АДАМНЫҢ ТАНУ ҚУАТТАРЫ

24 қараша 2023 2028 0
Оқу режимі

Пенде адам мен әлемді үш бағытпен таниды екен:

Бірінші, ой арқылы тану. Қиялдау күші.

Екінші, заттық бейнеде. Анық.

Үшінші, білімі мен танымы арқылы. Құпия болмыс.

Адам бір бейнені көріп, оны кейін көзін жұмып ойласа, ол бейне көз алдында тұрғандай елестетеді. Бірақ, көзін ашып қараған уақытта қиялындағы бейне мен көз алдындағы адам бейнелерінің арасында айырмашылықтың бар екенін түсінеді. Бұл айырмашылық екі бейненің арасындағы қарама-қарсылықтан емес, анықтық пен айқындықтың ерекшелігі. Себебі көзді ашқан кезде қиялдағы бейненің анықтығы арта түседі. Анық көру дегеніміз – көру қабілетінің жоғарғы шегі.

БҰЛ АДАМНЫҢ ОЙЫ МЕН ҚИЯЛЫНЫҢ, СЫРТҚЫ СЕЗІМ МҮШЕСІ КӨЗІНІҢ ШЕҢБЕРІНЕ СИЯТЫН НӘРСЕЛЕР.

Ал енді пішіні жоқ құндылықты қалай елестетесің? Қалай ойлайсың? Қалай көресің? Оған қалай махаббатың оянады? Сен оны көрмейсің ғой. Мұны білім мен таным деп атайды.

Бәрі адамның ішкі болмысында, ақылы мен рухында қайнап жатқан нәрсе. Мұнда ақылың қайран қалып таңқалмай, рухы, жүрегі елең етпей сезіну жоқ. Бұл «тану қуатында» – көрмейсің, тек сезінесің. Бұл нәрсе сезіндіре жүрегіңді махаббатқа бөлей отырып, ақылыңды таңқалдырса, сен ол болмысты (адамды, әлемді) «танисың». Ал адам таныған нәрсесін сүйер (Ғазали, Абай, Фараби ілімі).

Адамның бұл үш «тану қуаты».

Ой, көз, сезіну.

Егер адам баласының үш тану қуатының біреуіне нұқсан келсе, адамның таныған нәрсесіне махаббаты азаяды екен.

Елесіне жаман жағынан елес келсе, көзіне жексұрын болып көрінсе, ақылы таңданбай, рухына сезім ұялатпаса, адам мен әлемді тану қуаты азайып, әлсіреп, құрып тынбақ.

АДАМНЫҢ ЕҢ ҚИЫН ӘРІ ЕҢ ҚҰПИЯ ЖАРАТЫЛЫС ЕКЕНІН ОСЫДАН АҢҒАРУҒА БОЛАДЫ. АЛЛАНЫҢ ҚҰРАНЫНДА АДАМДЫ ЕҢ ЖАУЫЗ ӘРІ ЕҢ МЕЙІРІМДІ ЖАРАТЫЛЫС ДЕЙДІ.

Ежелгі антик заманының ойшылы Платон: «Адамды білемін деген, ештеңе де білмейді» деген екен.

Жарас АХАН, тарихшы

Пікірлер Кіру