ДАЛАНЫҢ ДАРА ДІЛМӘРЛАРЫ

29 қазан 2024 415 0
Оқу режимі

Досмұрат деген кісі ашу үстінде қамшысын қаттырақ сілтеп қалса, ажал аяқ астында деген, адам өледі. Өлген адам қыпшақ еді. Арада бір қыс өткен соң 56 қыпшақ кісі келіп, Досмұраттың үйіне түседі. Ол кезде қазақтың салт- дәстүрі қатал. Жазықсыз кісі өлсе, қанға- қан, жанға -жан деп қасарысып тұрып алады. Екі жақтың биі қатар отырып дауласуға көшеді.

- Ей, Досмұрат, қыпшақта ұзында өшің, қысқада кегің бар ма еді?- деп сұрады 56 адамды бастап келген қыпшақтың биі.

- Жоқ, кегім де жоқ, өшім де жоқ- дейді Досмұрат.

- Олай сұраған себебім, кегің, өшің болса қайтарсын деп келіп едім. Ендеше неге кісі өлтіресің?

-,,Оқыс болса, быламыққа тіс сынар,,- дегендей, ашу үстінде қате тиген қамшы еді, айып- мінімді мойындап, мал- дүниемен бітіселік- дейді Досмұрат.

- Мал -дүниемен бітісе берсек, қыпшақтың далаға тастай алмай жүрген адамы жоқ. Азаматымыздың басына бас бересің, не тұрысатын жеріңді айт, не қанға қан- дейді қыпшақ биі.

Сөйтіп екі жақ келісе алмай, аға баласы еді ғой деп тобықты Мамашәріп биге кісі жібереді. Мамашәріп келеді. Мән -жайға қанған соң Досмұратқа қарап:

- Қыпшақ ағаң тоқсан баулы, көп ел екенін білесің бе? - депті.

- Білемін - депті.

- Білсең көппін деп мақтанғаны емес. Көппін деп азаматын сұраусыз, құнсыз тағы жібере алмайды. Қанша жерден көп болса да әр азаматының орны бөлек. ,,Жоғалған пышақтың сабы - алтын,,,- деген, өлген азамат құнсыз кетсе қадірінің кететіні белгілі- деп Досмұратты біраз тұқыртып алған соң, қыпшақтың еліне арнап былай дейді.

- Азаматты іздеу инабатты елдің салты. Ата дәстүрін берік тұтынған ел екеніңді көріп отырмын, шырағым. ,,Елдестірмек елшіден, жауластырақ жаушыдан,, -деген, екеуіңнің араңа енді кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда жаушы емес, елші болып отырған жағдайым бар. Сөзімді тыңдасаң, мен мынаны айтқым келеді.

- Би, айта беріңіз, құлағым сізде- дейді қыпшақтың биі.

- Айтсам азамат өлгені рас. Ол қастандықпен жасалған іс емес екенін біз де біліп отырмыз. Бізден гөрі өзің де жақсы біліп отырсың. Қазақ ,,қанға қан,, дегенді ата жауына айтқан. Алдыңда отырған Досмұрат ата жауың емес. Ауылы аралас, қойы қоралас ағайын, құда, жегжат ел. Араға шайтан от салып, осындай ахуалға іліктірген екенсіңдер, енді сабаға түсіңдер. Азаматтың басын малға шағуға болмайды. Бірақ, даулап мен саған Досмұраттың басын берсем, бұл істің сонда ертеңі не болады?

- Ертеңі не болсын, сонымен дау -дамай бітеді!- дейді қыпшақ биі.

- Жоқ, дау онымен бітпейді. Кесірлі даудың ұзындығы- Ніл дариядай, үлкендігі- Қап тауындай. Қап тауына өрмелеп жылан да шығады. Сен жылан емес, қыран болуға лайық жігіт екенсің - деп бір тоқтағанда, қыпшақ биі:

- Ақсақал, онымен не айтқыңыз келді?- дейді.

- Айтқым келетіні, сен бүгін ,,қанға- қан,, деп Досмұраттың қанын төксең, ертең оның соңында қалған бала өседі, кәмелетке келеді. Жан- жағына қарайды, жарау атын мінеді, жал- құйрығын тарайды, әкем қайда деп сұрайды емес пе? Әкесіз бала әкесін бұлдап сенің ұлыңа бармас па? ,,Жетім қозы тас бауыр, отығар да жетілер,,. Найза алып, сарбаз топтап, сан тараптан қол жиып, сары қымыз сапырған, салқын сарай салдырған сенің балаңа келмес пе? Бұхар жырау айтты деген сөз бар:

Рулының оғы қалса табылар.

Жалғыздың тартатұғын жағы қалса табылмас.

Әкелі бала жау жүрек,

Әкесіз бала сұмжүрек

Жиын болса бара алмас,

Барғанменен орын ала алмас.

Екі көзі жәудіреп

Тұлымшағы салбырап.

Әкелі бала жау жүрек

Жиын болса барады

Барып орын алады

Бітірер сенің дауыңды

Қайтарар сенің жауыңды.-дегендей, жетім тартқан жебе жеті ықылым жерге жетеді. Қанды қанмен жусақ білгеніміз қайсы, ұрпаққа кетер дау қалдыру деген сөз өмір бойы өзара бітіспес жау қалдыру деген сөз.

- Олай болса, беретін құнын айтсын- депті қыпшақ биі.

Сөйтіп Досмұрат мал беріп құтылады. Мамашәріп екеуін жарастырып, ақсарбас шалып, қонақ етіп таратыпты. Екі ел арасы татуласып, кейін қайта араласып кетеді.

 

,,Даланың дара ділмәрлары,, кітабынан

 

 

 

Пікірлер Кіру