ЕҢ ҮЛКЕН ИСТИҒФАР: ТӘСБИХ НАМАЗЫ

22 ақпан 2024 3436 0
Оқу режимі

Тәсбих намазы әрі тілмен, әрі денемен жасалатын ең үлкен тәубе және истиғфар. Сондықтан оның дәрежесі барлық истиғфардан жоғары.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) немере ағасы Аббасқа (р.а.) тәсбих намазы жайлы былай дейді:

“Аға! Саған он (түрлі күнәні кешіртетін) амал айтайын. Оны жасаған уақытта күнәларыңның алғашқысы және соңғысы, жаңасы мен ескісі, қателікпен немесе әдейі жасалғаны, кішісі яки үлкені, жасырыны мен ашығы кешіріледі. Төрт ракағат намаз оқисың... Шамаң жетсе, бұл намазды күнде оқы. Күнде оқи алмасаң, аптасына бір рет оқы. Әр апта оқи алмасаң, айына бір рет оқы. Айына бір рет оқи алмасаң, жылына бір рет оқы. Оны да жасай алмасаң, өміріңде бір рет оқы”.

Тәсбих намазы 4 ракағат. Бұл намазда 300 рет мына дұға оқылады:

“Сүбханәллаһи уәл хамду лилләһи уәлә иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар. Уә лә хаулә уә лә қууәтә иллә билләһил-‘алиил-‘азыим”

Жоғарыдағы тәсбихтың бір ракағат ішінде оқылатын мөлшері мынадай:

15 рет сүбханәкәдан кейін (Фатиха сүресінен бұрын),

10 рет қосымша сүреден кейін,

10 рет рукуда (тәсбихтен кейін),

10 рет рукудан тұрғанда (қаумада),

10 рет бірінші сәждеде (тәсбихтан кейін),

10 рет екі сәжде арасында (жәлсада), 

10 рет екінші сәждеде (тәсбихтан кейін).

Бірінші ракағатта оқылатын тәсбих саны 75.

Екінші ракағатта да жоғарыдағы тәртіппен 75 рет оқылады.

Үшінші және төртінші ракағаттар да осылай оқылады. Бірінші отырыста әттахияттан кейін салли және бәрик дұғалары, үшінші ракағатқа тұрған уақытта субханәкә дұғасы оқылады.

Тәсбих намазын қалдырмай оқып жүру, әдет қалыптастыру мұстахаб амал. Оқу тәртібін білмейтіндер оқи алатындарға ұйып, жамағатпен оқу рұқсат етілген.

 

Пікірлер Кіру