БІЛІМДІ АДАМ – БАЙ АДАМ

28 маусым 2024 1903 0
Оқу режимі

Білім – сарқылмайтын байлық

Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім», – деген екен. Бұрынғылар «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деп білімнің алмайтын қамалы жоқ екенін меңзеп кеткен. Өзге адаммен, қайсыбір елдермен терезеңіз теңесу үшін де санада білім сайрап тұру керек. Адам баласын күллі жаратылыстан екшелеп, даралап тұратын дүние – ақыл нығметі мен бойына сіңірген күллі білім-парасаты. Дініміздің әмірі бойынша әрбір ақыл иесі болған мұсылман баласына рухани һәм дүние ілімдерін меңгеруі – парыз. Құранның алғашқы «Оқы!» деген әмірмен түскен аяттың жалғасында: «Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді», – деп келеді. Бұрынғы өткен ізгілер: «Құран Кәрімнің «Оқы!» деген алғашқы бұйрығының алғашқы сұрағы да: «Оқыдың ба?» – деп сұралады», –деген екен. Хадисте: «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – делінеді. Ғұламаларымыз барлық білімді алу парыз емес, дініңе, дүниеңе пайдалы білімді алу парыз деп тұжырымдама жасаған. Біз өмір сүріп жатқан ХХІ ғасыр – ақпарат пен технологияның заманы. Ғылым күнде дамып жатқан бұл дәуірде сәт сайын біліммен байланыс құрып отыруға, ізденіс үстінде жүруге тура келеді. Өйткені адамдардың білім алу деңгейі жаңа деңгейге көтерілді. Бір білімді емес, бірнеше ғылымды меңгеруге, оны қажетінше қолдануға тура келеді. Олай болса қажетімізге жарайтын, пайдалы білім иесі болудың бірнеше қағидатына тоқталғанды жөн көрдік.       

Алдымен ниетіңді түзе

 Иә кез-келген істі жасамас бұрын әр адамның ішінде мақсаты мен таудай талабы және кіршіксіз ниеті тұрады. Адамның өз қалауымен жасаған күллі жақсы, не жаман істерінің түпкірінде өзінің ниеті көрініс береді. Бабаларымыз да «Жақсы ниет –жарым ырыс», «Адал ниет аздырмайды» деген болатын. Данышпандардың бірі былай деген екен: «Сырттай ұсақ көрінетін қаншама амал бар, бірақ ниет оны үлкейтеді. Көрінісі үлкен болған қанша амал бар, оны ниеті кішірейтеді». Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Амалдар ниетке байланысты. Расында әрбір адам ниетіне жетеді», – деп айтқан. Білімге басылған қадамнан бұрын ниеттің дұрыстығы аса маңызды. Білімсіз болудан, күллі надандықтан арылу үшін ең алдымен дұрыс ниетке бел байлай білу қажет. Жақсы ілімдерді үйреніп, туған жерге адал қызмет жасап, пайда тигізейін, еліме игілікті із қалдырайын деген мақсаттар жақсы ниетпен ұштасқаны дұрыс. Хәкім Абай да: Ғалым болмай немене, Балалықты қисаңыз?

Болмасаң да ұқсап бақ, Бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз, – деп ғылым жолына балалықты қиып, ілімді сүйіп, ниет етсе ғана ғалым болуға жол ашылатынын меңзейді. Адам не нәрсеге ниет етсе, соған ертелі-кеш табандап жетеді. Сол үшін ілім жолына бет бұрған жан ең алдымен ішкі ниетін дұрыстауы керек. Сонда сыртқы амалы нәтиже көрсетіп, іштегі ниеті алға қойған мақсаттарына жеткізеді.        

Білімнен бұрын әдеп үйрен

 Ыбырай Алтынсариннің ғибратты әңгімелерінің бірінде мынадай мысал бар. Бір жұрттың үлкен оқымысты кісісі екінші бір елдің байымен сөйлесіп тұрғанда, жанынан бір жарлы адам өтеді. Ол оқымыстыға келіп, басын иіп сәлем береді. Оқымысты басын одан да төменірек иіп сәлемдеседі. Қасындағы бай: – Тақсыр, осынша біліміңіз бар ғалымсыз. Сөйте тұрып, жарлы адамға соншалық иіліп сәлемдесуіңіздің мәні неде? – деп сұрайды. Сонда ғалым: «Ешбір ғылым-білім үйренбеген адам әдептілік көрсеткенде, не үшін мен одан әдепсіз болып көрінуім керек?» – деген екен. Хәкім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» – десе, Алаш арысы Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген. Білімнің берекесі әдеп арқылы келеді. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Әдеп білімнен жоғары», – деп бекер айтпаса керек. Имам Мәликтің мынадай сөзі бар: «Білімнен бұрын әдеп үйрену керек. Әдепсіздің білімінде қайыр жоқ». Білім үйреніп, оның нәтижесіне қол жеткізу ол адамның әдебі болуы қажет. «Білім алудың басты он әдебі бар. Білімді талап етушілер осы әдепке мойынсұнуы керек», – дейді Имам Ғазали. Ғалым сондай-ақ: «Білімді мансап, дүние және атақ үшін алмау керек. Себебі адам баласының бұл дүниедегі сапарының негізгі мақсаттарын мансап, дүние және атақ құрамайды. Бұлар – Алла Тағаланы тану жолындағы бірер көмекші құралдар ғана. Кімде-кім білімді Алла Тағаланы тану үшін үйренсе, білімінің жемісін бұл дүниеде де, ақыретте де көреді. Тек дүниелік үшін білім алса, білімі оны әдеп және амал тұрғысынан түрлі масқараға душар болуына себепкер етеді», – дейді. Өзі ғұмыр кешкен дәуірде ғалымдардың сұлтаны атанған Абдулла ибн Мүбарак: «Біз көп білімге қарағанда азғантай әдепке мұқтажбыз», – деген болатын. Білімнің қақпасы атанған хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Жоғарылағандар әдебі арқылы жоғарылаған. Төмендегендер де тек әдепті тәрк ету арқылы төмендеген», – деген үлкен ой тастайды. Ұстаз – ұлы тұлға. Ұстаздың бойындағы бүкіл жақсы қасиетті сіңіріп, әдебін үйреніп, берген білімін алып, екеуін тең ұштастырған адам өзіне де, айналасына да пайдасын беріп, ізгіліктің сәулесін шашпақ.         

 Біліммен елге пайда бер

«Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп шырыл қаққан Әлихан Бөкейхан бабамыз – қазаққа қызмет етудің, ел-жерге жанашыр болудың нақ үлгісін көрсетіп кеткен кешегі қайраткер тұлға. Біз бұдан не түсінеміз? Бар жиған білімің, пайым-парасатың мына елге пайда беретіндей өнегелі іске жалғасуы керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаладан пайдалы білім сұраңдар, пайда бермейтін білімнен Аллаға сиыныңдар», – деген екен. Сондай-ақ Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Я, Алла! Бізге пайдалы білім бер және ілімімізді арттыр», «Я, Алла! Расында, мен Сенен пайдалы білім, адал ризық-несібе әрі (Өз құзырыңда) қабыл болатын амал сұраймын», – деген дұғаның үлгілерін көрсеткен. Пайдалы білім иесінің ілімі артқан сайын да, оның ел-халқына берері де көбейеді, даналығы да артады. Біздің бабаларымыз бала шақтан білімге құштар болып, алған ілімін елмен бөлісіп, жас ұрпаққа пайда тигізуді жөн көрген. Соның бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол жастайынан мектепте сабақты ынта қойып оқыған. 1857 жылы оқуын «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығып, 1859 жылдың тамызына дейін өзінің туған елінде тілмаштық қызмет атқарды. Қалада оқып, қазақ даласына беймәлім жаңалықтардан хабардар болып, ой-өрісі кеңейген зерделі бозбаланың екі жылдай елде болуы – қазақ қоғамының жағдайын тереңірек түсініп, жаңаша сезінуіне, өзіндік ойға келуіне мүмкіндік береді. 1859 жылы Ыбырай Алтынсарин атасының жақсы танысы, сыйлас кісісі — Орынбордағы Шекаралық комиссияның төрағасы, шығыстанушы, профессор В.Григорьевпен жақын танысады. Ол Ыбырайға қамқорлықпен қарап, оған өзінің бай кітапханасын еркін пайдалануына жағдай жасайды. Ыбырай Григорьевтің кітапханасынан орыс жазушыларының шығармаларын, орыс және дүниежүзі ағартушы-педагогтерінің еңбектерін, ұлы адамдардың өмірі жайындағы кітаптарды алып, бас алмай оқыған. Өз бетімен көп ізденіп, білім қорын молайта келе, Ыбырай өзінің алдына тілмаш болуды емес, туған халқына пайдалырақ басқа бір қызмет істеуді мақсат етіп қояды. Оның ынтасы ағартушылыққа ауады. 1860 жылы Жайықтың шығысындағы қазақтар үшін төрт бастауыш мектеп ашылған кезде, Ыбырай өзі сұранып, Торғай мектебіне мұғалім болуға рұқсат алып, сонда келеді. Бірақ мектеп бірден ашыла қоймайды. Бұл аралықта Ыбырай ел ішінде мектептің пайдасын түсіндіріп, біраз баланы өз үйінде оқытады. Торғай мектебі 1864 жылы ғана ашылады. «Осы жылы қаңтардың 8-і күні көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды. Оған 14 қазақ баласы кірді. Бәрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға қойға шапқан аш қасқырдай қызу кірістім», – деп жазады ол. Пайдасыз білім алып, бүлдіргі жасау – дініміздің құп көрмейтін ісі. Пайдасыз білім – адамзаттың қас жауы. Бойға жиған білім пайдалы болса, дүниемен қатар, ақыретке де жақсылығы жетіп тұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Адам баласы дүние салған соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар – жария садақа, пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын салиқалы перзент». Кісі өзіне мақсат еткен пайдалы мамандық жолында терең де, пайдалы білім алуы қажет. Мен білемінге салынбай, оны үйрету, жеткізу, пайдасын бөлісу – ізгі де сауапты амал. Шәкірт тәрбиелеу, халыққа аянбай қызмет ету, жақсылықтың ізін жалғауға себеп бола білу – пайдалы білімнің жемісі. Қазір білім үйренемін деген адамға тетік көп, мүмкіншілік мол. Тіпті қолымыздағы ұялы телефон, оның ішіндегі қолжетімді программалар білімнің көкжиегін кеңейте түсуімізге себін тигізіп келеді. Өкінішке қарай смартфонның ішіндегі түрлі әлеуметтік желілердің алыпқашпа әңгімелеріне, болмашы ғана роликтерге алданып, алтын уақытты текке жоғалтып жатқандаймыз. Білімнен бақыт тапқан текті халықтың бүгінгі бейнесі осылай майдаланып, нәпсіқұмар істерге алданып жүргені бұл қоғамды алаңдатады. Қазір сөз қуатын заман емес, ой қуатын уақыт екенін ескергеніміз жөн. Сөз қуып, өсек теріп, кісіден кемшілік іздеу – білімділік емес, адамдықтың қасиетін жетілдіру, рухани құндылықты байыту, ғаламдық білімде бақ сынау – нағыз ілімсүйерге тән сипат.        

 Білімді адам – бай адам

«Адамның білімсіз өткерген бір күні – жай өткен бос күні» деген тәмсіл бар. Ал ағылшын ұғымында мынадай сөз бар: «Білім – ақпарат, даналық». Адам білім алуды, білімін жетілдіруді өмірінің соңына дейін тоқтатпау керек. Олай етпесе, тұрып қалған су секілді зиян береді. Алла Тағала жер мен көктегі әрбір мақұлықты жаратып қана қоймай, адам баласын ғибрат көзімен қарауға шақырады. Өйткені ешнәрсе де босқа жаратылмаған. Жаратылыстың артық, не кемі жоқ. Мұнша жаратылыстың терең сырымен танысу керек. Ол үшін білім алып, ізденіп, ақыл жүгірту қажет. Сондықтан әрбір жаратылыстың сырына терең біліммен ой жүгірту әманда қажет. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ойлану секілді қадірлі ғибадат жоқ», – дейді. Енді бір хадис шарифте: «Ойлану – ғибадаттың жартысы», – деп айтқан. Ақылды қолдану білімге жетелейді. Білім –өзіңді, айнала құбылысты, әлемнің иесі Алланы тануға алып баратын бағасы жоқ құндылық. Ең бастысы – білім елдің игілігіне, халықтың қажетіне жарайтындай болса, сол игі. Білімді адам – бай адам екенін ұмытпайық. Алла пайдалы біліммен бізді байытсын!

 

Болатбек ҰЛАСҚАНҰЛЫ


 

Пікірлер Кіру