АҚЫЛДЫ-БІЛІМДІ АДАМ БОЛУҒА ТЫРЫСАЙЫҚ!

05 қазан 2023 1974 0
Оқу режимі

Әлеуметанушылар жүргізген мына бір сауалнамаға жауап берген бір адам:

« - Сіз басқа адам болсаңыз, өзіңізбен дос болар ма едіңіз?

- Өзіммен абайлап араласар едім. 

- Өміріңізде бір нәрсені өзгеруге мүмкіндік берілсе, нені өзгертер едіңіз?

 - Адамның ниетін және ықыласын. 

 - Балаңызға бір ғана кеңес берер болсаңыз, не айтар едіңіз?

- «Аман бол, аман болсаң – адам бол, адам болсаң – адал бол» дейтін едім»,-деген екен.

Сондай-ақ  «Әке мен баланың әңгімесі» атты қысқа ғибратты әңгіме есіме түсіп отыр: Бір Әке баласының жайсыз қылықтарын көрген сайын кейіп «Әй, сен адам болмассың!» – деп ұрса беретін көрінеді. Әкесінің қайталап айта беретін әлгі сөзіне іштей ерегескен баласы бар ынтасын оқуға салып, өскенде үлкен бір ауданға әкім болуға жарапты.

Әкемнің аузына енді құм құйылар деп ойлаған баласы креслода шалқайып-шалқып отырған күйі қызметкерлеріне ауылдағы әкесін алдына алып келуді бұйырыпты. Әкімнің бір сөзін екі етпестен жіберген қызметкерлері жайбарақат бес қойын жайып жүрген шалды әй-шайға қаратпай дедектетіп қалаға ала жөнеліпті. «Әкімге апарамыз!»,-деп қорқытқанға есі шыққан қарт креслода шәнтиіп отырған өз баласын көргенде ғана жүрегі орнына түсіпті.

Аяғын бір-біріне айқастырып, алақандарын қозы қарнының үстіне салып ырс-ырс етіп дем ала алмай отырған баласы әкесіне қарап миығынан күле:

– Әке, баяғыда маған «адам болмайсың» деп ұрса беретін едің, енді ол ойыңнан еріксіз қайтқан боларсың. Адам болмайды деген ұлың анау-мынау емес, үлкен әкім болдым емес пе?! – депті.

Сонда Әкесі баласының мына қылығына тағы да күйініп:

– Әй, балам, мен саған «әкім болмайсың» деп емес, «адам болмайсың» деп ұрсатынмын. Сен әкім болсаң да, әлі адам бола алмапсың. Егер адам болсаң әкеңді дедектетіп алдыңа келтірмей, өзің іздеп келіп амандасар едің. Сыйлайтын едің. Адам болу бір басқа, әкім болу бір басқа. Мен саған сондықтан «адам болмайсың» деп ұрсатынмын. Әкім болуды адам болдым деп ұқсаң, сен әлі шикісің, балам, – деп бұрылып шығып кеткен екен.

Барлық дәуір, барлық ортада адамгершілік қағидалары бірдей.

Өмір-сенің мүмкіндігің, оны қалай пайдалануға тікелей тек өзің ғана жауаптысың, әрбір пенде жан-жақты білімді кемел адам бола алмаса да, қарапайым өмірдегі қарапайым ғана жақсы адам болуға тиіс. Ондай адам болу үшін жақсы мен жаман, адал мен арамды ақылмен ажырата біліп, жақсыға бұйырып, жаманнан тиылып жүрсең болды.

Демек, қарапайым адам бола білу дегеніміз ақылды, білімді адамның белгісі. Ақылсыз білімсіз адамдар не даңғой, босбелбеу, ынжық болады, немесе тәкаппар, кеудемсоқ, мақтаншақ болады.

Ендеше, қарапайым ғана ақылды-білімді адам болуға тырысайық!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

 

Пікірлер Кіру