Бақытты отбасында орындалуы тиіс 10 амал

12 қыркүйек 2020 4451 0
Оқу режимі

Адамның бойындағы туа біткен қасиеті сөз таластыру мен қарсы уәж айту дерті кей кейде ерлі-зайыптылардың арасында да көрініс тауып жатады. Әлбетте, нәтижесінде некеге сызат түсері хақ. Отбасылық бақыттың шырқын кетіретін осы бір түйсік пен санадан арылып, жанұяның тыныштығын сақтаудың жолын асыл дінімізден қарастыруды жөн көрдік:

1. Алладан қорқыңдар. Хазіреті Пайғамбармыздың (с.ғ.с.) кемел тәжірибесінің бірі – өзінің жарларына неке қиылар алдын тақуалықты, яғни Алладан қорқуды есіне салу болатын. Ол (с.ғ.с.) қасиетті Құраннан «Ниса» сүресінің 14-аятын, «Азхаб» сүресінің 69-аятын, «Әли Имран» сүресінің 101-аяттарын оқитын болған. Мұның себебі, ол аяттар тақуалыққа үндеуші аяттар еді. Ерлі-зайыптылар ең бірінші Аллаға жақындаулары тиіс. Осыдан соң барып, сөзсіз, бір-біріне. Отбасылық өмірлерін тақуалыққа негіздеп құрған жанұядан асқан бақытты жанұя жоқ.

2. Бір мезгілде ашуланудан сақ болыңдар. Отбасының шырқын бұзушы себептердің ең сорақысы – ашу. Бірде сахабалардың бірі Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) келіп, қандай да бір кеңес беруін өтінеді. Оның бұл өтінішіне Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Ашуыңды жеңе біл»,– деген өсиет айтады. Әрі осы өсиетін үш рет қайталайды[1].

3. Егер сөз таластыруда міндетті түрде біреуі жеңуі керек болса, жеңімпаз сіз болмай-ақ қойыңыз. Себебі, Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «...өзінікі дұрыс бола тұра, сөз таластыруды доғарған адамға Жәннаттың ортасынан үй нәсіп болады», – деген.[2]

4. Үйді от-жалын алып бара жатқандай жайт болмаса, бір-бірлеріңе дауыс көтермеңдер (яғни, қауіп төнбесе, айқайлаудың қажеті жоқ). Өз ұлына өсиет қалдырып жатып Лұқман  былай деген екен: «Жүрісіңде орташа бол да даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің дауысы».[3]

5. Егер сын айтудың кезі келіп тұрса, мұны да махаббатпен орындаңдар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Мұсылман – мұсылманның айнасы»[4].  Өте жұмсақ әрі даналықпен кеңес бере біліңдер.

6. Өткен-кеткен қателіктерді бір-біріңнің естеріңе салмаңдар. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім мұсылман бауырының айыбын жасырар болса, ол адамның айыбын Алла Тағала осы өмірде жасырғанындай, ақыретте де жасырады», – деген.[5]

7. Қажет болса, екінші жартыңыз үшін өзгелерге мән де бермеңіз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Салманның Әбу Дардаға (р.а.) әйелін жақтырмау жайлы берген кеңесін құптап: «Расында, әйелдеріңнің сендерде хақысы бар», – деген.[6]

8. Арадағы түсініспеушілікті реттеп алмай ұйқыға жатпаңдар. Әбу Бәкір (р.а.) үйінде қонақтардың болғандықтан әйелімен болған түсініспеушілікті шеше алмай ұйқыға жатпаған екен.[7]

9. Ең жоқ дегенде күніне бір рет өз сезімдеріңді білдіріп тұрыңдар. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Адамдарды қадірлемеген Алланы да қадірлемейді», – деген.[8]

10. Егер қателік жасап қойсаңыз, оны мойындап, кешірім сұрай біліңдер. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Адам баласының барлығы қателеседі, абзалы тәубе еткендері», – деген.[9]

 


[1] Мишкаат, 433-бет.
[2] Мишкаат, 412-бет.
[3] Лұқман, 19.
[4] Әбу Дәуід, 2-том, 325-бет.
[5] Мишкаат, 429-бет.
[6] Нәсаи, 2391.
[7] Бұхари, 602.
[8] Әбу Дәуід, 662-бет, Карачи.
[9] Тирмизи, 2499.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру