АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ...
Күлтелектемей ашық айтар болсақ, бүгінгі көзқарас бойынша адамзаттың бәрін сүю әсте мүмкін емес. Рас, егер гуманизм тұрғысында сараласақ, адамзаттың бәрін сүю идеясын қабыл алуға болады. Алайда ол қабыл алу бұл түсінік мәнін толық ашпайды. Солай бола тұра гуманизм идеясы күн тәртібінен түскен емес. Бірақ ешкім де адамзаттың бәрін сүю мүмкіндігіне қол жеткізе алған жоқ. Тіпті діндәрлар да ол биікке көтеріле алмады.
Соған орай өзге дінді былай қойғанда, ең соңғы, ең таза ислам дінін ұстанған мұсылмандардың өзі өзге “кәпір” қауымға көз алартумен келді. Солай бола тұра, құдайшылығына келсек, адамзаттың бәрін сүюге тек ислам діні арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Демек оған қол жеткізе алмаған мұсылмандардың сенімінде (иманында) кінәрат бар. Болмаса біздің дін, мұсылман аман кездегі ата-бабаларымыз бүткіл адам баласын сүюдің озық үлгісін көрсете алған еді. Оған арыға бармай-ақ 1937 жылғы, соғыс жылдарындағы қуғын-сүргін кезінде қазақ даласына еріксіз жер аударылған қаншама ұлт өкілдерін біздің ата-бабамыздың өз панасына алғанынан да аңғаруға болады.
Басқаны былай қойғанда, қазақ отбасылары неміс фашистері ашқан соғыс зардабын тартып жатса да сол ұлт өкіліне төрінен орын берді. Адамзаттың бәрін сүюдің бір көрінісі осы.
Тағы бір дәйек. Қазақ халқы өмірінде көріп білмеген кәрістерге де қамқорлық танытты. Егер қазақ халқы адамзаттың бәрін сүю деңгейіне көтетерілмегенде кәрістерді қонсы қондырмас еді. Себебі, қызыл белсенділер қазақты кәріске, кәрісті қазаққа айдап салып, “Бұлар адам жейтін халық” деп үрейлерін ұшырып қойған болатын. Алайда қазақ халқы кәрістерге бәрібір қол ұшын берді. Жарты нанды бөліп жеді.
Кәріс халқының аяулы қызы Клара Хан: “Бір қазақтың қариясы бізге тауықтың жалғыз жұмыртқасын алып келген екен”, - деп өткенді көзіне жас ала еске алатын. Адамзаттың бәрін сүюдің бұдан артық қандай үлгісі болу керек?!
Өзімізге келейік. Сіз бен біз де сол ата-бабаның ұрпағымыз. Сондай-ақ жаңаша тұрпатта қалыптасқан мұсылмандармыз. Алайда өзге халықты былай қойғанда біз өзді өзімізді де ұната қоймаймыз. Жершілміз, рушылмыз. Өзге ұлт өз алдына, біз өз қандастарымыздың өзін түртпектеп отырамыз. Орайлы сәтін күтіп жүрген жең ішіне жасырылған қанжарлардың да бар екендігін жоққа шығара алмаймыз. Ал ол қанжарлар өз бауырларымыз арқасына қадалуы тиіс.
Неге бұлай? Кінәрат неде? Бұл тұрғыда хакім Абай бүй дейді:
“Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және хақ жол осы деп әділетті”.
Байыбына барсақ, біздің адамзаттың бәрін сүйетіндігіміз, Алла Тағала бізді махаббатпен жаратқан екен. Демек, адам баласынан тек махаббат қана бөлініп шығуы тиіс. Адам қай нәрсеге де тек махаббат арқылы назар салады. Сондықтан ол бүткіл жаратылысты сондай бір алау сезіммен сүйеді. Себебі бұл - Аллалық сүю. Ал Аллада алалау болмайды. Шынтуайтына келгенде, махаббатпен жаратылғандықтан ол алалау бізде де болмауы тиіс. Алайда біз…
Иә, біз өзіміздің қандай екендігімізді жоғарыда айттық. Бұл тұрғыда да хакім Абай:
“Ақырзаман жастары,
Қосылмас ешбір бастары.
Біріне бірі қастыққа,
Қойнына тыққан тастары”, - дейді.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Біз әке-шешемізді, бауырларымызды, бала-шағамызды сүйеміз. Бұл - махаббатпен жаратылғандығымыздың бір көрінісі. Енді бізге қалғаны, адамзаттың бәрін бауырым деп сүю ғана. Алайда біз өзгелерді өз бауырымызбен шендестіре алмаймыз. Шендестіре алмайтындығымыз, біз өз бауырымызды сүюге де қабілетсізбіз. Байыбына барсақ, бізге ол қабілетті беріп тұрған Аллалық махаббат. Біз сол махаббат арқылы әке-шешемізді, бауырларымызды, бала-шағамызды сүйеміз. Және де соларға бір жақсылық жасай алсақ, содан ләззат аламыз. Бұл - өмірдің мәні.
Егер біз отбасылық жақындарымызға деген Алланың бізге берген бағдарламалық махаббатын өзіміздікі ете алсақ және ол махаббатта жанымызды баурайтын ләззат барын сезіне алсақ, онда біз барша адамзатты бауырым деп сүйе аламыз. Бұл - біздің өз болмысымызбен қауышуымыз. Ал ол болмыс өзінен тек махаббат, жақсылық шығарады. Соған орай өзі де ләззатты ғұмыр кешеді. Әділетті Хақ жолы осы. Ислам да сол.
Құдияр БІЛӘЛ