ӘДЕПТІЛІК – КӨРКЕМ СИПАТ (Он бірінші күн)
28 ақпан
Он бірінші күн
ӘДЕПТІЛІК – КӨРКЕМ СИПАТ
اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Адамның сыртқы келбеті қаншалықты сұлу болғанымен, оның шынайы болмысы мен ішкі руханияты тек әдептілік арқылы ғана көрініс табады. Әдептілік – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің жиынтығы әрі рухани кемелдіктің айқын белгісі. Ол жай ғана қоғамдық ережелерді сақтау емес, ол – өзгелерге деген терең құрмет, кішіпейілділік және парасаттылық. «Әдепті дегенше, әдемі десеңші» деп халық даналығы бекер айтпаса керек. Себебі бойына ізгілікті сіңірген жанның сөзі – шипа, ісі – өнеге, ал болмысы айналасына нұр шашып тұратын көркем сипатқа ие болады. Имандылығы мол адамның бойынан табылатын әдептіліктің кейбір көріністеріне тоқталып өтейік:
Бірінші: көркем мінез
Асыл дінімізде көркем мінезді болудың маңызы өте үлкен. Әли ибн Әбу Талиб (оған Алла разы болсын): «Сәнді бұйымдар мен әдемі киім уақытша ғана көрік береді. Адамның шынайы көркі оның мінезінде. Себебі мінезі көркем кісі адамдарға да, Алла Тағалаға да сүйікті болмақ», – деген. Адамның жәннатқа кіруіне ең көп себепші болатын амал да, осы – көркем мінез. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын):
سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ : مَا أَكْثَرُ مَا يُدْخِلُ النَّاسَ الْجَنَّةَ ؟ قَالَ : تَقْوَى اللَّهِ وَحُسْنُ الْخُلُقِ
«Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың жәннатқа кіруіне ең көп себеп болатын не нәрсе?» – деп сұрағанда, Ол кісі: «Тақуалық пен көркем мінез», – деп жауап берді», – деген (имам Термизи).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:
إِنَّ الُمُؤْمِنَ ليدْرِكُ بِحُسْنِ خُلُقِهِ دَرَجَة الصَّائِمِ القَائِمِ
«Расында мүмін адам өзінің көркем мінезі арқылы (үздіксіз) ораза ұстаушы мен (түнімен) намаз оқушының дәрежесіне жетеді», – деген (имам Әбу Дәуід).
Шынайы жәннатты аңсаған адам ең алдымен өзінің мінезінің көркем болуына аса назар аударуы қажет. Кейбір адамдар «Менің мінезім өзі солай» немесе «Менің мінезім өзгермейді» деп уәж айтуы мүмкін. Алайда мінез-құлықты өзгерту мүмкін болмағанда, дін бізден оны талап етпейтін еді. Әр сөзін имандылықпен ұштастыра білген Абай атамыздың қара сөздерінің бірінде: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деген.
Екінші: дауласудан бас тарту
Дау – екі немесе одан да көп адамдардың өзара пікір қайшылығы. Дау, жанжал атаулы берекені қашырып, адамдардың арасының бүлінуіне реніш пен кектің тууына себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнфал» сүресі, 46-аятында:
وَأَطِيعُوا اللَّهَ وَرَسُولَهُ وَلَا تَنَازَعُوا فَتَفْشَلُوا وَتَذْهَبَ رِيحُكُمْ وَاصْبِرُوا إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ
«Аллаға және Елшісіне бой ұсыныңдар, өзара жанжалдаспаңдар, онда үрейленесіңдер де құттарың қашады және сабырлы болыңдар. Расында Алла, сабырлылармен бірге», – деп, мүминдерді өзара дауласудан тыйған.
Тіпті, өзінікі дұрыс болып тұрған жағдайда да, мүмін адам дауласудан бас тартуы тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَنَا زَعِيمٌ بِبَيْتٍ فِي رَبَضِ الْجَنَّةِ لِمَنْ تَرَكَ الْمِرَاءَ وَإِنْ كَانَ مُحِقًّا ، وَبِبَيْتٍ فِي وَسَطِ الْجَنَّةِ لِمَنْ تَرَكَ الْكَذِبَ وَإِنْ كَانَ مَازِحًا ، وَبِبَيْتٍ فِي أَعْلَى الْجَنَّـةِ لِمَنْ حَسُنَ خُلُقُهُ
«Мен өзінікі рас болса да тартысуды қойған кісі үшін жәннаттың ауласынан бір үй, ал әзіл болса да өтірік айтуды қойған кісі үшін жәннаттың ортасынан бір үй, ал көркем мінездіге жәннаттың ең биігінен бір үй (берілетіндігіне) кепіл боламын», – деген (имам Термизи).
Үшінші: қарапайым болу
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзаттың асыл ұстазы, Алла Тағаланың ең сүйікті құлы бола тұра, адамдардың ең кішіпейілдісі еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге отырғанда кішіпейілдігі мен қарапайымдығы себепті, сырттан келген бөтен кісі қайсы адам пайғамбар екендігін ажыратып білмейтін. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) адамдар: «Алла Елшісі үйде не істейтін еді?» – деп сұрағанда, Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Әдетте ол кісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз жанұясының қызметінде болатын. Ал егер намаздың уақыты кірсе, намазға шығып кететін еді», – деп жауап берген болатын (имам Мүслим).
Әнас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын):
إنْ كَانَتْ الأمَةُ مِنْ إمَاءِ الْمَدِينَةِ لَتَأْخُذُ بِيَدِ النَّبِيِّ فَتَنْطَلِقُ بِهِ حَيْثُ شَاءَتْ
«Расында, Мәдинаның кез келген кішкентай баласы Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолынан жетектеп, қалаған жағына алып кете алатын (яғни Пайғамбар сондай кішіпейіл, жұмсақ жан еді)», – деген (имам Бұхари).
Алла елшісінің тәрбиесін көрген сахабалары да сондай кішіпейіл әрі қарапайым еді.
Төртінші: тәкаппарлықтан ада болу
Әдепті, тәрбиелі адам қаншалықты атақ, мансап, дәрежеге жетсе де ешуақыт тәкаппарлық, менмендікке салынбайды. Жемісті талдың жемісі көбейген сайын, оның бұталары иіле түсетіндігі сияқты ол да атақ-дәрежесі өскен сайын өзін өзгелерден төмен ұстауға тырысады. Ал Алла Тағаланың берген нығметіне шүкір етпей, сол арқылы өзін өзгелерден жоғары көріп, өркөкіректікке салыну жақсы іс емес. Ахмед Иүгінеки бабамыз бұндайда: «Кішіпейілдің – абыройы асар, тәкаппардың – құты қашар», – деген.
Ібілістің де лағынетке ұшырауына оның такаппарлығы себеп болғандығы турасында Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 34-аятында:
وَإِذ قُلنَا لِلمَلَٰئِكَةِ ٱسجُدُواْ لِأدَمَ فَسَجَدُواْ إِلَّا إِبلِيسَ أَبَىٰ وَٱستَكبَرَ وَكَانَ مِنَ ٱلكَٰفِرِينَ
«Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер» дедік. Сонда олар дереу сәжде етті. Бірақ Ібіліс бас тартып, тәкаппарланып қарсы келушілерден болды», – деп айтқан.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ مَنْ كَانَ فِي قَلْبِهِ مِثْقَالُ ذَرَّةٍ مِنْ كِبْرٍ
«Жүрегінде мысқалдай тәкаппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді», – деген (имам Мүслим).
Алла Тағала қасиетті Құранның «Лұқман» сүресі, 18-аятында Лұқман Хакімнің өзінің ұлына:
وَلاَ تُصَعِّرْ خَدَّكَ لِلنَّاسِ وَلاَ تَمْشِ فِي الأَرْضِ مَرَحًا إِنَّ اللهَ لاَ يُحِبُّ كُلَّ مُخْتَالٍ فَخُورٍ
«Адамдардан жүзіңді кері бұрма әрі жер бетінде кердеңдеп жүрме. Ақиқатында, Алла әрбір өркөкіректі әрі мақтаншақты жақсы көрмейді», – деп, өсиет айтқандығын баяндаған.
Алла Тағала біздің де бойымызға көркем мінез сипатын нәсіп етсін, өзімізге және ұрпақтарымызға тәрбиелі, салиқалы болуды жазсын.
Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі