БАҚИЫҢ БАҚШАЛЫ БОЛСЫН!..

04 сәуір 2025 282 0
Оқу режимі

Ұлы Мәртебелінің бүгін таққа отырғанына дәл 10 жыл толды. Басындағы ақ орда, астындағы алтын тақ, қалай илесе де көне беретін қараша халқы, қалай шашса солай жететін аста-төк ен-тегін байлық пен қандай бұйрық берсе де әп-сәтте орындайтын сансыз сарбаздары, айдай ару Ханшайымы, аймаңдайлы алтын тұлымды жалғыз ұлымен де қош айтысатын күн жетті. Өйткені, бұл деген сондай жалған дүние екенін, бүгінгі қалтасындағы сабан-сабан ақша мен мал-мүлкі, алтын-күмісі бәрі артта қалып, аялаған әйелi, тәтті беріп өсірген бала-шағалары оны бір күнде үйге қондырмайтынын, енді өзінің оларға керек емес екенін, қалың қол әскері де, қаймана халқы да оған пана бола алмайтынын түсінді. Өзінің алдағы тағдыры қалай аяқталатыны беймәлім еді.

Арғы ата-бабаларынан қалған жазылмаған заң бойынша мемлекет патшасы дәл он жыл билік құрғаннан кейін оны тілесе де тілемесе де тақтан алып, арнайы кемеге отырғызып, елсіз бір аралға апарып тастайды. Бұл бұлжымас қағида. Ұлы мәртебелінің жеті, бәлкім жетпіс жеті ата- бабасы бұл заңдылықты бұзбай үн-түнсіз бағынған болатын. Енді кезек бұған да келіп отыр. Мүмкін, сол аралда бір күн де жүре алмай ит-құсқа, жабайы жыртқышқа жем болып кете барар, немесе басқаша күн көрер. Ол жақта қалай болатынын ешкім де біле алмайды. Оның иесіз аралдағы өміріне бұл патшалықтағылардың бірде біреуінің барып араласатын құқы жоқ. Өйткені бұрыннан қалыптасқан тәртіп солай.

Ұлы Мәртебелі әзірше өзінен төменірек отырған, бірер сәттен кейін мұның орнына 10 жыл мерзіммен отырып, Ұлы Мәртебелі деген атақ алатын тақ мұрагеріне тесіле қарады. Тақ мұрагері қазір 15 жаста, ал өзі Ұлы Мәртебелім атағын аларда елуді еңсеріп қалған кезі болатын.

Алтын сарайда екеуі ғана оңаша отыр еді. Қанша тесіле қараса да тақ мұрагерінің бет әлпетінен ешбір қуаныш нышанын көре алмай қайран болды. Он жыл бойы осынау Ұлы мемлекеттің бас иесі болып, оның барлық байлығын ашса алақанына, жұмса жұдырығында ұстап, қазақшалап айтсақ «алпыс күн атан болғанша, алты күн бура боп» өту әркімнің пешенесіне бұйырмайтын бақыт. Бірақ сол бақыт еншісіне тиген тақ мұрагері неге қуанбады.

Әлден уақытта енді әп-сәтте «Ұлы Мәртебелім»- аталатын тақ мұрагерінің ашу-ызаға булыққан дауысы көмейінен қарлыға шықты:

-Мен де күндердің күнінде алдыңғы патшалар секілді, мына сен секілді қиын тағдырды бастан кешпекпін бе?! Мен де алдыңғылар секілді елсіз

аралдың шөл-даласында аптап-ыстыққа зарығып, қиналып өмір сүруге үкім етілмекпін бе?!.. Жо, жоқ! Мен оған көне алмаймын! Сол үшін не істеуім керек, айтып кет Әке!

Ұлы Мәртебелі қапелемде жауап бере алмады, ұзақ ойланды. Шынында өзі патшалықтың қызығына бөленіп он жыл бойы жүрген кезінде елсіз аралда өтетін өмірі туралы ешбір ойламаған екен.

Қабағын жапқан қою қасы түнеріп кетті. Сарайда біршама уақыт үнсіздік орнады.

-Ұлым-деп патша күңірене үн қатты: - Мен дүние уысымда тұрған он жылымды еш бітпейтіндей көріп босқа өткізіппін. Бұл дүниенің шынымен жалған, опасыз екенін енді ғана түсініп отырмын. Сен секілді менде таққа отырмай тұрып ойланған болсам ғой, әттең! Енді өкінгенмен қолдан келер

қайран жоқ. Қазір ойласам, есіл уақытымды байлық пен мансаптың буына масаттанып бекер өткізіппін. Егер сен маған ұқсап елсіз аралда өмір сүруді қаламасаң, патшалық кезеңіңді тек рахатта өткізбей, өмірің мен мал-дүниеңді ақыры өзің баратын елсіз аралды гүлдендіруге арнағаның дұрыс болар еді деген ақылымды ғана айта аламын.

Ұлы Мәртебелі осыны айтты да өзін алдағы мекені елсіз аралға апаруға дайындалып тосып тұрған кемеге қарай беттеді. Тақ мұрагері үнсіз ойланып, тапжылмай отырып қалды. Иә, әкесінің айтқаны хақ еді....

Иә, осы мысалға зер салар болсақ, тақ мұрагері-өмірді жалғастыратын адамзат ұрпағы-әрбір адам өмірге өзі үшін өзі патша болып туылады. Ал, иманы мен ақылы–ата- бабадан жалғасқан, Алла Тағала нәсіп еткен Ұлы Мәртебесі. Бұл екеуі егіздер секілді бөле-жаруға келмейтін біртұтас ұғым. Ақыл жоқ жерде иманды іздеудің жөні жоқ, иман жоқ жерде ақылды да іздеудің қажеті шамалы. Демек, иман мен ақылымыз біз үшін–дана кеңесшіміз, Алла Тағаладан адамзатқа берген, басқа хайуанаттан өзгешеленетін Ұлы Мәртебесі.

Ал, кеме–табыт. Адамдардың көрер күні, тағдыры сол–бір күн болмаса бір күн өзінің тағынан түседі, яғни ғұмыры бітеді. Сол бір кемеге, яғни, табытқа салынады. Елсіз арал–біздің баратын орнымыз (көріміз). Қысқаша айтқанда, ақирет аралы. Егер біз бұл өмірде дүниелік істермен ғана шектелсек, әлгі баратын аралымыз расында елсіз-сусыз қалып, құм-даладан ғана түзілген болады. Егер, хақ жолымен жүріп, жақсы амалдарды көп істесек, әлгі елсіз аралды көркейткен боламыз. Барар орнымыз шөл-дала, тозақ азаптары емес, жәннәт бақтары болады.

«Ақиреті қайырлы болсын!», «Иманы жолдас болсын!» деп арттағыларының дұға етуінде әсілі осы нәрсе назарда тұрса керек. Өзбек ағайындардың «Бақиың бақшалы болсын!»,-деген жақсы тілегі бар. Ақирет аралын Фирдоус бақтарымен қайырлы қылуымыз-өзіміздің тірідегі амалдарымызга байланысты екен. Ендеше баршамыздың бақиымыз бақшалы болсын!

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру