ДІНИ МӘТІНДЕРДІ ДҰРЫС ТҮСІНУ ЖОЛДАРЫ

06 желтоқсан 2024 519 0
Оқу режимі

Біз ұстанатын діни жолдың бірнеше басым ерекшеліктері бар. Ол ақыл мен нақылдың біртұтас болуы. Әбу Ханифадағы «әһли рай» мектебі, Матуриди ақидасының ақыл-нақыл қатынасы Алланың «Хаким» сипатына сай діни мәтіндерді болмаса діннің мақсатын білу маңызды. «Жалаң ақыл атеизм, жалаң дін радикализм» деген сияқты, болмаса «Ақылдың нұры пән ғылымы, рухтың сәулесі дін ғылымы» дегендей бірінсіз бірі болмайтын, болған жағдайда шала болатын құбылыс.

Сол себептен де діни мәтіндерді түсінуде алдымен ақылға салу, қисынға келтіру маңызды. Діни мәтін болмаса ақыл жол таба алмайды, ақыл болмаса діни мәтіннің пайдасы болмайды. Құрандағы «ақыл етпейсіңдер ме?!» «Ойланбайсыңдар ма?!» деген жүздеген аяттар мәтін мен ақылдың тұтас болуын меңзейді. Ал ақылды, логиканы, философияны, музыканы «харам» деп санайтындар тек діни мәтінге жабысып, ол жерде ненің меңзелгеніне бас қатырмай уағыздың жетегінде кете барады.

Бұрындары «философия» зиянды саналған. Себебі, ортағасыр философиясында Құдайсыздық басым еді. Ал шығысқа тән «Хикметте», «Пәлсапада» діндегі мәтіндерді ақылға жақындататын көптеген пайдалар бар. Сол себептен де қазіргі «философияны» «харам» деуге болмайды. Құранда ақылды қолданбағандардың төбесінен нәжіс жаудыратындығын айтса (10/100), Абай Хакім «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің қазығы – осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде бұлардың истихражы бірлән рауаж табады» дейді.

Ақылды да жаратқан құдай, дінді де жіберген құдай болғандықтан өзара қайшылыққа түсуі мүмкін емес. Егер қайшылыққа түсіп жатқа не ақылда нұқсандық бар, не дін деп уағыздалған дүние орынсыз деген сөз. Сондықтан да Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай: «Пайғамбар, әулие айтты десе дағы, Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат!». Сөз соңында айтарым, «Дінді мен сияқты түсін!» деген уағызшылардан, «Бізден басқасының бәрі адасқандар!» деген ағымдардан абай болайық!

Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ

 

 

 

Пікірлер Кіру