АДАМ – ӨТІП БАРА ЖАТҚАН КҮНДЕР

12 наурыз 2022 6457 0
Оқу режимі

Уақыт - адамзаттың еншісіне берілген ғанибет. Әрине, тек жекелеген адамға берілетін уақыт түсінігімен айтқанда. Иә, әрбір адамның еншісіне өлшеп берілген өз уақыты бар. Өзіне бұйырылған сәттерді ғана қалай өткізу адамның ісі. Одан бөлек уақытқа жер бетіндегі ешбір мақлұқаттың үкімі жүрмейді. Керісінше, біз Жаратушының уақыт үкімімен жүрмекпіз. Тек тиесілі өмірді өнегелі өткізіп, оны пайдаланып қалу – мәре. Омар ибн Абдулазиз: «Күн мен түн сенің денеңде өз нәтижесін көрсетіп жатыр. Демек, сен де оларды ғанибет біліп, пайдаланып қал», - дейді. Сондай-ақ, уақыттың біздің ырқымызбен жүрмейтіні белгілі.  Уақытты адамға берілген мүмкіндік десек те болғандай. Оның әр сәті біздің атқаруымыз қажет болған игі шаруаларымыз бен жасайтын амалдарымыздың несібесі үшін берілген. Ал, керісінше болмашы нәрселерге ұлы уақытты қор ету – күпірлікпен тең саналады. Оны Ислам әлеміндегі ғұламалар да нақтылай түседі. Абдулла ибн Масуд (р.а.) айтады: «Ешбір нәрсеге күн батып, уақытым өтіп және маған берілген мерзім қысқарып, амалым жасалмай қалған кезімдегідей өкінген жоқпын».

Сахабалардың бірі Александрия қаласының алынуы жайлы хабарды хазіреті Омарға (р.а.) жеткізу үшін бар күшін жұмсап Мединаға келеді. Ол түскі ұйқы (кайлула) уақытында келгені үшін хазіреті Омарды (р.а.) да тынығып жатқан шығар деп мешітке келеді. Сөйтсе, ол кісі де сонда екен. Хазіреті Омар оған қарата: «Егер күндізде де дем алсам, халықтың ақысын жіберем. Ал, түнде ұйықтасам, Алла тағалланың ақысын жіберем. Осы екі хақтың ортасында қалай ұйықтап дем алам?», - деп айтыпты.  

Ал, Әбу Сүлеймен Дарани: «Адам өмірінің қалған бөлігіне емес, керісінше, құлшылықсыз өткен өмірі үшін жылағанда еді. Бұл оның өліміне дейін жалғасқан болар еді. Қызық, адамзат өз ғұмырының надандықпен кешкен бөлігіне зер салса, қалғанын қалай күтпек?», - деп айтып кеткен.

Барлық жерде уақыттың есебі жүреді. Оның біздің өміріміздегі ең маңызды бөлік екендігі күнделікті өмірден-ақ көрініп тұрады.  Таңертең жұмысқа кешігуден бастап, алыстағы туған-туыстың хабарласып халін білуге жетпейтін сол уақыт. Өткен жылдарымызды тізбектесек, оның да жөні бір бөлек. Хасан әл-Басри ﴾р.а.) айтады: «Ей, адам баласы, сен өтіп бара жатқан күндерден тұрасың. Сен үшін бір күннің өтуі бір бөлшегіңнің ажыралуы іспетті». Ал, ойшылдардың бірі айтқандай: «Уақыт ол өмір. Ал, адамзаттың өмірі оның туылып, өмірден өтетін сәтіне дейінгі тіршілігі».

Ибн әл-Қайим: «Асылы, адамзаттың уақыты оның өмірі. Уақыт бұлт сияқты өтіп кетеді. Кімнің уақыты Алла үшін және Алламен бірге болса, уақыт оның тіршілігі мен өмірі. Әйтпесе адамзат тіршілігі есеп емес. Кісі өз заманы мен уақытының қадірін білуі, тіпті бір сәтін де босқа өткізбеуі және сәйкесінше ең абзал сөз бен шаруа атқаруы лазым. Әрдайым ниеті жақсылыққа бағытталуы және орындаған амалдарында немқурайлы болмауы қажет», - дейді. Сондықтан өмір мен уақыт екеуін бөліп қарастыру мүмкін емес. Бар мәселенің ұшы уақытпен келіп түйіседі.

Алла Тағаланың бізге берген нығметтерінің бірі сол уақыт екендігі де күмәнсіз. Кейде «бізге берілген сол нығметтің қадірін жіті түсініп, әрбір сәтімізді үнемді пайдалана білсек қой» деген ой санадан өтеді. Әйтпесе, ол ешкімге аялдамайды. Белгіленген уақыты жетіп, кешіккен жолаушыны күтпей жүріп кететін пойызды кіналай алмаймыз ғой. Уақытында келмеген өзіміз себепкерміз. Әр сәтті саналы түрде мәнді ете алсақ қана мақсаттың орындалғаны. Арифиндер (Алланың мағрифатына қол жеткізгендер) жеткізеді: «Егер өлім періштесі пендеге көрініп: «Бір сағаттық өмірің қалды. Оны бір сәтке де ұзарта алмайсың», десе, пенде өкінішпен сондай күй кешеді, сол қалған бір сағатты тәубеге толы, қателері түзетілген басқа бір сағатқа айырбастау үшін барын, күллі дүние соныкі болса, оларды сарп еткен болар еді». Хафиз Ибн Хәжар: «Денсаулығы мен бос уақытын Алла жолында пайдаланған адам бақытты. Ал, керісінше, күпірлікке жұмсаған кісі зиянкес», деп айтады.

Сол секілді Хазрет Бахауддин Нақышбанд: «Кім уақытын зая кетірсе, уақыт оның дұшпанына айналады. Олай болса, әр сәтіңіздің зая болуына жол бермеңіз және абайлаңыз». Айта берсек, уақыттың құны туралы тағылымы мол сөздерді көп кездестіреміз. Хакімдердің бірі: «Кім күнін босқа өткізсе, бір игі іс не болмаса адамдарға жақсы сөзбен мәміле көрсетпеген болса немесе өнер-білім үйренбеген болса, ол күніне зәбір, өзіне зұлымдық жасапты», - деп баяндайды.

Уақыттың тағы бір қасиеті ол өте қысқа. Істеген ісіміз ғана көрініс таппаса, ол көп жылдарды қонышына жасырып кете барды. Егер 70 жастағы қарттан сұрасаңыз, ол өз өмірінің судай ағып өте шыққанын, сол 70 жылдың жеті күндей өтіп кете салғанын айтқан болар еді. Тіпті тоғыз жүз елу жыл өмір сүрген Нұх пайғамбардың (ғ.с.) құзырына Әзрейіл періште келіп: «Ей, ұзақ өмір сүруші пайғамбар, тіршілік туралы қандай пікірдесің?», - деп сұрағанда, «Мен үшін бұл өмір екі есігі бар аулаға ұқсайды. Біріншісінен кіріп, екіншісінен шығып бара жатырмын», - деген екен. Бұл жерде Нұх пайғамбар үшін 950 жылдың өзі бас аяғы қысқа аула секілді болып қана тұр.

Абдулла әл-Ансари өзінің «Тухфатуль-мулук» шығармасында әрбір мәселені төрт түсінікпен сипаттаған. Яғни, төрт нәрсені ешқашан кері қайтаруға болмайтындығы туралы былай дейді:  айтылған сөз, атылған оқ, өткен өмір мен тағдырдың жазмышы. Хакім Абай да:

«Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас, бұлдыр заман», - деп уақыттың кері қайтпас ұғым екенін сипаттайды. Олай болғанда, Алла тағала әр сәтіміздің қадірін түсініп, оны желге ұшырмай, тек пайдаға жаратуды нәсіп етсін!

Құлмахан Салыбек

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру