БЕДЕУЛІК ҚҰДАЙДЫҢ ЖАЗАСЫ МА?

25 қаңтар 2023 3861 0
Оқу режимі

Баланы жақсы көрмейтін адам жоқ шығар. Баланың риясыз күлкісін көргенде, тіпті, қабағы түнеріп жүретін, салмақты адамның жүзінен  мейірім күлкісін байқауға болады. Бізді балалардың кінәсіздігі, бір орында отырмайтын ұшқалақтығы, қарапайымдылығы мен шынайылығы таңқалдырады. 

Некелескен әр отбасы өзінің ұрпағы болғанын қалайды ғой. Жас отбасылардың ішінде  тусысқандары мен достарынан әлсін-әлсін  «жаңалық бар ма?» деген сұрақты естімейтіндері кемде-кем шығар… Алайда, бұл сұрақтың өте жағымсыз жағы бар. Кейде балалы болу әр отбасына міндет секілді көрінген бұл қоғамда қандай да бір себептермен балалы бола алмай жүрген отбасыларды сөз етіп, кемсітетіндер бар. Алайда бұл надандықтан басқа ешнәрсе де емес.

Құранда ұрпақ Алла тағаланың сыйы екендігі, мұның ерлі-зайыптылардың балалы бола алатындығына байланысты еместігі, сондай-ақ, баланың ер немесе қыз бала болуына ерлі-зайыптылардың еш ықпал ете алмайтындығы да айтылған. Алайда, бүгінде денсаулықтарына салғырт қарап, жауапкершіліктен қашып, бедеулікті «Құдайдың жазасы» деп ренжитіндер де бар.  

Бедеулікке ұшыраған әйелдің өмір бойы бала сүю мүмкіндігі болмайды деген жаңсақ пікір болмау керек. Бедеулікті емдеуге болады. Оның барлығы білікті мамандар мен бедеуліктің деңгейіне байланысты.

Бедеуліктен құтылу ниетімен емделетін бедеу әйелдердің төрттен үші бала сүю бақытына ие болады екен.  Бедеуліктен арылу ұзақтығы әр әйелде әрқалай болады. Оның бекітілген мерзімі мен берілетін 100 пайыздық кепілдігі жоқ.

Мамандарың өзі: «Бедеуліктен құтылудың ең алғашқы шарттары: үміт және сабыр. Бұл екеуінен кейінгілеріне білікті маманның кеңесі, дұрыс таңдалған ем-дом жатады» дейді.

 Репродуктолог дәрігер Салтанат Байқошқарова «Біздің халық – жайбарақат. 15 жыл, 30 жыл өтті, бала сүйе алмадым, тәуіпке бардым, тыңдамаған адамым жоқ деп,- жүре береді. Бедеуліктің 95-97 пайызы емделетінін халық білсе екен. Сенім – ұлы күш. Адамның бүкіл ағзасын  ми басқаратындықтан, адамды (миды) бірнәрсеге сендіріп, нәтиже шығаруға болады. Сондықтан, «бедеумін» деген әйел өзінің бала көтере алатынына сенсе, ми ағза жұмысын өзгертіп, оң нәтиже бере бастайды» дейді. (Әрине, әйелге ота жасалып, жатыры алынып тасталған болса, бұл мүмкін емес). 

Тіпті, ағзаның табиғи жолмен ұрықтану қабілетін қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда жасанды жолмен ұрықтандыруға жүгінуге болады. Жоғарыда есімін атап кеткен Салтанат Байқошқарова экстрокорпоральді ұрықтандыруды алғаш рет Қазақстанға енгізген маман.  

Жасанды ұрықтандыру дегеніміз – ер кісі мен әйел табиғи жолмен, өздігінен ұрықтана алмаған жағдайда әйелдің жұмыртқа клеткасы мен ер адамның ұрығын арнайы медициналық түтікшелер көмегімен біріктіріп ұрықтандыру.

Ұрық және жұмыртқа клетка ерлі-зайыптыларға тиесілі болып, жұмыртқа клетка иесі болған әйелдің жатырына енгізілуі шариғатта рұқсат етілген. Ал бөгде ер адам мен әйелдің ұрық жасушаларын біріктіруге шариғат тыйым салады.

Қасиетті Құранда: «Көктер мен жердің иелігі Аллаға ғана тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа, қыз, кімге қаласа ұл бала береді. Сондай-ақ, Ол қаласа ұл да, қыз да жұп-жұбымен береді.  Сондай-ақ, қалағанын бедеу қылады. Шүбәсіз, Ол толық білуші, аса құдіретті» делінген. («Шура» сүресі, 49-50 аяттар).

Демек, бедеулік Құдайдың жазасы болғаны ма?

Құран мен хадистерде біраз уақыт бойы балалы бола алмаған бірнеше пайғамбарлардың оқиғалары келтірілген. Олардың бірі – Ибраһим пайғамбар. Оның жұбайы Сара ұзақ уақыт бойы бала көтере алмады. Ерлі-зайыптылар үмітін үзе бастағанда Сара анамыздың құрсағына бала бітіп, қуанышқа кенелді. Алайда, ол уақытта табиғи заңдылық бойынша Сара анамыз бала көтеретін жастан асып кеткен. Бізге жеткен дерек бойынша, ол кезде Ибраһим пайғамбар 100 жаста,  ал әйелі 90 жаста болған. Сол секілді некеден кейін ұзақ уақыт бойы балалы бола алмағандардың бірі –  Закария пайғамбар.

«Сол кезде Зәкәрия Раббысына: «Уа, Раббым! Маған Өз тарапыңнан пәк әрі қайырлы ұрпақ нәсіп ете көр! Шүбәсіз, Сен дұғалардың бәрін естушісің», - деп дұға етті. Содан бір күні Зәкәрия михрабта намаз оқып тұрғанда, періштелер оған мынадай хабар әкелді: «Алла сені Яхиямен сүйіншілеуде, ол Алладан келетін бір Сөзді (яғни Исаны) растайды һәм ізгі жандардың мырзасы, (нәпсіге әсте бой алдырмайтын) асқан тақуа әрі пайғамбар болады». Сонда ол  (таңданысын жасыра алмай): (Уа, Раббым! Мен қалайша ұл сүймекпін?! Өзім қартайдым, ал жұбайым болса бедеу», - деді. Сол кезде періштелер: «Алланың жазуы солай. Ол қалағанын істейді», - деп айтты». (Әли Имран» сүресі, 38-40 аят).

Мәриямның анасы да ұзақ уақыт бойы балалы бола алмады. Бұл оны қатты жабырқатушы еді.  Тарихи оқиға бойынша ол бақта отырғанда бір құстың балапандарын тамақтандырып жатқанын көреді де, «барлық тіршілік иесінің баласы бар» деп Алладан бала сұрайды. Сондай-ақ, «егер бала берсең, оны Өз жолыңда қызмет етуге арнаймын» деп уәде береді. Осыдан кейін ол жүкті болып, әлемдегі ең әділ әйелге айналған Мәриямды дүниеге әкелді. «(Ол құрсағындағы баласын Раббысына басы бүтін атап қойғаны үшін ұл босанармын деп ойлаған еді). Сөйтіп ай-күні толып, баласын босанғанда (өзі күткендей ұл емес, қыз тапқандықтан): «Уа, Раббым! Мен қыз босандым!» - деді. Алла оның не тапқанын, әлбетте, жақсы біледі. Әрине, (ол күткен) ұл бала (біз берген) осынау қыз бала сияқты бола алмаушы еді. «Мен оның атын Мәриям деп қойдым, сондай-ақ мен оны һәм ұрпағын рақымыңнан қуылған шайтаннан сақтай көр деп, бір Өзіңе сиынамын». («Әли Имран» сүресі, 36-аят).

Көптеген ұлы адамдар ата-аналары ұзақ уақыт бойы балалы бола алмағаннан кейін дүниеге келген. Тіпті, олардың ата-анасы балалы болудан үміттерін үзген кезде дүниеге келген қаншалаған тұлғалар бар. Сондықтан мұндай көпжылдық бедеулік бұл ерлі-зайыптылардың Аллаға ұнамайтындығының белгісі емес.  Керісінше, бұл Алла Тағаланың оларға бергелі жатқан сыйы және сынағы болуы мүмкін. Егер, сіздің де балаңыз болмаса, үмітіңізді үзбеңіз, дұға жасай беріңіз. Мұның бәрі Алладан сұрауға, Оған мұқтаждығымызды білдіруге берілген мүмкіндік қой.

Қыз бала – тозақтың отына тосқауыл. 

Арабтар надандық дәуірінде қыздарына қатыгездік танытты. Өйткені олар болашақта қыз ұятқа қалдырады деп есептеді.  Сондай-ақ,  оларды кедейліктен қорқып өсіргісі келмеді. Бұл мінез-құлық Құранда қатаң айыпталады: «...Олардың бірі «қызды болдың деп сүйіншілегенде, жүзі түтігіп, іштей ашуға булығады. Содан ол өзіне жеткен хабардың (өзінің ойынша) жайсыздығынан ел-жұрттың көзіне түспеуге тырысады. Енді не істейді? Өмір бойы мұндай қорлыққа шыдап, ол бейшараны қолында ұстай ма? Жоқ әлде (тірідей) жерге көміп  тастай ма? Олар өздерінше (өз балаларын «ұл, қыз» деп алалау және Аллаға бала телу арқылы) қандай жаман үкім беруде!» («Нахыл» сүрес, 58,59).

Бұл мінез мұсылмандарға лайық емес. Пайғамбарымыздың тек қыздары болған, ал дүниеге келген екі ұлы жас күнінде шетінеп кеткен. Яғни, оның ұрпағы қыздарынан тарады. Пайғамбарымыз қыз тәрбиелеп, оған мейірімділік көрсеткен ата-ананың  көптеген сый-құрметке бөленетінін айтқан:  «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) тұрмысқа берсе, жақсылық жасаса, Алла тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» (Әбу Дәуіт, Әдеп). 

Пайғамбарымыз балаға «Алла тағаланың берген сыйы» деп қарағандықтан, ұлды артық көріп, қызды кемсітуге жол бермеген. Қоғамды қыз баланы жек көрмеуге шақырып, «Егер таңдау еркі маған берілсе, қайта қыз баланы артық санар едім» деген.

Осы орайда Айша анамыз (р.а.) тілге тиек еткен мына бір әңгіме өте мәнді. «Бірде маған бір әйел қайыр сұрай келді. Қасына ертіп алған екі қызы бар екен. Менде бары бір тал құрма еді. Әлгі әйел мен берген құрманы екі бөліп, екі қызының аузына тосты. Өзіне ештеңе қалдырмады. Олар кетіп қалғаннан кейін Пайғамбарымыз келді. Мен болған жайтты әңгімелеп бергенімде, «Кім өмірде қыздарымен сыналса, қыздарына жақсы қараған жағдайда қыздары ата-анасын тозақтан сақтайды»,– деп еді.

Бір отбасында баланың болып, бірінде болмауы Алланың қалауы, бірақ ешкімнің кінәсі емес. Сондай-ақ, бұл Алланың рақымсыздығын білдірмейді. Керісінше, балалы бола алмай жүрген отбасылар бұл сынаққа шыдап, Алладан сұрап, үміт етуін тоқтатпаса, салиқалы ұрпақ өрбуі әбден мүмкін.

Сөз соңында, табиғиннің үлкен ғалымдарының бірі Хасан әл-Басримен болған оқиғаны келтірсек дейміз. Хасан әл-Басриге бір кісі келіп, аштыққа тап болғанын және өзі үшін дұға етуін сұрады. Хасан әл-Басри оған «истиғфар (кешірім) тіле» деді. Одан кейін тағы бір кісі келіп, балалы бола алмай жүргенін, өзі үшін ізгі ұрпақ тілеуін өтінеді. Ғалым оған да «Алладан кешірім тіле» деп, Құранның мына аяттарын оқып берді: «Раббыларыңнан күнәларың үшін кешірім тілеңдер! Өйткені Ол (құлдары қанша жерден күнәға батса да тәубелеріне келген жағдайда) өте кешірімді. (Алладан кешірім тілеңдер) төбелеріңе аспаннан нөсерлетіп жаңбыр жаудырады. Сендерге дүние мен бала-шағаны молынан береді һәм сендер үшін бау-бақшалар өсіреді және өзендер ағызады»(«Нұх» сүресі, 10-12 аят).

Кешірім тілеумен қоса, Құраннан ұрпақ сұрайтын дұғалардың бірсыпырасын  ұсынамыз: 

رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا

Раббәнә хабләнә мин азуәжинә курратә аъйуниу уәжъалнә лилмуттәқинә имәмә  

«Уа, Раббымыз! Жұбайларымызды және үрім-бұтағымызды (тура жолға салып) көз қуанышымыз еткейсің! Һәм бізді тақуалықта өзгелерге имам (жетекші әрі үлгі-өнеге) қылғайсың!» («Фурқан» сүресі, 74-аят).

 

لَئِنْ آتَيْتَنَا صَالِحاً لَّنَكُونَنَّ مِنَ الشَّاكِرِينَ

Раббахумā ля'ин 'āтайтана салихан лянакунанна мина ш-шакирин

Егер бізге он екі мүшесі сау перзент берсең, ант етеміз, шүкіршілік ететін құлдарыңнан боламыз! («Әғраф» сүресі, 189-аят).

 

رَبِّ هَبْ لِي مِنَ الصَّالِحِينَ

Робби һәб ли мина әс-солихин

«Уа, Раббым! Маған ізгі жандардың бірі һәм бірегейі болатын ізгі перзент бергейсің!» («Саффат» сүресі, 100-аят).

 

Жанар Ғарифоллақызы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру