БҰЛ ДҮНИЕ

11 шілде 2024 1400 0
Оқу режимі

Дүние негізі жаман нәрсе емес: Оның көптеген хикметтері бар. Дүние өмірін Алла разы болмайтын нәрселермен, шайтанға мойынсұнумен және нәпсі қалауымен өткеру аянышты жағдай. Алла тағала Хадид сүресінің 20-аятында дүние тіршілігін былай сипаттайды: 

1- «Біліңдер, шын мәнінде дүние тіршілігі бір ойын». Ойын – баланың тірлігі. Ойын ойнаған бала шаршайды. Бірақ, бұл шаршаудың пайдасы жоқ.

2- «Дүние өмірі – ермек». Көңіл көтеру де жастардың айналысатын ісі. Көбіне пайдасыз ермек, ойын-сауықтың артынан өкініш қана қалады. Өйткені, ақылды адам ойын-сауық біткен соң дүние-мүлкінің таусылғанын, өмірінің босқа өткенін көреді, бірақ нәпсінің бұларға деген құштарлығы одан сайын арта түседі, осылайша зиянға ұшырайды.

3- «Дүние өмірі – сән». Сәндеуден мақсат – ұсқынсыз нәрсені әдемі етіп көрсету және кемістігін жасыру. Ал, бұлардың барлығы өткінші. Сондықтан дүние үшін ғана еңбек етпей, ақыретке де бет бұру керек.

4- «Дүние өмірі - өзара мақтанысу». Бұл мақтаныш текте, күш-қуат пен байлықта болады. Дегенмен, бұлардың барлығы пәни.

5- «Дүние өмірі – мал-дүние көбейту жарысы». Ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Адам мал-дүниені арам жолмен табады, сол байлығымен Алланың әулие құлдарына мақтанады және байлығын Алла разы болмайтын жерлерге жұмсайды. Бұлар бірінің үстіне бірі үйілген зұлмат іспетті». 

Дүниедегі әрбір адам осы бес топтың біріне енетіні сөзсіз. Ондай болса, ақыреттік амалдарды жасауға асығу керек. 

Пікірлер Кіру