АЖАЛҒА АСЫҒУ НЕМЕСЕ ӨМІРДІ ҚИЮ ОҢАЙ МА?

09 желтоқсан 2024 422 0
Оқу режимі

Бұл мәселе қоғамның өзекті мәселесіне айналды. Дүрбелеңнің сыры неде? Мамандар, психологтар, ұстаздар, қоғам қайраткерлері, ұлт жанашырлары  тіпті дәрігерлер де түрлі пікір білдіруде. Тылсым дүниенің сырын кім ұққан? Бәлкім бізге иісі қазаққа бұған дейін беймәлім болып келген ғаламтордағы ойындар болуы да бек мүмкін. Себебі өрімдей баланың өмірден баз кешіп өмірін өлімге қиюы бұрын болмаған еді.  Қазір елімізде мұндай қайғылы оқиға тіпті жиілеп кетті.

Медея синдромы

Әлемде «Медея синдромы»  деген ұғым бар. Көне Грецияда Медея­ның күйеуіне деген қызғанышы өшпенділікке ұласып, қос бірдей ұлын өз қолымен өлтірді.  Ғасыр алмасқанда «Медея синдромы» қайталануда.

Трагедия желісі бойынша өз күйеуінің сатқындығын кешіре алмаған Медея ақыр соңында өзінің туған балаларын өлтіреді. Медея күйеуі Ясонның патшаның сұлу қызын екінші әйел етіп алмақшы болғанына қатты күйінеді. Ойлана келе Ясон үшін ең үлкен жаза оны ұрпақсыз қалдыру екенін ұғынған Медея өз балаларын өлімге қияды. «Медея» трагедиясы афина сахнасында 438 жыл қойылған еді. Бұл трагедия нағыз шынайы өмірді шебер бейнелеген туынды болуымен тарихта қалған. Себебі әйел құқығының тапталуы, кек пен ызаның қылмысқа әкеліп соғуы қазіргі қоғамда жиі орын алуда.

Елімізде үш бірдей перзентін терезеден лақтырған әйелдің оқиғасы жұрттың төбе шашын тік тұрғызса, Алматыда қос ұлын бауыздаған әкенің әрекетін айтуға ауыз бармайды. Сонда айналып келгенде мұның бәрі қоғамның асқынған дерті деуге болады.

Еске салсақ, биыл Жамбыл облысының Түймекент ауылының екі баласы өз өмірімен қош айтысты. SMARTNEWS.KZ сайтының хабарлауынша, облыстық прокуратура жасөспірімдердің өзіне қол салып қайтыс болғаны туралы желіде тараған ақпаратты растады. Бұған дейін Алматыда екі оқушы қыз тоғызыншы қабаттан құлап мерт болды.  Бұл оқиғалардың орын алуына әлеуметтік желінің әсері бар екенін мамандар жоққа шығармайды.  Тіпті әлем халқы  осы мәселеге назарға аударуда.

Мәселен, Норвегия елінде 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салғалы жатыр. Норвегиялық БАҚ-тың зерттеуі бойынша, тоғыз жастағы балалардың жартысынан көбі, он жасар балалардың 58 пайызы және он бір жастағы балалардың 72 пайызы қазірдің өзінде әлеуметтік желілерді пайдаланады. Норвегия үкіметі  қосымша шара енгізуге уәде берді. Олардың қатарында жеке дерек туралы заңға әлеуметтік желі қолданушыларының жеке дерегін өңдеуге келісім беру үшін кемінде 15 жаста болуын талап ететін өзгерту енгізу, сондай-ақ әлеуметтік желі үшін жасты тексеру жүйесін әзірлеу бар.

Елімізде әлеуметтік мәселені бақылау жайын мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова мәселе етіп көтеріп жүр.

– Соңғы күндері балаларымыздың өз-өзіне қол жұмсау фактілері қоғамның қатты алаңдау­шылығын тудыруда. Бұл жантүршігерлік қайғылы жағдайлар ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Айдың-күннің аманында желкілдеп өсіп келе жатқан өрендерімізден айырылдық.  Ал енді осы қылмысқа итермелеп отырған әлеуметтік желі мен мессенджер екенін ашық ақпарат көзінен оқудамыз. Олар санасы әлі бекімеген жеткіншектеріміздің психикасына теріс әсер ететін құралға айналды. Бірде-бір отбасы бұдан өзін сақтандыра алмайды. Мемлекет тарапынан заң деңгейінде буллинг, өзін-өзі өлтіруге мәжбүрлеу сияқты әрекетке қарсы қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бірақ қазіргі жағдай мұның жеткіліксіз екенін көрсетеді. Бірақ ең бастысы мұны мен ұстаз, ана, депутат ретінде айтамын – мемлекет пен қоғам әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әкімшілерінен таралып жатқан ақпаратқа бақылауды күшейтуін талап етуі қажет деп санаймын. Таралып жатқан заңсыз, зиянды, бүлдіршіндердің санасын улайтын жүктемеге бақылауды оқыс күшейтуды қатаң талап ету керек. Олар «меморганнан құқықтық тұрғыдан негізделген талап-арыз күтіп отырмыз» деп сылтауратпай, қауіпті контенттің таралуына жол бермеу үшін өздерінің жұмыс алгоритмін өзгертуі тиіс. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, шындап келгенде бұл әлеуметтік желілер мен мессенджерлер иелерінің қолынан келетін шаруа. Жекелеген контентке тосқауыл қоюға қол жеткізу мүмкін болмайтын болса, онда нақты заң бұзған әлеуметтік желі немесе мессенджер бұғатталуы тиіс. Барлық ата-аналар мен педагогикалық қауымдастық мені қолдайды деп ойлаймын, – деп өз пікірін ашық білдірді.

Психолог не дейді?

Осы тақырыпты жете зерттеп жүрген психолог Сымбат Әбдрахманова отбасында ата-ана мен баланың қарым-қатынасы маңызды екенін айтады.

– Жыл сайын әлемде суицид салдарынан шамамен 800 мың адам өмірден өтеді. Бұл дүние жүзінде әр 40 секунд сайын 1 адам өз-өзіне қол салады дегенді білдіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан әлемдегі суицид деңгейі ең жоғары елдердің қатарына кіреді.

2012 жылы БҰҰ балалар қорының ОШЕ/ТМД бойынша аймақтық кеңсесі, «Trans/MonEE» мәліметтері бойынша еліміздегі жастар арасындағы суицид көрсеткіші ТМД, Орталық және Шығыс Еуропа елдері арасында 2-орында болса, 2019 жылы ДДҰ мәліметі бойынша 19-орынға төмендеген. Өз-өзіне қол жұмсау салдарынан болатын өлім-жітімнің басым бөлігі 18 бен 29 жас аралығындағы жастар арасында кездеседі, бұл елдегі суицидтің жалпы санының 80 пайызын құрайды.

Ұлттық статистика агенттігінің стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі бюросының 2022 жылғы мәліметтеріне көз салсақ, ауылдық жердегі балалар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау қаладағыларға қарағанда 25 пайызға жоғары екенін аңғаруға болады.

Психологтың айтуынша, суицидтің алдын алу жобасын алғаш болып 2015 жылы енгізген Қызылорда облысын алатын болсақ, әр ауданда тек 1 психиатр бүкіл аудан халқына қызмет етеді. Бұл өз кезегінде психикалық бұзылысты дер кезінде анықтап, оларды сүйемелдеуде, халықпен алдын алу жұмыстарын жүргізуде қиындық туғызады.

– Тағы бір мәселе – отбасындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың әлсіздігі. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі өткен жылы республика бойынша 32 755 ата-ана қатысқан «Заманауи Қазақстандық ата-ана» атты зерттеу жүргізген еді. Зерттеуге сәйкес, отбасында тәрбиелік мәні өте маңызды – кешкі әңгімелесу, уақытты сапалы өткізу әдеті тек ата-аналардың 60%-ында ғана байқалып отыр. Бұл – тек бірге тамақ ішу, үйде бірге болып, әркім өз тірлігімен айналысу деген сөз емес, тек ата-ана мен баласы еш нәрсеге алаңдамастан өтетін сапалы уақыт, – дейді білікті маман.

Өмірдің мәні неге жоғалады?

Психолог Бауыржан Әреновтің айтуынша, өмірдің мәні жоғалған кезде жасөспірімдер суицидке барады.

– Суицидке итермелейтін психологиялық себеп пен әлеуметтік-экономикалық фактормен байланысын талдап көрелік. Суицид – адамның өзін әдейі өлтіруі. Адам суицидке өмірінің мәні жоғалып, ары қарай не үшін өмір сүруі керек екенін түсінбеген кезде барады. Адамның өмір сүрудің мәнін жоғалтуына әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық әсер етуі мүмкін. Бірақ бәрі адамның өмір сүрудің мәнін мүмкін емес болса да, таба алуына байланысты,  –  дейді ол.

Психологтың пікірінше, бұл кезеңде отбасында ақшаның жетіспеуі, ата-анасының ішкілікке салынуы немесе ауыр сырқатқа шалдығуы сияқты қиын жағдай жасөспірімді суицидке итермелеуі мүмкін. Мұның бәрі жасөспірімнің өтпелі кезеңнен өтуін қиындатады, суицидке ұласатын күйзеліс басталуы мүмкін. Соңында жасөспірімге тән қыз­балықпен суицидке баруы мүмкін. Мұндай сәтте оған оның ішкі дүниесі мен жүйкесінің психикалық орнықтылығы, жақындары тарапынан көрсетілетін сыртқы әлеуметтік демеу көмектеседі.

Біздің аймақтың статистикасы да көңіл көншітпейді. Биылғы жылдың өзінде өзін-өзі өлімге итергендер саны 39-ды құрайды. Оның 16-сы қала тұрғыны болса, 23-і ауыл азаматтары.  Бір айта кетерлігі, өзін-өзі құрбан қылғандар қатары ауылда көбейгенін айтып, психологтар дабыл қағып отыр.

– Ең алдымен, ауылдық жердегі халықтың психикалық денсаулыққа жеткілікті көңіл бөлмеуі мен психикалық мәселеде көмек сұрау дағдысының жоқтығы жиі кездесетінін ашық айтуымыз қажет. Бір жағынан халық арасында психологқа жүгіну «ұят», «психологтерге психикалық ауытқуы бар адамдар ғана барады» деген түсінік бар болса, екінші жағынан ауылдық жерде халықтың көбі бір-бірін танитындықтан өзгелер жеке құпиясын біліп қояды деген қорқыныш бар.

Тағы бір себеп ретінде психикалық денсаулық саласындағы мамандардың тапшылығын айтуға болады. Аудандарда психикалық бұзылыстармен тікелей жұмыс істейтін психиатр дәрігерлер саны жеткіліксіз.

Сауалнама мәліметтері көрсеткендей, ауыл жастарының 38,3%-ы өңірде бос уақытты тиімді өткізетін мекемелердің жоқтығы туралы айтқан. Сауалнамаға қатысқан жас­тардың жартысы Түркістан (52,3%), Сол­түстік Қазақстан облыстарында (51,9%) осындай мекемелердің жоқтығын атап өтсе, осыған ұқсас жағдай Қызылорда (38,9%) және Алматы облыстарында (32,2%) да байқалады. Ауыл жастарының төрттен бір бөлігінен көбі (43,5%) жергілікті қоғамдық орындардың жағдайына қанағаттанбаған – (8,9%). Расымен, ауылдық жерлерде үйірмелер, жастар баратын әдемі жерлер аз. Еліміз бойынша жастармен жұмыс істейтін жастар ресурстық орталықтары да аудан орталықтарында орналасқан. Ал жеткіншектердің бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмауы адамның қарым-қатынас дағдыларының дамымауына алып келіп, оның көңіл-күйіне әсер етері сөзсіз, – дейді психолог.

Шариғат не дейді?

Шариғатта да адам Алланың үкімімен ғана бақиға аттану керек деп анық жазылған.   Дін өкілдерінің пікірі де осы бағытта өрбиді.

– Өз-өзіне қол жұмсау Ислам дінінде ауыр күнәға жатады. Өйткені, жанды беруші де, алушы да – Алла. Сондықтан суицид жасаған адам Алла Тағаланың ісіне араласқан болады. Хадисте «Темірмен немесе басқа бір затпен өзін-өзі өлтірген адам тозақта сол затпен қайта-қайта азапталады» дейді.

Діни сенім бойынша, өзіне қол жұмсамақ былай тұрсын, өз басына өлім тілеуге де болмайды. Мұны хадисте «Ешбір мұсылман өзіне өлім тілеуші болмасын! Біле білсеңдер, мұсылманның ғұмыры ұзарған сайын сауабы көбейе береді» деп түсіндіреді.

Сондықтан басына келген қайғы-қасірет немесе қандайда бір қиындық себепті өмірді суицидпен аяқтау мұсылманның ісі емес! Керісінше, өмір сынақтардан тұратынын түсініп, жақсылыққа кенелсе шүкір етіп, жамандыққа тап болса сабыр етіп, жақсылықтан үмітін үзбей өмір сүру нағыз мұсылманның қасиеті, – дейді облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев.

Дана халқымыз «жақсы сөз жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Қазіргі ақпараттық заманда адамдар жаман хабарды таратуға даяр тұрады. Бұрын ата-бабаларымыз жаманшылықты көп таратпай, бүрке­мелеп жеткізген.  Мұның да ықпалы бар болар.

Қалай десек те, ажалға асық­қан­дар санын жасөспірімдер көбейтіп отырғаны қынжыл­тады.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 

 

Пікірлер Кіру