ДІНАРАЛЫҚ ДИАЛОГ – ИСЛАМ СЕНІМІНЕ ҚАЙШЫ КЕЛМЕЙДІ

23 шілде 2024 1070 0
Оқу режимі

Диалог дегеніміз – екі немесе одан да көп адамдардың бір-бірімен сөйлесуі. Ал терминдік мағынасы болса, түрлі нәсілдер мен мәдениеттердің, түрлі нанымдар мен пікірлердің, түрлі саяси түсініктегі топ өкілдері бір шаңырақта бас қосып, бір-бірімен мәдениетті түрде сөйлесуін білдіреді. Елімізде төрт жылда бір рет өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі, яғни «Діндер арасы диалог» жер бетіндегі, оның ішінде Қазақстан Республикасының әрбір азаматы қандай дінді ұстанса да өз еркіндігі бар екеніне негізделген. Қазақ даласында кеңінен тараған ислам дінінің қасиетті кітабы Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 256-аятында «Дін таңдауда қысым жоқ» деген қағида бар. Яғни ислам діні адамдарға дін таңдауда еркіндік берген. «Бақара» сүресінен бөлек, «Кәһф» және «Юнус» сүрелерінде де адамдар дін таңдауда ерікті екені жайында айтылған. Ислам дінін ұстанатын мұсылмандардың басқа дін өкілдерімен мәмлелері және қарым-қатынастары кез келген мәдениеттен үстем болған және тарихи тәжірибені орнықтырған. Бұл өнегелі тәжірибенің теориясын тағы да Құран Кәрімнен алды десек артық айтпаған болар едік. Құран Кәрімде «Мумтахин» сүресінің 8-аятында: «Алла дін тұрғысынан сендермен соғыспағандарға және жұрттарыңнан қуып шығармағандарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Шын мәнінде Алла әділдік етушілерді жақсы көреді» деп мұсылмандарға ескерткен. Конфессияаралық диалог тұжырымдамасы мен Дінаралық диалог кеңесі Ватиканнан шыққан. Сонымен қатар, бұл терминді миссионерлік қызметтің құралы ретінде қолданылуы мен кейбір діни және саяси топтар, діни диалогқа қатысты күмән тудыратын пікірлер таратты. Алайда, арам ниетсіз шынайы диалогты зерттеудің нәтижесінде пайдалы және қажет екенін көрсетті. Басқа дін өкілдерімен диалог орнату Исламның негізгі қағидалары мен сеніміне (ақидасына) нұқсан келтірмейтінімен қоса, Иудаизм мен Христиан дін өкілдерінің де бар екенін мойындайды. Бұл жайында Құран Кәрімнің «Әл-Имран» сүресінің 64-аятында: «(Уа Мұхаммед!) Айт: Әй, Кітап берілген қауім! Бізге де, сендерге де бірдей бір ортақ сөзге келейік, Алладан басқасына құлшылық етпейік, Оған ешнәрсені серік қоспайық. Сондай-ақ, бірімізді біріміз Алладан өзге – иелер етіп алмайық» деп өсиет еткен. Осы тұрғыдан алғанда пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығын қабылдамау диалогқа кедергі болмайды. Ал диалог арқылы Исламның не болмаса басқа да дін өкілінің өз наным сенімінен бас тарту мүмкін емес. Хақ дін, яғни ең дұрыс дін алғашқы адамнан және алғашқы пайғамбар Хз. Адам атадан басталады. Жалпылай алғанда хақ діннің негізгі қағидаларында өзгеріс жоқ. Бірақ құлшылық түрлері мен кейбір ережелерде қабілеттердің өзгеруі мен дамуына, уақыт пен географиялық және әлеуметтік жағдайларға байланысты өзгерістер бар деп қана айта аламыз. Пайғамбарлар қойған қағидалар мәдениет пен өркениетті дамытқан сайын кейінгі жіберілген пайғамбарлардың діндері де сол заманның талабына сай болып отырған. Бұл эволюция иудаизм мен христиандықтан кейін келген исламмен бірге шарықтау шегіне жетті. Яғни Алла тарапынан жіберілген илаһи кітаптар Тәурат пен Інжілден кейін Қияметке дейін жалғасатын мәңгілік мұғжиза болған Құран Кәріммен аяқталды.

Осылайша Ислам белгілі бір қоғамға емес, бүкіл адамзатқа жіберілген. Құран Кәрім өзінен алдыңғы келген кітаптардағы негізгі қағидаларды және фактілерді растап, бұрмаланған мәселелерді түзеткен. Исламда хақ діннің негізгі қағидалары анық көрсетіліп, уақыт пен географияға қарай өзгеретін ережелер мен ұстанымдарды дін ғұламаларының фиқһына қалдырылған. Исламның хақ дін ретінде қияметке дейін жарамдылығын қамтамасыз ететін қағидалардың бірі де осы қасиет. Ислам діні барлық діндердің пайғамбарларына иман ету шартымен де басқа діндердің бар екенін жоққа шығармайды. Яғни Алла тарапынан жіберген барлық пайғамбарларға иман келтіру – жалпы мұсылманға ортақ міндет. Пайғамбарлардың кейбіріне сеніп, кейбірін қабылдамау Ислам сеніміне сәйкес келмейді. Қорытындылайтын болсақ, Отанымыз бен әлемнің тыныштығы және адамзаттың мәселелерін шешу үшін, бейбітшілік пен келісім үшін, мәдениетімізбен өркениетіміз үшін, жарқын болашақ үшін, рухани-әлеуметтік дамуымыз бен қауіпсіздігімізді сақтау үшін өзге дін өкілдерімен сұхбаттасу – діндердің, оның ішінде исламның негізгі қағидалары мен сеніміне нұқсан келтіруді білдірмейтін әрекет.

 

Исатай БЕРДАЛИЕВ

 

 

Пікірлер Кіру