Адам неге жалаңаш жаратылған?

15 ақпан 2021 4539 0
Оқу режимі

Терме-толғауларды еттен өткізіп, сүйекке жеткізіп жырлаған әйгілі термеші Майлықожа өлеңдерінің бірінде былай деп толғапты:

Ағаш сұлу көрінбес
Сыртында қабық болмаса,
Кілем сұлу көрінбес
Бетіне кесте оймаса,
Осындай тұспал нақылды
Есіткен халық ойласа!

Осы шумақты бір тыңдаған адам ағаштың қабығы мен кілемнің кестесін неге айтқан деп ойлауы мүмкін. Бірақ байыбына барып қараған адам бұл сөздің астарында үлкен тәрбиелік, рухани, діни, табиғи мән жатқанын аңдайды. Адамның жайын табиғатпен, қолөнерімен астастыра бейнелеген осы бір шумаққа ақиқат дініміз тұрғысынан келмекпіз. Көктем мезгілі келіп, адам баласы, әсіресе әйелзаты өз киімдеріне өзгеріс енгізе бастаған уақытында бұл зерттеудің пайдасы болар деген үміттеміз.

Ақиқат көзімен қарасақ, Алла Тағала жер бетіндегі барша ағашты қабығымен, ал мал жануарларды терісі, жүнімен, яғни дайын киіммен жаратқан. Қарап отырсақ, бұл дүниеде жалаңаш туылып, үстіне киім киетін бір ғана жаратылыс бар. Ол – адам. Ал оның өзге махлұқтар арасындағы ең көркемі, ең ардақтысы, ең ақылды, ең саналысы бола тұра, дайын киіммен жаратылмауының мәні неде деген сұрақ тууы мүмкін.

Біздіңше, мұның ең бірінші себебі адамның жер жаханға билік жүргізетін қожайын ретінде жіберілуі. Алла Тағала бүкіл табиғатты адам игілігіне жаратқан. Сондықтан мал терісін илеп кисе де, мақтадан жіп иіріп, мата жасаса да адамның өз еркінде. Ендеше, адам баласы ақыл-санасын пайдаланып, табиғаттан киім өндіреді, сол арқылы жер бетіне қожайын екенін бүкіл жаратылыстарға паш етеді.

Екіншіден, адамның жалаңаш туылуы – өте үлкен сынақ, емтихан. Кез келген адам алғашында ата-анасынан тап-таза парақтай пәк күйде туылады. Содан соң, өз аяғына тұрып, өз қолы аузына жетіп, есі кірген кезден не өз санасымен, не ата-анасының нұсқауымен үстіне киім кие бастайды. Бұл – адам табиғатының талабы. Ал балиғат жасына толған кезден бастап, ер үшін де, қыз бала үшін де бұл сынақтың мәні артады.  Себебі Алла Тағала ер адам мен әйел адамды бірі-бірінің жалаңаш денесіне қарағанда сүйіспеншілігі мен қызығушылығы қозып, жер бетінде ұрпақ көбейтуге пейілді болсын деп жаратқан. Бұл қызығушылық болмаса, ерлер әйелдерге қарамай, ұрпақтар жалғастығы тоқтар еді. Бірақ керек емес жерде осы қызығушылық оянып кетпеуі үшін Алла Тағала өз құлдарына адам көзін тартатын әурет жерлерін жабуды бұйырған. Бұл бір. Екіншіден, ұрпақ көбейтуге құмарлық сезімі ер адамға кез келген әйелден емес, өзінің ақ некелі адал жарынан ғана перзент сүюі үшін берілген.

Ал егер адамдар жалаңаш, анадан туылған қалпында көшеде жүрер болса, онда адам табиғаты мен Алла шариғатының осы ережесі бұзылар еді. Кез келген еркек кез келген әйелдің денесін көріп, құмарлығы ояна беретін болса, адам секілді емес, өзге мал-жануарлар сияқты ұрпақ көбейту үдерісі басталып кетер еді. Сондықтан екі дүниенің иесі, барша адамның жаратушысы, шексіз білім иесі Алла Тағала мүмин еркектерге де, мүмин әйелдерге де көздерін бөтенге қаратудан қатаң тыйған. Міне, осы тұрғыдан келсек, киілген киім адамды тек суықтан, қар-жаңбырдан қорғайтын  құрал ғана емес. Киімнің осы айтылғандай иләһи хикметі мен мақсаты да бар.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деді: «Жалаңаш жүруден сақтаныңыздар! Өйткені сендер табиғи қажеттеріңді өтеп немесе адал жарларыңмен бірге болған кездеріңнен өзге уақытта сендерден бір елі қалмайтын бақылаушы періште бар. Содан ұялыңдар, соны құрметтеңдер».

Ал тарихқа көз жүгіртсек, сонау алғашқы Адам атамыз бен Хауа анамыз өздерінің жалаңаш екенін сезген сәтінен бастап, денелерін жабуға кіріскен. Алла оларға киім жаратып қана қоймай, оны қалай кию керектігін де үйретті. Олай болса, Майлықожаның «ағаш қабығымен сұлу» деген ойының астарында «адам киімімен сұлу» деген пайым да жатқаны анық.

Ал енді киімді ұятпен, абыроймен байланыстыратын ғалымдар баршылық. Дінімізде ұят – иманның бір бөлігі саналады. Ұят кеткен жерде иман да ұзақ тұрмай, ол да кетеді. Қасиетті Құранда: «ең жақсы киім тақуалық киімі» деп бекер айтылмаған. Абай көп оқыған Сопы Аллаярдың айтуынша, әйелдердің тәнінде сұлулық қандай орын алса, рухында ар-намыс дәл сондай орын алады. Сондықтан ұят дегеніміз - адамның өз әурет жерлерінің ашылып қалмауын қадағалауы, шариғатымыз тыйым салған істерін біліп-білмей жасап қоюдан сақтану болса керек. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні шалбарсыз, тыр жалаңаш күйде шомылып жатқан адамды көріп қалады. Сосын артынша мінберге шығып былай дейді: «Шын мәнінде, Алла Тағала ұятты, ұяттыларды жақсы көреді. Жуынғысы келген адам жұрт көзінен жасырынсын» деді.

Сөзімізді жинақтай келе Алладан тілеріміз, үстімізден еш уақытта тақуалық киімі сыпырылып, түспесін! Қызымыз арлы, еріміз намысты, еліміз ұятты болуын жазсын!

Асылбек Әуезханұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру