АҚТАЙЛАҚ ПЕН ҚАНАЙ ШЕШЕН
Ақтайлақ шешен Қанай шешеннен:
— Ер басында бақыт нешеу? Кемдік нешеу? Құлазу нешеу? — деп сұрайды.
Сонда Қарауыл Қанай шешен былай деп жауап береді:
— Ер басында бақыт — бесеу, кемдік —үшеу, құлазу — төртеу.
Астындағы атың жүрдек болса,
Жалғанның пырағы:
Алғаның жақсы болса,
Үй мен қонақтың тұрағы:
Әкең — асқар тау,
Шешең — қайнар бұлақ,
Балаң жақсы болса
Екі көздің шамшырағы.
Міне — бес бақыт осы.
— Атың шабан болса,
Жалғанның азабы;
Алғаның жаман болса,
Дүниенің тозағы;
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы.
Міне,— үш кемдік осы-
— Қалың ел көшсе,
Көл құлазиды,
Қаптаған мал кетсе,
Бел құлазиды.
Нарқын танымаған
Сөз құлазиды,
Қатарынан айрылған
Шал құлазиды.
Міне,— төрт құлазу осы.