Ауызбіршілік алтыннан да қымбат

07 қазан 2020 11376 0
Оқу режимі

Әрдайым ел ішіндегі береке-бірлік, ауызбіршілік ең маңызды рөлге ие. Өйткені, жер бетіндегі өзара келіспеушілік пен дүрдараздықтар белгілі бір мемлекеттің шаңырағының шайқалуына, ел іргесінің сөгілуіне әсерін тизібей қоймайтын. Шүкір, тәуілсіздікке қол жеткізіп, күні бүгінге дейін достығымыз дархан, ынтымағымыз ырысты болып отыр.

Тарих адам баласына мына шындықты анық үйретті: әділеттілік танытып, бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүретін қоғамдар әрқашан мықты болған. Олар әлемге үлгі болып, арттарынан бай мәдениеттер мен өркениеттер қалдырған. Ал, бірлік рухын орната алмаған қоғамдар, тарих сахнасынан аз уақыттың ішінде жойылып, іздері де қалмаған. Сондықтанда ата-бабамыз: Бірлігі жоқ ел тозады,

Бірлігі күшті ел озады, - деп бекерге айтпаған.

Жыл сайын бүкіл әлемнен нәсіліне, тіліне және  түр-түсіне қарамай, бес миллионға жуық мұсылмандардың бірігіп, Арафатта жиналуында үлкен мағына жатыр. Алланың бізге бұйырған әрбір бұйрықтарында ауызбіршілік, татулықты көруімізге болады. Раббымыз Құранда: «Барлығың Алланың жібінен (кітабы мен дінін) мықтап ұстаңдар. Бөлінбеңдер»[1], – дейді.

Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен сіздерге көпшілікпен бірге болуды өсиет етемін. Бөлінуден аулақ болыңыздар...» – дейді.

Сондықтан, қоғам ішінде орын алуы мүмкін бүлік пен алауыздықтың алдын алу мен тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін өзімізге қатысты кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен болмақ.

Елімізде қауіпті індеттер, ауыртпалықтар орын алып жатқан мына жағдайда үй ішінен үй тігіп, түрлі топтарға бөлініп, бүлік шығару емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануымыз қажет. Алланың біздерге нәсіп еткен тыныштығын сақтап, қолымыздағы алтынның қадірін білейік.

 Алла бірлігімізді мәңгі етсін!

Жұманазар Садырханов
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы


[1] «Әли Имран» сүресі, 103-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру