БҰҚАР ЖЫРАУ ТАҒЫЛЫМЫ

23 қараша 2023 2464 0
Оқу режимі

Атақты  Бұқар жыраудың «Бірінші тілек тілеңіз…» деп басталып, он бір тілек тілейтін кең тараған жыры бар. Осы жырлардан біз не ұғамыз. Мысалы:

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа… – дейді. Бұл сөз білген адамға Құранның тұтас бөлігі. Жырау Алланы жалғыз деп таны деп тұр. Яғни, діннің тілімен айтқанда – таухид. Егер адам осы таухид түсінігінен ауытқыса, барлық ғұмыры оған еш  пайда бермейді және істеген ісі ахиретте де қажетіне жарамайды. Құранда таухиді бұзылған адамдар жайлы: «Расында саған да, сенен бұрынғыларға да: «Егер Аллаға ортақ қоссаң әлбетте ғамалың жойылып кетеді де анық зиянға ұшыраушылардан боласың» деп уахи етілді» делінген. («Зүмәр» сүресі, 65-аят). Құранда амалдардың жойылуын «хабато» дейді. Қазақша тілдік мағынасында, «артық жем жеп, күпті болып ісініп жарылған мал» дегенге жақын. Яғни, Аллаға серік қосқан адам – күбініп арам өлген мал тәрізді, жақсылығы  ескерілмейді, сауабында салмақ жоқ. Демек Құран түсінігінде Аллаға ортақ қосу ең үлкен зұлымдық. Алланы бірлеу бүкіл жақсылықтың бастауы.

Барлық пайғамбарлар Алланың бар екенін айту үшін келмеген, құлшылықта және  сипаттарында  Оны бірлеу үшін келген. Абу Сағид Құдриден жеткізілген хадисте пайғамбарымыз  Мұхаммед (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні бір дауыстаушы: әр үмметке өзінің дүниеде табынған нәрселерінің соңынан ілесуді бұйырады. (Яғни біреу күнге немесе жұлдызға,  пұтқа, жынға, аруаққа, адамға (мысалы Ферғауынға) сыйынған болса). Осыдан соң Алладан басқаға сыйынғандар, өз сыйынғандарымен бірге тозаққа түсіп, есеп алаңында ешбірі қалмайды...» дегені бізге жеткен. Хадиске терең ой салып көрсеңіз Аллаға деген сенімге атүсті қарауға болмайтындығын байқайсың. Яғни бұл дүниеде сенімін былғап алданғандар, ақыретте де алданады. Өздерінің жалған сенімдерімен пұт-сұтымен  топырлата тозаққа тасталады. Өйткені, олар жер бетіндегі жамандықтың ең үлкені Аллаға ортақ қосқан еді. Осыны білген Бұқар бабамыз  әуелі бір «Аллаға жазбасты»  (ортақ қосып қоймауды) тілге тиек қылып отыр.

Екінші тілек тілеңіз

Әзәзіл пасық залымның

Тіліне еріп азбасқа… – дейді. Әзәзіл пасық кім? Ол жын-шайтан. Бұлар адамзаттан шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, жаны денесінен шығып, Аллаға қайтқанға шейін әрбір адамның қыр соңынан қалмай жамандыққа азғырады. Тіпті өлім сәтінде жатқан кісінің өзін, күнаһар, имансыз қылып өткізу үшін барын салып бағады. Мысалы, өлген ата-бабасы болып көрініп, маған менің аруағыма сыйын деген сияқты. Бірақ Аллаға шынайы құлшылық қылғандарға әзәзіл зәредей зиян тигізе алмайды. Кімде-кім шайтанның азғыруына түсіп, оны өзіне пір тұтқан болса, қиямет күні нағыз алданған сормаңдайға айналады. Қиямет күні әркім өзінің сыйынғанымен дауласады.

Бұқар бабамыздың осы екінші тілегі – Құрандағы «Нас» сүресінің тәпсіріне ұқсайды. «Нас» сүресінде Алла құлдарына азғыратын шайтаннан пана сұрауды үйреткен. Жырау бабамыз ей, ұрпақтарым, жар астында тұрған жауыз шайтаннан сақ болыңдар. Олар сендердің имандарыңды ұрлап, күнаға ұрыңдырмасы. Әсіресе күнаға шақырар адамның сайтанынан абай болыңдар. Олардан өздеріңді Құран мен сүннет арқылы қорғана беріңдер, деп тұр.

Үшінші тілек тілеңіз

Үшкіліксіз көйлек кимеске… – дейді. Жеңі жоқ үшкіл көйлекті тек қана қаза болған өлікке ғана кигізеді. Былайша айтқанда, әрбір мұсылман баласы өз басына ешуақытта өлім тілемеуі керек. Мейлі өз басына қандай қасірет келсе де, ол оның бәрін Алланың сынағы деп төтеп беруге тиісті. Оның бәріне шыдай алмай өз-өзіне қол жұмсаса, Алла оған қатты ашуланады. Оған тозақтан орын дайындайды. Тіпті басына қасірет келгенде, оған  шыдамсыздық танытып, шағым айтқанның өзін Алла жақтырмайды. Алланың Елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын: «Ешкім басына келген қайғы-қасіретке бола өлімді тілемесін. Егер өлімді тілеуден басқа амал қалмаса, «Уа, Алла, мен үшін өмір сүру қайырлы болса, өмірімді жалғастыр. Егер өлімім қайырлы болса, жанымды ал» деп айтсын» деген. Бұқар бабамыздың осы тілегі  Пайғамбарымыз  Мұхаммад(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисімен ұштасып жатыр…

Төртінші тілек тілеңіз

Төрде төсек тартып жатпасқа… – дейді. Пайғамбарымыз  Мұхаммед(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көп адамдар қадір-қасиетін біле бермейтін екі үлкен нығмет бар, бірі -денсаулық, бірі – уақыт» деген. Себебі,  нығметтердің арасындағы осы екі нығметтің жоғалтсаң орнын ешуақытта толтыра алмайсыз. Сол үшін де мұсылман баласы осы екеуіне өте қатты мән беріп, оны дұрыс пайдаланып, қажетіне жарата білуі тиіс. Өмірінде де, намазында да, мұсылман баласының аузынан түспейтін бір дұға бар. Ол: «Раббым маған дүниенің жақсылығын бер, ақыреттің жақсылығын бер, тозақтың азабынан сақта» деген. Былайша бұл дұға адам баласының тілейтін тілегінің бәрін қамтиды. Ғұламалардан «дүниенің жақсылығы не» деп сұралғанда, олар бір ауыздан: «Алланың құлдарына сыйлаған денсаулығы»  деп жауап берген. Өйткені, денсаулық ол Алланың берген ең үлкен байлығы, оны ешкім ақшаға сатып ала алмайды. Демек дені сау адам «төрде төсек тартып жатпайды».

Бесінші тілек тілеңіз

Бес уақытта бес намаз

Біреуі қаза болмасқа… – дегені намазды себепсіз тастау иманға жасалған жойқын бір соққылардың бірі. Пайғамбарымыз  Мұхаммед(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Намаз парыз екенін біле тұрып намазды оқымай қоймаңдар! Себебі, біле тұра әдейі намаз оқымаған кісі Алланың қамқорлығынан айырылып, Пайғамбардың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шапағатынан құр қалады» деген. Жалпы  намаз иманның өзі болмаса да, оның анық көрсеткіші. Оның күшейіп, әлсіреуіне тікелей әсер етеді. Сол үшін де бір кісі келіп: “Я,Алланың Елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Исламда Алла Тағаланың ең жақсы көретін амалы қандай амал?”, деп сұраған кезде,  Ол(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Уақтылы оқылған намаз. Себебі, намаз – діннің тірегі, ал намазды тастағанның діні болмайды”, деп жауап берген.”(Имам Байһақи)

Бес намаз түгіл біреуінің өзін себепсіз қаза қылу, ақиқаттың күнінде орны толмас қайғыға жолықтырады. Өйткені, Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с бір сөзінде: «Қиямет күні пенденің амалдарынан ең әуелі есепке алынатыны – намаз. Егер намазы дұрыс болса, онда пенде қуанышқа бөленіп, игілікке қол жеткізген болады. Егер намазы дұрыс болмаса, онда опатқа ұшырап, қайғыға түседі. Егер оның парыз амалында кемшілік болса Хақ Тағала: “Оның нәпіл амалдары бар ма екен? Онымен парыздың кем-кетігін толтырсын”, дейді. Оның өзге амалдары да осы тәрізді есептеледі.”,- деген. ( Имам Тирмизи)

Қияметтің күнінде мұсылманның бүткіл сауабының басын бастап келетін әуелден намазы болады. Намазының көркемділігі мен молдығына қарап, оның қалған ізгіліктерінің салмағын өлшейді. Ал намазы –  ұсқынсыз, бірі бар, бірі жоқ,шұрық-тесік болса,ол  күнгі ахуалын қандай болады? Бұл жерде намаз оқымай кеткендердің жағдайын тіпті  ауызға алғымызда келіп тұрған жоқ.

Алтыншы тілек тілеңіз

Ардақтаған аяулың

Күнінде біреудің

Тегіннен-тегін олжа болмасқа… – депті. Ежелгі көшпелі елдің заңы бойынша бір елге бір ел жаугершілік жасалғанда, ер азаматтарын қырып салатын. Аман қалғандарының тұлымдысын тұл, кекілдісін құл қылатын. Ал әйелдерін соғыс олжасы ретінде ат артына мінгестіріп қатындыққа немесе күндікке алатын. Бұл намысы бар әр ер азаматтың сүйегіне басылған қорлық таңбасы болып есептелетін. Сол үшін де әрбір қазақтың ер азаматы жанын жауға қиса да, әйел затын жау қолына түсірмеу үшін барынша намысына тырысып бағатын. Қазақ халқында «Жан қимақ бар, жар қимақ жоқ» деген сөздің төркіні осында жатыр.

Осы пікірді Құран мен сүннеттің өлшемімен өлшесек, өз ұрғашысын қызғану, оларды қору, қорғау ақылға сыйымды дүние. Өйткені елдің болашағы, ұрпағы еркектен шыққанмен, әйелдің жатырында өсіп таралады. Яғни, әйелдің жатыры ол келешек ұлттың болашағы. Сол үшін де әйелі бұзылған немесе әйелдің ары тоналған  ұлттың түп тамырына балта шабылады. Ол ел ұлттық құндылықтарынан, діні мен ділінен жалпы келешегінен айырылады. Атамыз қазақ «ұлт болғысы келген қызын сақтайды, ру болғысы келген ұлын сақтайды» деп айтуы осы себептен. Сол үшін де Ислам әйелді қорғауды, сыйлауды, аялауды, сондай-ақ қызғануды бұйырады. Пайғамбарымыз  Мұхаммед(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дайус» яғни әйел  затын  қызғанбаған, қорымаған жаннатқа кірмейді» деген. Бұқар бабамыз елдің бесігін тербететін әйел затын Құран мен сүннеттің өлшеміне сәйкес қорғап, олардың қолды болмауын тілеп отырған себебі де осы.

Жетінші тілек тілеңіз

Желкілдеген ту келіп

Жер қайысқан қол келіп,

Сонан сасып тұрмасқа… – дейді. Мұсылман баласы бейбітшілікті жақсы көреді. Тыныш өмір сүріп, ешкімге себепсіз соқтықпауды ұнатады. Сол үшін де, өзіне жаудың келуін тілемейді. Алайда жау келсе, қорқақтық көрсетіп, үзірсіз ұрыстан қашпайды. Өйткені, жанды берген Алла, өзі алады. Ұрыстан қашу немесе сасу  шариғатта үлкен күналардың бірі. Муъаз бин Анас былай деген: «Бірде Алланың елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жауларды кездестіргенде, ол күн батуға таянғанша күтті, содан кейін орнынан тұрып былай деді: “Иә халайық, жаумен кездесуді қаламаңдар және Алладан барлық жамандықтан құтылуды сұраңдар. Ал егер кездесуге мәжбүр болсаңдар, онда сабыр сақтаңдар. Жәннәттың қылыштардың көлеңкесінде екенін біліңдер”. Содан соң Пайғамбар(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұға айтты: “Иә Кітапты түсірген, бұлттарды қимылға келтіретін және одақтас руларды жеңген Алла олардың күл-талқанын шығарып бізді жеңіске алып кел!”. (аль-Бухари, Муслим).

Сегізінші тілек тілеңіз

Сегіз қиыр шар тарап

Жер тұлданып тұрмасқа… – бұл өсиетте күннің ауыры, қиыны да Қиямет күні жайлы ұғым бар. Өйткені, ол күні бүкіл адамзат Алланың алдында есеп береді. Құран ол күннің қорқынышын әсерлі түрде сипаттайды. Ол күн анық болады, бірақ ол күнді қалау жақсылықтың белгісі емес. Ол күні кімнің ахуалы қалай болатынын ешкім білмейді. Керісінше ол күнге даярлықты күшейткен абзал. Күнаға тауба қылып, сауабқа ұмтылу деген сияқты…

Тоғызыншы тілек тілеңіз

Төреңіз тақтан таймасқа

Тоқсандағы қарт бабаң

Топқа жаяу бармасқа… – Бұқар бабамыз дәл осы сияқты, басқа бір сөзінде:  “Жаулаған ханын қара оңбас, хан қисайса бәрі оңбас!” деп елдің ынтымағы мен бірлігін бәрінен де жоғары қойған. Бұқардың бұлай деп ойлауы сөзсіз Пайғамбарымздың өсиетіне сүйенгендігі. Өйткені, Пайғамбарымыз с.ғ.с  басшыға қарсы шығуға қатал түрде тыйым салған. Басшыға қарсы шығып өлгендерді надандық дәуіріндегі өліммен теңестірген. Әлбетте ол жақсы өлім емес. Тіпті басшының зұлымдығы шектен шыққан күннің өзінде оған қарсы шығуға тиым салады. Хадисте:Алла Елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Расында, Менен соң басшылар қоластындағыларға тиісті болғанды иеленетін болады. Әрі сендер ұнатпаған істер атқарылады”, деді. Адамдар: “Я, Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сонда бізге не бұйырасыз?”, деп сұрағанда, Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Оларға тиістісін беріп  (яғни, міндеттеріңді дұрыс атқарып),  Алла Тағаладан өздеріңе тиістіні (яғни, әділдікті) сұраңдар”,деп жауап берді.” (Имам Бухари және Имам Муслим).

Яғни, басшыға бойұсыну  Ислам ақидасының бөлінбес бір бөлшегі. Себебі, мұсылман елінің өсіп өркендеуі ынтымақ бірлігіне тікелей байланысты. Егер елде ауызбіршілік болмай, бүлік бола бастаса оны зияны бүткіл елге тиеді. Бір басшының зұлымдығы бүліктен туынданған зардабтың қасында еш нәрсе болмай қалады. Сол үшін де Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметтің береке бірлігін бәрінен артық көріп, басшы зұлым болса да қарсы шығуды қатал түрде тиым салады. Ислам түсінігінде басшыны Алла сайлайды. Адамдар иманды, салиқалы бола бастаса, Алла оларға да адал басшы нәсіп етеді. Ал, адамдар иманы әлсіз, алдап күн көруші болса, оларды алдап өмір сүретін басшы басқарады. Яғни басшылар бағынушылардың амалдарының айнасы іспеттес. Ол туралы атамыз қазақ: «халқы соқыр болғанның басшысы қыли болады» дейді. Сол үшін де, Алла басшыға қарсы шығудан бұрын, алдымен өздеріңімізді түзетуді бұйырады. «Әй мүміндер! Сендер өздеріңді түзелтулерің керек. Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқан біреу сендерге кесір тигізе алмайды. Барлықтарыңның бара жерлерің Алла жақ. Сонда Алла сендерге не істегендеріңнен хабарын береді» дейді. Немесе басқа бір аятта: «Бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла ол қауымды өзгертпейді» дейді.

Тоқсандағы қарт бабаң

Топқа жаяу бармасқа… деген тағылымның мәні  Алланың Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір сөзінде “Жастарымызға мейірімді болмаған және үлкендерімізді сыйламаған – біздің үмметтен емес”  деп айтқан.(Имам Әбу Дауд).  Ол сөзді қазақ «Қарияны құрметтемесең  елеусіз қаласың, жастарды сыйламасаң көмусіз қаласың» деп астарлаған. Қартайған қарияны сыйламау, қадірлеп құрметтемеу күна. Бұқар бабамыздың сөзінің түп төркіні осыған тіреледі.

Оныншы тілек тілеңіз

Он ай сені көтерген

Омыртқасы үзілген

Аязды күні айналған

Бұлтты күні толғанған

Тар құрсағын кеңіткен

Тас емшегін жібіткен

Анаң бір аңырап қалмасқа… – дегені ананың ақысы, әкенің ақысынан үш есе жоғары. Өйткені, әуелі анасы белін ауыртып оны тоғыз ай он күн көтереді, сосын жаны қиналып босанады, сосын аналық мейірімін төгіп, екі жыл бойы адал ақ сүтін емізеді. Әбу Ъасым деген сахаба бірде Алланың  Елшісінен: “Я, Расулуллаһ, жақсылықты алдымен кімге істеймін?” деп сұрайды. Ол(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Анаңа!”, дейді. «Одан кейін ше?». «Анаңа». «Ал, одан кейін ше?». «Тағыда анаңа!». «Ал, одан кейін ше?». «Әкеңе жаса!» (Имам Бухари). Пайғамбарымыздың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында  бір адам ата-анасын жылаған күйде қалдырып, Нәбидің(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алдына һижрат (қоныс аудару) еткенге ант бергелі келеді. Сонда Нәби(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): “Ата-анаңды жылатқан екенсің, енді барып қуандыр (яғни, ата-анаң рұқсат берген жағдайда ғана һижрат етуің мүмкін)”,деп бұйырады. (Имам Бухари). Ендеше, сүннет жаршысы болған Бұқар бабамыздың жан болмысымен тілеп отырған дұғасы, ата-ананың, әсіресе ананың амандығы болуы осы себептен шығар

Он бірінші тілек тілеңіз

Он бармағы қыналы

Омырауы жұпарлы

Иісі жұпар аңқыған

Даусы қудай аңқыған

Назыменен күйдірген

Құлқыменен сүйдірген

Ардақтап жүрген бикешің

Жылай да жесір қалмасқа… – бұл тілектің мәні үлкен. Қарап отырсақ адам баласының бақыты қарапайым ғана қағидаларға бағынады екен. Ол отбасының татулығы, тапқан табысынның берекесі, еңбек етер құрал-сайманының қолжетімділігі. Адам бұдан артық бақыт іздейтін болса, жолынан жаңылады. Ақырет түгілі дүниесінде бақыттың не екенін білмей сормаңдай күйде бағына жете алмай өмірден өтіп кете береді. Сол үшін Ислам – бейбіт өмірді сүюді, қанағатты, рахымшылықты, адал еңбекті насихаттайды. Қазақ  қанша жаугершілікті көрсе де, ақ жаулықты аналарымыз арқылы ұлтты сақтап қалған. Ел болып, қанша қасірет көрсе де еңсесін түзеп алған. Өйткені бұл халықтың жатыры бұзылып, негізі құламаған. Жанын берсе де қазақ аналарының ары үшін барын салған.

 

 

Пікірлер Кіру