ДІН ЖӘНЕ СПОРТ

19 сәуір 2024 1721 0
Оқу режимі

Жақында әлеуметтік желіде спортшы қыздың (ММА) бойынша спорттан бас тартқандығын бұған өзінің «исламға» келуі себеп екендігін айтқан видеосы жарияланды. Осы жағдайға байланысты қоғамда талқылаулар басталып та кетті. Кейбірі оны қолдап жатса екінші біреулер сынап жатыр. Салқынқандылықпен қарайтын болсақ, біздің қоғамда екі жаққа бөлініп, бір-бірін кінәлау үрдісі желілерден жиі көрініс тауып келеді. Орта бағытты ұстану кемшіл болып жатады. Олай дейтініміз, мақтауда да даттауда да шектен шығып кетуге бой үйреніп қалды ғой. Бірақ, діні үшін айналысып жүрген спорт түрінен, отбасынан, елінен, отанынан бас тартқандарды көріп бұл мәселеге бей-жай қарау дұрыс емес.

Исламның спортшылар арасында тез таралуына көбінесе діннің компенсаторлық (жұбатушылық), психологиялық функциясы әсер етеді дейміз ғой. Яғни, қазақтағы маңдайыңа не жазылса сол болады, бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді деген мақалдар бар ғой. Тура сол. Екінші жағынан спорт саласында сайыс, жарыс қой үнемі. Әрбір ойын алдында рухани тілек, көмек қажеттілігін де спортшылар көбірек сезінсе керек.

Бұған радикалды топтардың саналы түрде спортшылар арасында діни көзқарастарын тарату талпынысын қоссақ, ал спорт саласында оқуға, рухани дамуға уақыт болмайтындығын, мектеп жасынан бастап спортқа кеткен жастардың оқуға ынтасының азаятындығын ескерсек радикалды топтардың қармағына тез ілінетіндігінің себебін ашуға болады. Сондай-ақ радикалды ағым көзқарастары бір салаға немесе бір ұжымға кіре бастаса сол ортада таралу қарқыны да жоғары болады. Әсіресе спортшылар көп уақыттарын дайындық барысында бірге өткізеді. Біртіндеп қасындағы жолдастарын тарту қиынға соқпайды.

Ал негізгі мәселе спортшылар арасында рухани қажеттілік қалай, олардың психологиялық қажеттіліктері қалай қамтамасыз етілуде деген сауалдарға жауап табу оңай емес. Сондықтан да бір спортшы теріс ағымға кірсе, (қазір бізде күрес, жекпе-жек, басқа та бағыттар бойынша салафиттік-уаххабилік көзқарас кеңінен таралуда) ұлттық идеологияның, рухани тәрбиенің ақсап тұрғандығынан.

Тобықтай түйінін айтсақ, спорт ең алдымен өнер, мәдениет. Бізде оны күштінің көрсеткіші, мақтанның мақсаты ретінде тану басым. Ең алдымен спортшы өз елінің патриоты болуы тиіс. Әнұранға толқымайтын, байрағына бас имейтін, қолын көкірегіне қоюды ширк санайтындардың санының артуы ойландыруы қажет. Ал қазақы-мұсылманшылық пен имандылық спортқа кедергі деп даурығу да дін дұшпандығынан басқа ештеңе емес.

Kenshilik Tyshkhanuly

 

Пікірлер Кіру