ҒАЛАМНЫҢ ҮЙЛЕСІМІ - ЖҮРЕКТЕР АРАСЫНДАҒЫ МЕЙІРІМНЕН БАСТАЛАДЫ...
Ғалам - көзге көрінбейтін мың сан жіппен өрілген біртұтас тағдырлар әлемі.
Бұл дүниеде ешбір жүрек бір-біріне мүлде жат емес. Бірінің үнсіз күрсінісі екіншісінің жанын тербеп, бірінің көз жасы тұтас бір әлемнің тыныштығын бұзуы мүмкін.
Сондықтан ешкімнің көңіліне қаяу түсірме.
Жүректі жаралау оңай, ал оның жазылуына кейде ғұмыр да жетпейді.
Бүгін өзің елемеген жанның ертең қандай тағдыр иесі боларын, бүгін өзің мұқатқан әлсіздің ертең қандай биікке көтерілерін білмейсің.
Ешкімді дәрменсіздігіне қарап бағалама.
Өйткені әр адамның бойында өзі де әлі танып үлгермеген бір тылсым күш, бір қайталанбас қасиет бар.
Бір жүректің мұңы мың жүрекке жетіп, әлемнің тынысын тарылтуы мүмкін.
Ал бір жанның шынайы қуанышы айналасына шуақ шашып, талай көңілге үміт сыйлайды.
Ендеше, бір-бірімізге ауырлық емес, жеңілдік болайық.
Жара емес, жұбаныш сыйлайық.
Өйткені Ғаламның үйлесімі — жүректер арасындағы мейірімнен басталады... (Шәмс Тәбризи)
Аударған: Салтанат ТЕМІРБАЙҚЫЗЫ
ҚОСЫМША:
Шәмс Тәбризи (шамамен 1185–1248) — XIII ғасырда өмір сүрген сопылық мистик, ойшыл әрі дервиш.
Ол ұлы ақын әрі сопы Жәләләддин Румидің рухани ұстазы әрі жан дүниесіне үлкен өзгеріс әкелген тұлға.
1244 жылы Шәмс пен Руми кездескен. Бұл кездесу Румидің өмірін түбегейлі өзгерткен. Руми бұрын білімді ғалым болса, Шәмспен танысқаннан кейін махаббат, руханият, Аллаға деген сүйіспеншілік туралы терең жырлар жаза бастаған.
Шәмс Румиге не үйретті?
Ақиқатты сырттан емес, өз жүрегіңнен іздеуді.
Рухани махаббаттың мәнін түсінуді.
Өз нәпсіңмен күресуді.
Білім мен жүрек даналығының айырмашылығын сезінуді.
Аллаға деген сүйіспеншілікті тереңдетуді.
Екеуінің байланысы қандай болған?
Олардың достығы — рухани тарихтағы ерекше байланыстардың бірі. Руми Шәмсті жай ғана ұстаз емес, өзінің жан дүниесін оятқан рухани күн ретінде қабылдаған.
Сондықтан Румидің шығармаларында Шәмс бейнесі Күннің, жарықтың, ақиқаттың символына айналған.