ЕКІ НЫҒМЕТ

Ибн Аббастан (р.а) риуаят: «Нәби (с.а.у) былай деді: «Адамдардың көбi мақұрым болған екi нығмет бар. Ол: денсаулық пен бос уақыт». (Бухари)
Алла Елшісі (с.а.у) пәни мен Ақырет ісінде ыждағатты болуға сілтеп көп адам қадірлемейтін Алла Тағаланың екі нығметі жайында айтты. Ол: денсаулық пен уақыт. Бұның бейнесі: денсаулықты күтпеу, уақытты дұрыс пайдаланбау, денсаулық пен уақытты Ақыреттің игілігі үшін, яғни құлшылыққа барынша қолданбау.
Хадистің мазмұны: нығметтерді пайдаланудағы ыждағаттылық. Алла Елшісі (с.а.у) сол нығметтердің екеуін ерекше атап көрсетті. Ол: Денсаулық пен Уақыт.
Денсаулық пен уақыт – ұлық екі нығмет. Алайда, адамның көбі бұл екі нығметті елемейді, қадіріне жетпейді. Айтар болсақ, әдетте адам денсаулықты оны жоғалтқан кезде ғана бағалай бастайды. Болмаса: «Денсаулық – сау адамның басындағы тәжі»,-деген сөз бар!
Сондай-ақ көп адам мына пәнидегі шектеулі уақыттын есебіне бармастан пайдаланады. Мәнсіз ойын-сауық, бос әңгіме, бүгінгі істі ертеңге қалдыру т.с.с. осының бейнесі.
Пайғамбар-(с.а.у)-ымыздың денсаулық пен уақыт жайында айтудың бір тұсы: бұл екі нығмет бір-бірімен тығыз байланысты. Адам баласы дені сау кезінде уақытын құлшылыққа, яғни сауапты амалға істеуге пайдаланбаса, денсаулығынан айырылғанда қалай болмақ? Уақыт та сол сияқты. Яғни, оның дені сау бола тұрып, тіршілік талаптары себепті көп құлшылық етуге уақыты болмай қалуы әбден мүмкін.
Алла Тағала екі нығметін, яғни денсаулық пен уақытты нәсіп еткеннен кейін пенде енжарлығы, ғапылдығы және жалқаулығы себепті оны сауап алу жолында пайдаланбаса, денсаулық пен уақыт нығметінен, яғни игілігінен мақұрым болғаны. Себебі мына пәни – сынақ, ақыреттік сауда орны. Осы саудада денсаулығы мен уақытын құлшылыққа, яғни сауапты амалды орындауға сарп еткен ұтады, ал күнә істеумен әлек болған ұтылады. Осыған нұсқап Алланың елшісі (с.а.у) былай деді: «Бес нәрсені бес нәрседен бұрын пайдалан! Жастығыңды – қартайып қалудан, денің сау болғанын – аурып қалудан, бай болғаныңды – кедей болып қалудан, бар уақытыңды – қолың тимей қалудан, өміріңді – өліп қалудан ілгері пайдалан!»