Ешнәрсе зиянын тигізе алмайды…

02 желтоқсан 2020 9053 0
Оқу режимі

أَعُوذُ بِكَلِمَاتِ اللهِ التَّامَّاتِ مِنْ شَرِّ مَا خَلَقَ

Оқылуы: Ә‘уузу би кәлимәәти-лләәһит-тәәммәәти мин шәрри мә халәқ.

Мағынасы: Алланың мінсіз сөздерімен[1] күллі жаратылыстың кесір-кесапатынан сақтанамын!

Ұзақ жылдар бойы ардақты Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге болу құрметіне бөленген сахаба Әбу Хұрайра (р.а.) бұл дұға жайлы мына оқиғаны тілге тиек еткен: «Бір кісі Алла елшісіне (с.ғ.с.): Кеше түнде мені шаян шағып алды, – деп, түні бойы көз ілмегенін айтып, мұңын шақты. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған: «Егер кешкісін мына дұғаны оқығаныңда, ол сені шақпас еді», – деген екен.

Сондай-ақ, Имам Тирмизидің еңбегінде Суһәйл ибн Әбу Салих (р.а.): «Айналамыздағы адамдардың барлығы осы дұғаны жаттап алып, күн сайын кешкісін оқып жүретін. Бірде қызметші әйелдердің бірін шаян шағып алды, бірақ, ол әйел одан ешқандай да зиян шекпеді», – деген. Жоғарыда келтірілген деректерге қоса осы дұғаға қатысты басқа бір хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кімде кім қандай да бір жерге (панажайға) ат басын тірегенде мына дұғаны оқыса, сол жерден аттанып кеткенге дейін оған еш нәрсе зиянын тигізе алмайды», – деп айтқаны риуаят етілген.

 

«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) таңғы және кешкі дұғалары» кітабынан

 

[1] Құран Кәрім және Алла Тағаланың көркем есімдері мен сипаттары

(Муслим, Китәбу әз-зикр 4883; Сунәну Тирмизи, да‘ауат 3359; Сунәну Ибни Мәжа, тыб 3538)

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру