АҚЫЛҒА СЫЙМАС ОЛ АЛЛА!..

10 қазан 2023 2484 0
Оқу режимі

АЛЛА ДЕГЕН СӨЗ ЖЕҢІЛ


Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа қол емес.

Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңірі үшін.

Ақылға сыймас ол Алла,
Тағрипқа тілім қысқа аһ!
Барлығына шүбәсіз,
Неге мәужүт ол қуа.

Ақыл мен хауас барлығын
Білмейдүр, жүрек сезедүр.
Мұтәкәллимин, мантиқин
Бекер босқа езедүр.
 
АЛЛАНЫҢ ӨЗІ ДЕ РАС, СӨЗІ ДЕ РАС
 
Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас.

Аманту оқымаған кісі бар ма?
Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?
Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
Оларға кез-кезімен нәби келді.
Қағида шариғаты өзгерсе де,
Тағриф Алла еш жерде өзгермеді.

Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгемес,
Әһлі кітап бүл сөзді бекер демес.
Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен
Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.

Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,
Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы.
Осыларды бұзатын және үш іс бар:
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы.

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс.

Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
Қарашы, дене біткен ретімен.
Істің басы – ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен.

Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
Хуснизән мен иманды білді ойлаған.
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.

Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Му'мин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзідүр ол,
Тә'уилін білерлік ғылымың шақ.

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз.
Пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?

Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол,
Шын илан да, таза ойла бір иманды,
Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.

Алла ішінді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мү'мин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!

ӨЛСЕ ӨЛЕР ТАБИҒАТ, АДАМ ӨЛМЕС
 
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.
 
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?
 
Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,
Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.
Міні қайда екенін біле алмассың,
Терең ойдың телміріп соңына ермей.
 
Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,
Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.
Дүниеге ынтық, мағшарға амалсыздың
Иманын түгел деуге аузым бармас.
 
СҰМ ДҮНИЕ ТОНАП ЖАТЫР, ІСІҢ БАР МА?
 
Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?
Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?
Алды – үміт, арты – өкініш алдамшы өмір,
Желігін жерге тықпас кісің бар ма?!
 
Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?
Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.
Қай қызығы татиды қу өмірдің
Татуды – араз,жақынды – жат қыларға?
 
Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.
Тілде – сүйек, ерінде – жиек бар ма,
Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін.

САҒАТТЫҢ ШЫҚЫЛДАҒЫ ЕМЕС ЕРМЕК
 
Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.
 
Сағаттың өзі ұры шықылдаған,
Өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған.
Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,
Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман.
 
Өткен өмір белгісі осы сыбдыр,
Көңілді күнде сындыр, әлде тындыр.
Ақыл анық байқаған қылығыңды,
Қу шыққансып қағасың босқа бұлдыр.
 
Күн жиылып ай болды, он екі ай жыл,
Жыл жиылып, қартайып қылғаны бұл.
Сүйенген, сенген дәурен жалған болса,
Жалғаны жоқ бір Тәңірім, кеңшілік қыл.

 

Пікірлер Кіру