БҮГІНГІ ТӘҢІРШІЛДІК – БҮЛДІРГІ ТӘҢІРШІЛДІК!

10 шілде 2024 1094 0
Оқу режимі

Адам ғалейһиссаламнан бүгінге дейінгі адамзаттың өмір-тарихы ең алғаш қай кезде басталып, қалай жалғасқанын бір құдайдан басқа ешкім анық білмейді. Абайша айтқанда, «кез-кезімен нәби келген» әр дәуірдің діні – сол дәуірдің діні. Ақидасы өзгермейтін, үмбеті «Алладан басқа тәңір жоқтан» өзге сөзге ермейтін тәуһидтік таным, дұрыс діннің бәрі ақиқат ілімі, бәрі Бір Жаратушының діні болатын. Ал Алла берген ақылы сол нығметтің нақ иесін қабылдауға жетпеген жандарға қайран қаласың кейде.

Тәуелсіздік алып, асыл дініміз исламмен қайта қауышқанымыз сол еді, тәңіршілдік деген «мода» шықты. Рас бұл да – бір замандардағы арғы, тым көнедегі бабалар нанымы. Алайда, ақиқат ілімді бұрынғылар әйтеуір ат шалдырып өткендіктен емес, ақиқат болғандығы үшін қабылдасақ керек емес пе?!.. Бір Тәңірге табынған түркілер өз танымымен қабысқаннан кейін, ақылына қонған соң барып Алла дініне айқара құшақ ашқан ғой!.. Шынына келгенде, тәңіршілдіктің қазаққа тіпті қатысы шамалы, тарих куә, біздің халық – "қазақ" атанғалы мұсылман!

Әрине, Тәңіршілдікті тым көнедегі (Қазақ хандығынан әлдеқайда бұрындағы) тарихымыздың бір бөлшегі ретінде танып-білу үшін зерттеп-зерделеу айып емес те шығар. Бірақ, меніңше, уақытында өз міндетін өтеген, ал қазір елшісі емескі, еншісі көмескі, шариғаты хатталмаған, қағидат-қирағаты сақталмаған, кітабы жоқ, күмәнді тұсы көп, күні өткен наным-сенімді дін ретінде жаңғыртуға тырысу, қарадүрсін мысалмен айтқанда, «Lexusпен» зулап жүрген замандастарды қыр астында қалған ғасырдың қырқыншы жылдары шыққан «Победа» мәшинесіне немесе есек арбаға қайта мінуге шақыру сияқты әпенде әрекет, тыраш тірлік қой!

Таңғала отырып тағы бір түйгенім – «тәңіршілдікті» жалаулататындардың көбісі өзін де, өзгені де алдап жүрген, шындығында хаққа иман келтірмеген дінсіздер екені. Оның серкелерінің бірімен – «Қазақ Тәңір дініне қайта келуге тиіс» деп қол жинап, қара көбейтіп, қаралай құдай ұрған, атағынан ат үркетін ғалым ағамызбен кезінде бірге қызмет істегеніміз бар. Марқұм, обалы не керек, қазақты шын сүйетін еді. Бірақ, Аллам аясын, дауасыз атеист һәм тәубасыз тәңіршіл болып өтті өмірден. Сондай тәңіршіл ағаларымызбен, өз қатарластарымыздың біразымен таныспыз, сәлеміміз түзу, сыйласпыз, сырт сыпайымыз. Ашық алакөз ағайындарымыз да бар арасында. Қалай болғанда да, өзара ынты-шынтысыз, риясыз аралас-құралас болу қиын болып тұрғаны өтірік емес, бір өкініштісі.

Қысқасы, бүгінгі тәңіршілдік – фитнә, яғни бүлдіргі тәңіршілдік. Ар жағынан құдайсыздықтың құлағы қылтиып тұрған бұл «тәңіршілдік» – «Қазақтың өз ұлттық діні бар, басқасы керек емес» деген сыңайдағы қаса надандық пен қыңырлықтан, имансыздық пен шовинизмнің шалығынан басқа ештеңе де емес!

Пайғамбар (с.ғ.с.) «араб пен араб емес адамның бір-бірінен тақуалығынан басқа ешбір қасиетімен артықшылығы жоқ» екенін анық-қанық айтқан ғой. Өресіз болсаң, өзің өле сүйген адамыңа, ұлтыңа өлшеусіз зиян тигізуің оп-оңай, жақсы ниетпен де жамандық жасап, жік салуға болатынын ескере бермейміз-ау осы. Барша адамзатқа ортақ ақиқатты ала-бөле бөлшектеп, хақты «арабтың діні», «қазақтың діні», «шүршіттің діні» деп қидалап, қаралай қиғаш тартқан қырттықты қою керек-ақ бізге. Ол қисынға салсақ, астағфиралла, дүниеде қанша ұлт болса, сонша Құдай бар болып шықпай ма? Онсыз да бүтініміздің өзі жетпіс үш жікке бөлініп, бір Исламның төңірегінде қырық пышақ болған қазақты аяйық, бауырлар. Айдың-күннің аманында, дін-мұсылманның заманында адаспайық, ағайын!

Batyrbolat Aitbolatuly Qabosh

 

Пікірлер Кіру