризық-несібесі мөлшерінде асырауы шарт. Бай, яғни ризығы мол адам сол дәрежеде отбасын асырайды. Ал кедей, яғни ризығы аз адам да сол дәрежеде отбасына нәпақа береді. Екі дәрежедегі адам Алланың бергенінен отбасына қаражат жұмсайды. Одан артығына ұмтылу күнәға жетелейді. Алланың берген несібесінен артық нәрсені талап ету дұрыс емес. Мұны үйде отырған әйелдер жақсы түсінуі қажет. Артық қаражат табам деп шариғат тыйым салған істі жасаудың соңы өкінішті жағдайларға душар етуі әбден мүмкін. Осыған мән берген абзал. Десе де барша ғалымдар әйел, бала-шағаны жеткілікті деңгейде асырау күйеуінің мойнындағы міндет екенін кесіп айтқан. 

Расында ерінбей еңбек еткен адамның қашан да жүзі жарық болмақ. Ал өзгелердің дүние-мүлкіне қызыққан адам қор болады. Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жанымның Иесі Алланың атымен ант етейін! Қолдарыңа арқан алып, сонымен ағаш тасып күн көрулерің – артық дүние берген адамның алдында сұрамшақ атанғаннан әлдеқайда жақсырақ. Кім біледі, ол адам берер я бермес», – деген. Иә, біреуден сұрай беру адамды абыройдан жұрдай етеді. Сондықтан жастарға айтарым: мейлінше еңбектеніп, реті келсе кәсіппен айналысқан жөн.

Кейде замандастарымыз «жалақы жетпей жатыр» деген уәж айтады. Десе де бір жалақыға қарап қалмай, қосымша жұмыс көздерін қарастырып, ризық есіктерін ашуға ең бірінші өзіміз кірісуіміз керек. Ол үшін ерте тұру өте маңызды. Халқымызда «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген нақыл сөз бар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алла! Үмбетімнің ерте тұрғанына береке бер!» – деп дұға жасаған екен. Алла Тағала баршамызға адал еңбекпен табыс тауып, ризық-несібемізді мол еткей! Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №11, 2023 жыл

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру