ДҮНИЕНІҢ ҮШ ҚЫРЫ

14 қыркүйек 2022 5171 0
Оқу режимі

Дүниенің үш қыры бар. Алғашқысы – дүниенің Алла Тағалаға қараған қыры. Өйткені, әлем – Құдай Тағаланың есімдері мен сипаттарының, яғни ұлылығы мен құдіреттілігінің айнасы. Жеті қабаттан тұратын мына ұшы-қиыры жоқ ғалам түгесілмес сырға толы. Адам баласы әлемге көз тастау арқылы Алла Тағаланың ұлылығының шексіздігін танып, оған жақындайды. Мысалы, әлемді химиялық тұрғыдан зерттеген химик сол салаға қатысты ғаламат жаңалықтарға қанық болады. Ол осыны зерттей келе Алла Тағаланың шексіз химик сипатын танып, таңырқайды. Енді бір математик әлемді өз саласы тұрғысынан зерттеп қарағанда, әлемнің математикалық тепе-теңдік арқылы сақталып тұрғанын байқайды. Бұл ғажайыптың өзінен-өзі бола алмайтынын аңғарады, Жаратушының өте жіңішке есеппен құрған әлемімен Оның математик сипатын мойындап, Оған терең тағзым етеді. Сондай-ақ, барлық ғылым саласы өз тұрғысынан әлемді зерттеп қарағанда, Ұлы Жаратушының шексіз сипаттарын танып таңырқай түседі. Ең алғашқы «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деген аяттағы мақсат та осы еді. Яғни, адамның жаратылыс мақсаты – Құран тілімен, Құдай Тағаланың атымен ғаламзат кітабын оқуы болмақ.

Дүниенің келесі қыры – ақыретке қарауы. Бұл дүниеге шыр етіп келген адам баласы балиғат жасына жетіп, оңы мен солын таныған соң бұл жалған дүниеден құр қайтуды жөнсіз санап, ақыретке олжалы қайтқысы келеді. Міне, жалпы адамзаттың негізгі ата мекені – Жәннат. Өйткені, Адам атамыз бен Хауа анамыз сол жерден келген. Сондықтан қауқарсыз пенде осы дүниеде ғана Хақ Тағалаға құлшылық жасап, сауабын ақыретте алады. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) бір хадисінде «Бұл дүние – егін алқабы, ақырет – соның жемісі» деу арқылы осы ақиқатқа көңіл аудартқан-ды. Осы өткінші өмірге келген жұмыр басты пенде жақсы амал жасау арқылы ғана жалған дүниені мәңгілікке айналдыра алады. Ендеше, күздей көңілсіз пендеге ақыреттік дүние ғана жұбаныш болмақ. Мұсылманның намаз, ораза, сияқты игі амалдарының бәрі бұл өмірде бейне бір дақылдар тәрізді себіліп, ақыретте әр қайсысы жеке-жеке дәннен өсіп шыққан мәуелі бақтай алдынан шықпақ. Оның әрбір ісі мен құлшылықтары Хақ Тағаланың ризалығы үшін ғана жасалғандықтан ол амалдары зәредей де кемімейді. Бұл туралы Алла Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Мұсылманның амалы (өмірі) мені қатты қайран қалдырады. Оның күллі амалы  өзі үшін жақсылық. Бұл мұсылманға ғана тән. Оған бір қуаныш келсе, шүкір етеді, оған бұл қуаныш жақсылық болып жазылады. Ал, егер басына бір қиыншылық келсе, сабыр етеді, ол да оған жақсылық болып жазылады».

Ақырғысы – жалған дүниенің өзіне қараған қыры. Міне, осы тұрғыдан алғанда дүниенің жалғандығы мен опасыздығы білінбек. Дүниеге дүние деп қараған пенде сөзсіз ұтылмақ. Атам қазақтың «жалғызға жарық бермес жалған, опасыз сұм дүние» дегені осы. Өйткені, байғұс пенде дүниенің жалған жүзін ғана жақсы көріп, соның дәмін татқысы келеді. Яғни, ол Алла үшін емес, тек өзі үшін ғұмыр кешеді. Өзінің қара басының қамын ойлап, бұл пәнидегі тіршілігін ғана ойлаудан аса алмайды. Оның бар мақсат-мұраты – мына жарық жалғанда ішіп-жеп, қызық көріп өтсе болғаны. Өлген соң өзі де, дүние де күл болмаса бүл болсын, қараң қалсын ол үшін бәрібір. Сондықтан ондай пенделер бұл жалғанда масайрап, көңіл тойдыру үшін ғана өмір сүреді.

Бұл тұста «сонда адам баласы дүниеге қызықпау керек пе, дүние жинамауға тиіс пе?» деген сауал тууы ықтимал. Жоқ, әрине, керісінше нағыз мүміннің, әу баста айтқанымыздай, дүниеге алғашқы екі жүзіне қарай қызығып, сол құндылықтар шеңберінен аспау шартымен ғана дүние жинауы қажет. Бұны Исламда «дүниені іс-қимылымен емес, жүрекпен тәрк ету» деп түсіндіреді. Яғни, мұсылман дүниеге белсене араласып, дүниенің тізгінін қолға ұстауы қажет. Бірақ дүниеге деген жүрегінде титтей де сүйіспеншілік болмау керек. Оның жүрегінде тек қана Алла Тағалаға деген сүйіспеншілік болуы тиіс. Ол жүрегіндегі сол сүйіспеншілікті арттыру мақсатымен ғана дүниеге араласып, оны пайдаланбақ. Тақуа, әулие, нағыз ғұлама кісілер дүниеге осылай қараған.          

Мысалы, Имам Ағзам ғұлама ғана емес, сауда-саттықпен айналысқан аса бай адам болған. Оның байлықтарын кемелермен тасыған деседі. Бір күні ол шәкірттеріне дәріс беріп отырғанда, бір еврей оны сынамаққа келіп: «Ей, Имам, пәлен жерден жүк алып келе жатқан керуеніңді жолда қарақшылар қаумалап, адамдарын қорқытып бар дүниеңді ат-түйесімен қоса талан-таражға салып айдап әкетіпті», - дейді. Имам Ағзам бір сәт үнсіз отырады да: «Әлхамдулиллаһ, Құдайға шүкір», - дейді. Әлгі еврей орнынан тұрып кетіп қалады да, әлден соң қайта оралып, Имам Ағзамның жанына ентігіп келіп: «Имам, сүйінші! Әлгі тоналған керуен сенікі емес, пәленшенікі екен. Сенікі дін аман, керуенің елге жақындап қалыпты», - дейді. Қуанышты хабарды естіген Имам тағы да сәл үнсіздіктен кейін: ««Әлхамдулиллаһ, Құдайға шүкір», - дейді. Сонда әлгі еврей қатты таңырқап: «Ей, Имам! Керуенің тоналды деп хабар бергенде «Әлхамдулиллаһ (Құдайға шүкір)» дедің. Тоналған керуен сенікі емес дегенде де «Әлхамдулиллаһ (Құдайға шүкір)» дедің. Екеуінде де Құдайға шүкіршілік еткеніңді түсінбедім?» - дейді істің мән-жайын білмекке шыдамсыздық танытып. Сонда Имам Ағзам: «Сен «Керуенің тоналды» дегенде, бір сәт жүрегіме құлақ түрдім. Жүрегім қайтер екен, қарақшыға жем болған қу дүниеге іші ашып, байыз таппай соғысы жиілер ме екен дедім. Бірақ жүрегім селт етпеді. Уыстан шыққан дүниеге мысқалдай да өкініші болмады. Соны байқап, осындай дәрежеге жеткізген Хақ Тағалаға шүкіршілігімді білдірдім. Сен қайта келіп «Тоналған керуен өзгенікі, сенікі дін аман» дегеніңде, жүрегіме қуанар ма екен деп тағы да құлақ салдым. Бірақ жүрегім тағы да әуелгісінше жайбарақат қалып танытты. Зәредей де қуанбады. Жүрегім дүниеге деген сүйіспеншіліктен пәк, таза болғанына тағы да көзім жетіп, осындай дәрежеге жеткізген Алла Тағалаға шүкіршілігімді білдірдім»,- дейді.

Міне, Имам Ағзам – тек ғұлама ғана емес, алған ілімді қалай іске асыруда бізге өмірімен өнеге болған әулие кісі.

Мұхитдин Исаұлы

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру