ДІН БҰЛ АДАМЗАТ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕҢ ІРІ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕРДІҢ БІРІ

08 қазан 2026 122 0
Оқу режимі

 “Соңғы кездері мектеп басшылығы болсын, мектепке оқулық я көмекші құралдар жазып жүрген жандардан жиі еститін дүние кітаптарда "дін болмасын", діни сөздерді көрсе, қылмыскерді көргендей шошитын болған. Дін деп тұрғаны Құран аяттары һәм хадистер, шариғат заңдары емес, бар болғаны ғасырлар бойы болмысымызға енген терминдер. Ал сол терминдердің көзін құрттық, бар "жамандықтың" бастауы деп жариялайық.

Ойланып көрелік, оның түбі қайда апарады?

Мектеп бағдарламасынан діни ұғымдар мен рухани түсініктерді толықтай аластату бұл тек қана «дін мен мемлекеттің бөлінуі» емес, оның артында терең әлеуметтік, мәдени және психологиялық салдар жатыр.

Шолып көрелік: Кез келген халықтың әдебиеті, өнері мен тарихы діни терминдермен тығыз байланысты. Мысалы, Абай, Шәкәрім немесе Мағжан шығармаларын «иман», «сабыр», «нәпсі», «хақ» сияқты ұғымдарсыз түсіну мүмкін емес. Бұл терминдерді алып тастау классикалық мұраны түсіну қабілетін шектеу деген сөз. Мұндай шолақ белсенділікке түсе берсек түбінде оқушы өз халқының мәдени кодынан ажырайды. Мәтіндерді оқығанымен, оның астарлы мағынасын түсінбейтін «мәдени сауатсыздық» пайда болады. Мектепке діни догмаларды апарудың әрине қажеті жоқ. Әйткенмен де шаш ал десе, басты қоса шабудың қаншалықты қажет. Дін бұл адамзат тарихындағы ең ірі философиялық жүйелердің бірі. Оны зерттеу, тану адамның танымдық деңгейін кеңейтеді. Мектепте академиялық деңгейде түсіндірілмеген діни ұғымдардың орны бәрібір бос тұрмайды. Бала бұл сұрақтардың жауабын мектептен тыс жерден (көбіне интернеттегі деструктивті арналардан) іздей бастайды. Нәтижесінде оқушының иммунитеті төмендейді. Ғылыми негізделген түсінігі жоқ жасөспірім радикалдануға немесе жат ағымдардың жетегіне кетуге бейім келеді. Діни терминдер, егер дін сөзі қорқынышты болса, рухани терминдер, адамгершілік-рухани ұғым деп түсінсек, сонымен қатар ол этикалық нормалардың (ар-ұят, кие, обал, сауап) тасымалдаушысы қызметін атқаратынын және ұмытпайық.

Егер мектеп тек құрғақ фактілер мен формулаларды беріп, «руханилық» бөлігін елеусіз қалдырса, білім беру жүйесі тек «технократтарды» дайындаумен шектеледі. Әрине, көбінің арман-ойы да осы сияқты. Осыған жете алмай жатырмыз деп ұрандатып жатқандар да жеткілікті. Бірақ оның салдары эмпатияның төмендеуіне, жауапкершілік сезімінің азаюы және тек тұтынушылық психологияның қалыптасуына әкеп соғарын ұғып отыр ма? Терминологиялық диссонанс

"Құдай", "періште", "жәннат", "тозақ", "ғайып ерен, қырық шілтен", "әулие", "мейірім", "ар", "ұят", "махаббат" сияқты сөздер тек діни емес, сонымен бірге фразеологиялық және лингвистикалық бірліктер. Бұларды жою, бас тарту, "репрессия жариялау" оқушының сөздік қорын кедейлендіреді, себебі көптеген тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер діни негізде құрылған.

Түбі, Ұлттық менталитеттің тілдік бейнесі бұзылады. Мектептен рухани ұғымдарды «тазарту» ұраны қоғамды зайырлы етпейді, керісінше, оны танымдық деградацияға және идеологиялық осалдыққа алып келеді. Ғылыми тұрғыдан ең тиімді жолы дінді насихаттау емес, діни феномендерді, терминдер мен рухани құндылықтарды академиялық, бейтарап және тарихи контексте түсіндіру. Оны фольклор, рухани құндылық деп атасаңыздар да болады. Және оның шекарасын белгілеп алған да дұрыс. Бұл оқушының интеллектуалды деңгейін көтеріп, оның түрлі идеологияларға қарсы ішкі сүзгісін қалыптастырады. Күн тәртібіне шыққан

Ұлттық тәрбиенің өзі бұл тек салт-дәстүрді орындау емес, бұл халықтың ғасырлар бойы жинақтаған дүниетанымдық жүйе. Бұл жүйеден рухани және діни ұғымдарды алып тастау ұлттық тәрбиенің іргетасын шайқалтады. Ғылыми-педагогикалық тұрғыдан қарасақ Ұлттық тәрбиедегі көптеген ұғымдар (мысалы: кие, обал, сауап, бата, аруақ) трансцендентті, яғни материалдық емес түсініктерге негізделген. Егер балаға "нанды баспа" десек, бірақ оның артындағы "обал" немесе "кие" ұғымын түсіндірмесек, бұл жай ғана түсініксіз тыйым болып қалады. Тәрбие өзінің ішкі мазмұнын жоғалтып, тек сыртқы формаға (құрғақ этнографияға) айналады. Бала не үшін бұлай істеу керек екенінің моральдық себебін сезінбейді.

Ал, осылай жүре берсек, алған бағыттан қайтпасақ, "Ар-ұят" институтының әлсіреуіне, күйреуіне әкелсе... аржағын айтудың да қажеті жоқ. Қазақ тәрбиесіндегі ең басты бақылаушы механизмі сыртқы жаза емес, ішкі "ұят" пен "ар". Бұл ұғымдар тікелей рухани тазалықпен байланысты. Рухани терминдерді қолданыстан шығару моральдық жауапкершілікті тек заңмен немесе қорқынышпен шектеуге әкеледі.

Яғни "Құдайдан қорықпағаннан қорық" деген принциптің бұзылуы. Адамның ішкі рухани компасы бұзылып, тек "ешкім көрмесе болды" деген прагматикалық этика қалыптасады. Ұлттық тәрбиенің негізгі идеалдары бұл Ясауидің "Хәл ілімі", Абайдың "Толық адам" концепциясы немесе Шәкәрімнің "Ар ілімі". Бұл ілімдердің негізі жүректі тазарту, нәпсіні тыю және рухани кемелдену ғой. Бұл жерде "Жар", "иман", "сабыр", "тәубе" сияқты терминдерді айналып өту мүмкін емес. Айналып өту деген, білім беру жүйесі тұлғаны емес, тек "функцияны" (маманды) дайындайды. Адамгершілік құндылықтардың орнын технократтық суық сана басады. Олай болса, "қазақи", "ұлттық тәрбие", "арлы", "ибалы" сөздер құр сөзге және тарихтың терең тұңғыйығына кетер.

Ата-әженің ертегісіндегі, шешендік сөздердегі немесе бата-тілектердегі рухани-діни астарларды мектеп "теріс" немесе "қажетсіз" деп таныса, баланың отбасылық құндылықтарға деген сенімі жоғалады.

Айта берсе, әңгіме көп, Ұлттық тәрбиеден рухани және діни терминдерді аластату дегеніміз ағаштың тамырын улап, одан гүл күткенмен бірдей. Зайырлылық деп жатырмыз, бірақ ол дінсіздік емес қой, ол діни сенімге бейтарап қарап, бірақ ұлттың рухани капиталын мемлекет игілігіне жұмсай білу. Ұлттық тәрбие мектепте ғылыми негізделген, этнопедагогикалық тұрғыдан жүйеленген рухани түсініктермен толықтырылуы тиіс."

 

Досай КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер Кіру