БҮЛІК ҚАЛАЙ ШЫҒАДЫ?

25 сәуір 2024 2038 0
Оқу режимі

Ерте заманда бір дәулетті бай адам құл сататын базарды аралап келе жатып, аса сымбатты, бұлшық еттері шиыршық атқан, сом денелі құлға көзі түседі. Сатып тұрған адамға келіп, құлдың бағасын сұрайды. Онша қымбат емес екен. Сатушы айтады: «мен мұсылман адаммын, сататын заттың айыбын жасырып қалу бізге күнә саналады. Мына құл өзіңіз көріп тұрғандай аса қуатты, күніне он адамның жұмысын жалғыз атқарады, ақысына жалғыз адамның тамағын жейді. Бір ғана айыбы бар, бүлікші, фитна ұйымдастырудың қас шебері, егер осы мінінен қорықпасаңыз алыңыз» дейді.

Дәулетті адам ойланады: «Қанша бүлікші болса да жалғыз адамның қолынан не келе қояр дейсіз, оның бер жағында, әулетім берік, бәрі сүннет жолын қатты ұстанғандар, бұған алдыра қоймас...» деп, көрікті құлды сатып алады. Үйіне алып келіп, жұмысқа салады. Құл атса айтқандай, еңбекқор екен, жұмысты жапырып істейді, бау-бақшаны гүлге бөлейді, ауылды айналдыра тоған қазып су келтіреді, малды бағады, отты жағады...

Ара да бірнеше жыл өткен соң әулеттің ахуалын әбден біліп алған құл бүлікті бастайды. Иесінің аса көректі, ибалы да иманды жас әйелі бар екен. Бірақ араларында бала жоқ. Бай бірнеше күнге сапарға аттанды. Осы кезді пайдалынып, құл келіп жас әйелге айтады: «Ханым, байекең басқа әйел іздеп кетті, сізді тастап жас тоқал алмақшы, оны менен басқа ешкім білмейді» деп көлгірсиді. Жас әйел, бұл қалай болды деп, қапаланып жатып қалады. Құл қайта келеді: «Ханым, бұдан шығатын жол бар, сіз маған сеніңіз, мен сиқыр оқуын игерген жанмын, бүгін кешке күйеуіңіз келеді, сіз ол ұйықтағанда қасына білдірмей барып, үш тал сақалын кесіп алып маған беріңіз, мен дем салып, сізден кетпейтін етпейін» дейді. Күйеуін қатты жақсы көретін әйел бұған көне кетеді.

Ертеңінде бай келеді сапардан. Құл алдынан шығып, жатып кеп еңірейді: «Байекем-ай, қайран байекем, сен жоқта әйелің бір жігітпен көңіл қосты, олар сенің көзіңді жоюға серттесті. Бүгін түнде ұйықтаған болып сақ жатыңыз, әйеліңіз пышақпен сізді бауыздауға келеді» дейді. Бай сенер-сенбесін білмей, аңтарылып қалады да, не болса да, байқап көрейін деп, кеш батқан соң төсегіне қисаяды. Ұйықтаған болып қараңғыда бақылап жатады. Қараса, әйелі қолында өткір кездегі бар, кіріп келеді. Пышағын жалаңдатып, тура тартады. Бай, «қап, бәле-ай» деп атып тұрып, әйелдің қолындағы пышақты жұлып алып, жалма-жан оның өзін бауыздап жібереді.

Осылай бүлік басталады. Әлгі сүннетті берік ұстайтын әулеттің шырқы бұзылады. Күнде бүлік, күнде өлім. Ақыры 80 адам осы бүліктің салдарынан қазаға ұшырайды. Бүлікті кім ұйымдастырып жүргенін ешкім де білмейді. Осындай елде бүлік шығып, адамдар бірін-бірі өлтіріп жатқаны жайлы хабар жан-жаққа тарайды. Сонда барып бүлікші құлды сатқан адам пәленің қайдан шығып жатқанын сезеді де, алыстан әдейілеп келіп, бүлікші құлды өлтіреді.

Халықты жинап алып: «сендердің береке-бірліктеріңді бұзған, 80 адамның өліміне себепкер болған мынау адам» дейді. Сонда барып халық есін жиған екен.

 Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Пікірлер Кіру