ӘКЕМДІ ЕМЕС, АТАМДЫ САБАҢЫЗ

10 ақпан 2022 4981 0
Оқу режимі

Ертеде бір патша өзін ешкім танымасын деп қарапайым киініп, ел-жұртының жағдайын білуге шығады. Халықтың әл-ауқатымен қатар рухани жағдайының да қандай екенінен хабардар болғысы келеді.

Жоламан бір кішкентай баланы кезіктіріп қалады. Екеуі амандасып, жөн сұрасқаннан-ақ баланың зеректігі байқала бастайды. Баламен әңгімелесу патшаға ұнаған болу керек, ары қарай әңгімеге тартады. Одан соң патша өзі білетін мұсылманның қырық парызынан сұрақтар қояды. Барлығына мүдірмей жауап берген балаға патша риза болып, бұларды кім үйреткенін сұрайды. Бала медреседе оқитындығын жеткізеді. Патша қалтасынан бір қалта ақша шығарып, керегіңе жаратарсың деп балаға ұсынады. Білгеніңді өзгеге де үйрете жүр деген ақылын айтуды да ұмыт қалдырмайды.

Келесі күні патша нөкерлерімен келе жатса, үлкен диірменді көреді. Онда көп жылдан бері жасы егде тартқан бір кісі істейді екен. Патша әлгі кісіден барып жұмыстың жайын сұраса, ол кісі диірмен тартудың нағыз шебері екендігін байқатады. Әрбір тартылатын бидайдың мөлшерін, уақытын дәл есептеп айтып береді. Мұнысына патша таңданыстық танытқанымен, әдеттегіше қырық парыздан сұрақ қоя жөнеледі. Әлгі адам ол сұрақтың біреуіне де жауап бере алмайды. Сонда патша ашуланып: «Диірменнің қыр-сырын білгенде, мұсылманның санаулы сұрақтарын білмегенің қалай?» - деп сол үшін әлгі кісіге дүре соғуға бұйрық береді. Сол жерде бір жас бала келіп араша түседі. Ол бала да кеше патшаның өзі дән риза болып кеткен медресе оқитын бала еді. Сонда бала айтады: «Уа, мырза! Бұл кісі менің әкем. Ол кісіге аяушылық таныта көріңіз» дейді. Аяушылық таныта алмайтынын білген бала патшаға сөзін жалғастырып былай дейді: «Мені медресеге жетектеп апарған осы әкем болатын. Ол өз міндетінен құтылды. Әкемді кезінде діни оқуға бермеген менің атам кінәлі. Атам қазір қабірде жатыр. Қабірден тұрғызып сол кісіні сабаңыз». Баланың мына сөздерінен кейін патша сабасына түскен екен.

Иә, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбірің жауаптысыңдар» деген. Сол секілді әркім өз қарамағындағы адамға жауапкершілікпен қарағаны дұрыс екен. 

Әділхан Жақсыбек

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру