АЛЛАНЫҢ СҮЙГЕН ПЕНДЕСІН АДАМДАР ДА ЖАҚСЫ КӨРЕДІ

15 шілде 2026 106 0
Оқу режимі

Суһайл ибн Әбу Салих (р.а.) былай дейді:

 «Біз Арафатта едік. Бірде қасымыздан Омар ибн Абдулазиз (р.а.) өтіп бара жатты. Ол қажылардың басшысы еді. Адамдар оны көру үшін орындарынан тұрды. Мен әкеме:

 «Әке! Алла Омар ибн Абдулазизді (р.а.) жақсы көреді екен» - дедім. Әкем маған: «Неге олай дедің?» деп сұрады. Мен:

 «Өйткені адамдардың жүрегінде оған деген махаббат бар» - дедім. Сонда әкем:

 «Аллаға ант етемін! Мен Әбу Хурайрадан (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у.) былай дегенін естідім:

 «Алла Тағала бір құлын жақсы көрсе, Жәбірейіл (а.с.) періштеге: «Мен мына құлымды жақсы көремін, сен де оны жақсы көр» - дейді.

Жәбірейіл (а.с.) ол адамды жақсы көреді. Сонда Жәбірейіл (а.с.) көкте:

«Расында, Алла Тағала мына құлын жақсы көреді, сендер де оны жақсы көріңдер!» - дейді. Сонан көктегі барлық періштелер оны жақсы көреді. Сөйтіп жер бетіндегі адамдардың жүрегіне сол адамға деген сүйіспеншілік ұялайды, адамдар оны жақсы көреді. 

Алла Тағала құлдарының бірін жек көрсе, Жәбірейілге (а.с.):

 «Мен мына құлымды жек көремін, сен де оны жек көр», – дейді. Жәбірейіл (а.с.) ол адамды жек көреді. Сонда Жәбірейіл (а.с.)

 «Расында, Алла Тағала мына құлын жек көреді, сендер де оны жек көріңдер!» - дейді. Көктегі барлық періштелер оны жек көреді. Сонда жер бетінде адамдардың жүрегінде сол адамға қарсы дұшпандық пайда болады да, бәрі оған дұшпан болады». 

Алла Тағаланың құлын жақсы көру дегені – оған жақсылық тілеп, хидаят жолын көрсетіп, көптеген нығмет беруі. Жек көру болса, ол адамға азапқа немесе бақытсыздыққа душар етуі. 

Жәбірейілге (а.с.) мен періштелер бір құлды жақсы көруі – ол адам үшін дұға мен истиғфар тілеуі. Періштелер адамды Аллаға мойынсұнғаны және разылығына ие болғаны үшін жақсы көреді.

 

Пікірлер Кіру