БІР КҮНӘ ЖАСАУ – ТОЗАҚҚА ҚАРАЙ БІР ҚАДАМ ЖАҚЫНДАУ

05 шілде 2024 1418 0
Оқу режимі

Күнә дегеніміз – Алланың тыйымын бұзу немесе Оның әмірінен бас тарту дегенді білдіреді.

Мысалы, арақ ішу, құмар ойнау, өсімқорлықпен айналысу, зина жасау, өсек айту сияқты амалдардың бәрі де – Алланың тыйым салған амалдарынан. Ал құрбандық шалу, намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру сынды амалдар – Алланың пенделеріне міндет еткендері. Сонымен қатар, Алла тағала жабуды бұйырған дене мүшелерімізді жаппау сияқты амалдар Алланың әмірін тәрк ету саналады. Сауап амал істегенде, Алла пендесінің жүрегіне мейрім, махаббат, сүйіспеншілік, отанына және отбасына, дініне деген адалдық салса, күнәлі істер істеген пендесінің жүрегін қырайтып, қорқыныш, қатыгездік пен үрей салып, уайым мен қайғыдан, дұшпандық пен өтірікке бейімдеп қояды екен. Сауапты амалда да, күнәлі амалда да адам бойындағы өзгерістерді елеусіз қалдыруға болмайды. Жасаған күнәміздің нәтижесінде ғаламдағы әрбір жаратылысқа кереғар салдары мен көріністері бар. Осылардың қысқаша онына тоқталайық.

1) Жер бетінде бір күнә жасалғанда Алланың қаһары түседі. Өйткені күнә жасау дегеніміз, Аллаға қарсы шығу және Алланың әмірлеріне мойынсұнбау дегенді білдіреді. Ал бұндай іс-әрекетке барған адамдарды Алла ұнатпайды және мейрімі түспейді. «Фатиха» сүресінде «Ашуға ұшырағандардың жəне адасқандардың жолына емес» деп дұға етеміз. Яғни ашуға тиетін істерден аулақ болуды талап ету.

2) Пенде күнә жасағанда шайтан қуанады. Шайтан – адамның ашық дұшпаны. Ібілістің жалғыз қамы, міндеті – адамдарды тура жолдан тайдырып, Раббыларына қарсы шығуға мәжбүрлеу. Күнә жасаған кезде шайтанды қуантасың, өйткені сен шайтанның жолын ұстанып, Раббыңмен араңа жік саласың.

3) Күнә жасағанда тозаққа бір қадам жақындайсың. Тозақ – иман келтірмеген немесе иман келтіріп, бірақ күнәлары игі амалдарынан көп болғандар үшін жазаланатын орын. Әрбір істеген күнәміз бізді тозаққа қарай бет алуымызға негізгі себептердің бірі. Яғни, әрбір күнә тозаққа бір қадам жасау дегенді білдіреді.

4) Күнә жасағанда, жәннаттан алыстайсың. Жұмақ пен тозақ – қарама-қарсы болған мәңгілік болған екі мекен. Бұл мекеннің біріне жақындау екіншісінен ұзақтау дегенді білдіреді. Күнә жасағанда, тозаққа қарай бір қадам жақындайсыз және жәннаттан бір қадам алыстатасыз.

5) Күнә жасағанда періштелер мазасызданады. Құран Кәрімде айтылғандай, періштелер мұсылмандардың мейірімге бөленіп, жамандықтан аулақ болуы үшін Алладан дұға етеді. Бұлай болса, пенде күнә жасаған кезде періштелер ыңғайсызданады, өйткені ол мейірімінен айырылып, жамандыққа қадам басқан амалды жаза бастайды. Адамның ішімдік ішу, құмар ойнау, өсек, өтірік және зинақорлық сияқты жаман істеріне періштелердің куә болуы оларға қиындық тудырады.

 6) Күнә істегенде Алла Елшісі Мұхаммедті (с.ғ.с.) ренжітесің. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеден өткеннен кейін үмметінің істері өзіне көрсетілетінін (білдірілетіні) айтқан. Қуанышта да, қиындықта да күнә жасамау үмметіне жараспайтын әрекет.

7) Күнәлі іске барсаң, өзіңнен бұрын өмірден өткен туыстарыңның ішіндегі ізгі адамдарды ренжітіп, күйреуіне себеп боласың. Бір хадисінде Алла Елшісі: «Әлбетте, сендердің жақсы амалдарың өлгендер арасындағы туыстарыңа білдіріледі. Бұл амал жақсы болса, олар қуанышты болады. Егер күнәлі амалдардан болса: «Аллам, бізді тура жолға салғаныңдай, оларды тура жолға салмай өмірден өткізбе» дейді. (Ахмед б. Ханбел, Муснад, 12683)

8) Күнә жасағанда жүрегіңді қарайтасың. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде әрбір істеген күнәсы үшін пенденің жүрегіне бір дақ қойылып, пенде күнә жасай берген сайын жүрек қарайып, ақырында жүректің толықтай қап-қара болады, көмір сияқты болатынын білдірген. Жүректің күңгірттенуі – адамның ақыл-ойының дұрыс ойлаудан, жүрегіндегі сезімдерді дұрыс пайдаланудан алыстауын білдіреді. Күнә арбаған адам ақиқатты көре алмай, үкімі жойылып, пайдалы мен зияндыны ажырата алмай, жансыз, сезімсіз болып қалады.

9) Күнәлі істерде ағзалар өздеріне қарсы куәлік береді. Қиямет күні адамның мүшелері, өзі туралы куәлік беретіні көптеген аяттарда айтылған. Күнә жасағандардың мүшелері жасаған күнәларын бір-бірлеп айтып береді.

10) Күнә жасаған жер де өзіңе қарсы куә боласың. Құран Кәрімнің аяттарының бірінде жердің қиямет күні куәлік берілетіні айтылған. Жер күнә жасағандар туралы: «Ол маған осындай зұлымдық жасады», деп куәлік етеді. Қорытындылайтын болсақ, күнәнің зиянына қатысты тағы да көптеген нәрселерді айтуға болады. Біз бұл жерден күнә жасалғанда, Әлемдердің Раббысынан бастап, шайтан, періште, пайғамбар, туыстарымыз, жер, жүрек, дене мүшелеріміз сияқты бүкіл болмысымызға әсер ететініне тоқталғымыз келді.

Алла Елшісінің неліктен көп тәубе мен кешірімді талап еткенін жақсырақ түсінеміз. Өйткені бұл зиянды іс-әрекеттің әсерлерін жоюдың жалғыз жолы – Алладан кешірім сұрау және Оған бет бұру. Раббымыз күнәдан аулақ болуды, сол арқылы күнә тудыратын жаман іс-әрекеттерден арылуды нәсіп етсін. Бізді Өзіне бағынатын құлдарының қатарынан болуды жазсын.

 Исатай БЕРДАЛИЕВ, Астана қаласы

«Діндерді зерттеу» орталығының

теолог маманы, (PhD) доктор

 

 

Пікірлер Кіру