Ғайбаттың не екенін білсек те...

18 маусым 2021 10544 0
Оқу режимі

Ғайбаттың сөздік мағынасы ‒ біреудің сыртынан жағымсыз, жарамсақ сөз айту. Демек, бір адамның бойындағы кемшіліктердің басқа біреуге оның сыртынан айтылуына «ғайбат» делінеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ғайбаттың не екенін ұқтыру үшін айналасындағылардан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» – деп сұрайды. Олар «Алла мен Оның елшісі жақсы біледі» деп сөзді өзіне аударады. Сонда Пайғамбарымыз: «Араларыңыздағы біреуіңіздің ұнамайтын сөздермен өз бауыры жайлы сыртынан айтуы», – дегенде: «Егер ол айтқандарымыз оның бойында бар болса, бұл да ғайбат бола ма?» – дейді бір кісі топ ішінен. Сол кезде жамандықты жан дүниесімен жақтырмайтын аса сезімтал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер айтқандарың оның бойында расында бар болса, онда оны ғайбаттаған боласың, егер ол сипаттар онда жоқ болса, онда оған жала жапқан боласың»[1] деп қалай болғанда да тілді ғайбаттан сақтау керектігін ұқтырған болатын. Демек, біреуді ренжітетіндей ұнамсыз сөз оның сыртынан айтылуы ғайбатқа жатады. Егер ол айтылған сөз дұрыс болған күннің өзінде ол – ғайбат болып саналады. Ал егер айтылған нәрселер оның бойында болмаса – әрі ғайбат, әрі жала болып, күнә үстіне күнә жамалмақ.

Ислам діні жеке адам құқығына ерекше мән бергендіктен, оның ар-намысын қорғауға басты назар аударған. Ар-намыс ‒ жеке тұлға кісілігінің негізгі тірегі. Ал, ғайбаттау – жеке адам құқына қол сұққанмен бірдей. Сондықтан да бүкіл болмыс ішінен адам баласын халифа етіп таңдаған Алла тағала мұсылмандардың тілін достық пен бауырмашылықты, адами жақсы қатынастарды бұзатын пәлекет ғайбаттан сақтау үшін Құранда: «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Иә, бұдан тіксіндіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар...»[2] деу арқылы оның қаншалықты жиіркенішті күнә екенін бір-ақ аятта баян еткен. Иә, адамның өз бауырының етін жеуге қалайша дәті барады? Әрі бұл жерде «өліп қалған бауырың» деу арқылы адамды одан бетер тіксіндіре түседі. Ақыл-есі дұрыс, туыстық мейірімі сембеген бір адамның адами, қоғамдық, әрі мәдени тұрғыдан зиянды, сонымен қатар, жиіркенішті мұндай істі жасауы мүмкін емес. Аятта «одан тіксіндіңіз» деу арқылы адам табиғатының бұл істен жиіркенетінін білдіріп тұр. «Олай болса, Алладан қорқыңдар» деу арқылы Алланың тыйым салған жамандығынан бойды аулақ ұстап, жасаған күнәларымыз үшін тәубе етуге шақырады.

Тағы бір аятта Алла Тағала: «Көзің жетпей тұрып, көңіл аударма. Өйткені, құлақ, көз, көңіл – бәрі де көргеніне, естігеніне жауапты»[3] деу арқылы біреу жайлы нақты мәліметке ие болмайынша, өзгелер жайлы жаман ойламауға шақырады.

Басқа біреу жайлы жаман ойлаудың өзі ‒ ғайбаттың жасырын түрі. Бұл суи занн (яғни, араб тілінен аударғандағы мағынасы – жаман ойлау) деп аталады. Тілмен жамандау харам етілгендей, жүрекпен де жаман ойлауға тыйым салынған. Құранда Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер, күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә» деп бізге жалпы жаман ойламауға бұйырады. Өйткені, жаман ой тек жүректе қалып қоймай, ақиқатқа жеткісі келіп тіміскіленеді. Алла тағала وَلَا تَجَسَّسُوا «тіміскілеп сыр іздемеңдер» («Хужурат,» 12) деу арқылы басқа мұсылмандардың қателері мен күнәларын іздеуге құлшыныс танытпауға шақырады. Адамға келген жаман ой жүректегі сүйіспеншілікті өшіріп, дұшпандыққа айналдырады. Міне, сондықтан осы аятта ғайбаттау, жаман ойлауға суи занн және тырнақ астынан кір іздеуге үзілді-кесілді тыйым салынған.

Ардақты елші (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде қоғамдық өмірімізге зиянын тигізіп, адамдар арасындағы жақсы қатынастарға балта шабатын әрі ақыреттік өмірімізде ауыр азапқа душар ететін ғайбаттан аулақ болу керектігін үнемі үмбетінің есіне салып отырған. Адамдарды пенделіктен арылтып, кемелдікке бастау үшін жіберілген ислам діні қоғамдық өмірдегі бірліктің берекесін қашырар жаман мінездерден ұзақ болуды насихаттайды. Ислам дінінің бұған қаншалықты мән бергенін жете түсіну үшін, Пайғамбарымыздың осы мәселеге қатысты айтқан ескертулері мен тыйымдарына назар аударған жөн.

Хазірет Әнас (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз бір күні ауыз бекітуімізді әмір етіп: «Рұқсат етілмейінше ешкім оразасын ашпасын» деді. Кеш қараңғылығы түскен кезде Пайғамбарымыз алдына келгендерге ауыздарын ашуға рұқсат берді. Осы кезде бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Екі жас қыз ораза ұстап, қатты шаршады. Сіздің алдыңызға келуге ұялады, білем. Қарсы болмасаңыз, оразаларын ашсын», – деген кезде Пайғамбарымыз рұқсат бермей қояды. Әлгі кісі тағы екі мәрте пайғамбардың алдына келеді. Ақырында Пайғамбарымыз: «Олар ораза ұстаған жоқ. Күні бойы адамның етін жегендердің ауыздары қалай берік болады? Оларға айт, ораза тұтқан болса, асқазанындағысын сыртқа ақтарсын, көрейік», – дейді. Әлгі кісі Пайғамбарымыздың айтқандарын жеткізді. Олар Пайғамбарымыздың айтқанын орындайды. Пайғамбарымыздың айтқаны айдай келіп, әлгілер қан лоқсиды. Жаңағы кісі Пайғамбарымызға келіп жағдайды баяндаған кезде: «Шыбын жанымды құдіретті уысында ұстаған Аллаға ант етейін, егер құспай бұл қан асқазандарында қалғанда оларды жаһаннамның оты жұтар еді», – деді. Екінші бір риуаятта әлгі кісі екінші рет келіп: «О, Алланың елшісі, шыдамдары таусылып, аштықтан бұратылып тұр», – дейді. Пайғамбарымыз оларды әкелгізіп біреуіне: «Кәне, лоқсы», – деді. Ол қан аралас ірің лоқсиды. Тіпті, ыдыс толып кетті. Екіншісі де дәл солай. Осыдан кейін Пайғамбарымыз: «Бұлар халал жолмен ораза ұстады. Бірақ, адамдардың етін жеу арқылы харам жеді», – деген-ді[4].

Міне, жоғарыда «Хужурат» сүресінің 12-аятында айтылғандай, ғайбаттың адам етін жеумен бірдей жиіркенішті екенін Пайғамбарымыз үмбетіне осылайша үйреткен болатын.

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізген бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім дүниеде мұсылман бауырының етін жесе (ғайбаттап, өсектеп) қиямет күнінде ол адамның еті оған ұсынылып: «Оның өлі етін же. Өйткені, сен тірі кезіңде оның етін жегенсің» делінеді. Пайғамбарымыз осыны айтқаннан кейін «Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұнатады ма?» деп «Хужурат» сүресінің 12-аятын оқыған еді[5].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла бір мұсылманға екінші мұсылманның қанын, малын және ар-намысын харам қылды»[6], – дейді. Яғни, бұл жерде заттық зияннан өзге, сөз арқылы біреудің ар-намысына тиіп, көңіліне қаяу түсіретін әрекеттің де харам етілгендігі айтылған.

Басқа бір хадисінде Пайғамбарымыз: «Пайыздың (риба) ең жаманы нақақ мұсылманның ар-намысына тиіп ренжіту»[7], – дейді. Бұл жерде біреудің ар-намысына тиіп ренжіту де ғайбатқа жатады. Ғайбаттың соншалықты ауыр күнә болуының астарында, адамға мал-мүліктен гөрі ар-намыстың қымбат болуы жатыр. Ислам діні адам баласына басты мән беріп, оны бүкіл жаратылыс атаулыдан ардақты қылған. Пайғамбарымыздың ғайбатты пайызбен теңеуінде терең мән бар. Өйткені, дінімізде пайыздық өсім ‒ ең көп датталған, одан бойды аулақ ұстау керектігіне басты назар аударылған ауыр күнәлардың бірі. Құранда «пайыз жеген адамдардың қиямет күнінде қабірлерінен шайтан соққан адамдардың есеңгіреп орындарынан тұрғанындай көтерілетіндері... Пайызды адал санағандарды Алла тағала жақсы көрмейтіндігі» айтылады (Бақара, 275-276). Олай болса, жоғарыдағы хадис ғайбаттың бұл жиіркенішті күнәдан да ауыр болатынын баяндап тұр.

Исламда ғайбаттың, сөз тасып, жала жауып өсек айтудың датталу себебі, қоғамдық өмірдегі бірлік пен берекетті, адамдар арасындағы жылылықты жоятындығында жатыр. Тән жарасынан гөрі жан жарасының жазылуы қиын. Пайғамбарымыз: «Ғайбат зинадан да ауыр күнә» деген кезінде қасындағылар «Қалайша, уа, Расулалла?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз: «Кісі зина жасайды, сосын тәуба етеді, Алла оны кешіреді. Ғайбат жасаушы жамандаған адамы кешірмейінше кешірілмейді»[8]. Сондықтан адамның жүрегін жаралап, рухына дақ са­латын ғайбат кісінің жеке құқығына қол сұғуға жататындықтан, оны тек қана ғайбатталған адам ғана кешіре алады. Құл ақысын Алла тағала емес, тек құлдың өзі кешіреді. Пайғамбарымыз сондықтан кісінің бүкіл жақсы амалдарын тып-типыл ететін ғайбат сөзден әркез сақ болуды ескертеді.

«Құлақтан кірген суық сөз, көңілге барып мұз бо­лар» демекші, біреудің сыртынан айтылған сөздер жүрегімізге жара салып жаман сезімнің, өшпенділіктің тууына жол ашады. Қайсыбір мұсылманның Алла тағаланың құзырына өз бауырына деген жағымсыз не ренішті оймен аттануы, әрине, жақсылықтың нышаны емес. Сондықтан да адамзатқа ұстаз етіп жіберілген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Ешкім сахабаларым жайлы жанға жағымсыз сөз айтпасын. Өйткені, мен алдарыңа ішімде ешқандай жаман сезімсіз шыққым келеді»[9] деген. Әрине, Ардақты елшінің осындай даналық тұжырымдары ‒ біздер үшін де үлгі.

Тырнақ астынан кір іздеп, басқа біреудің кемшіліктерін тізбектеп отыру да адамды ғайбатқа жетелейді. Сондықтан Алла Тағала «Бір-бірлеріңнің кінәларыңды тіміскілеп іздемеңдер» десе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, тілімен иман келтіріп, жүректерімен сенбегендер! Мұсылмандардың сыр­тынан сөз айтып, кемшіліктері мен кінәларын тізбелемеңдер. Кімде-кім мұсылмандардың құпия халдерін іздесе, Алла тағала да оның кінәларын ашады, тіпті, үйінде тығылып отырған күннің өзінде оны жұртқа масқара қылады»[10], – деп ескертеді. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», пенде болған соң адамның күнә жасауы мүмкін. Біздің міндетіміз – діндес бауырларымыздың күнәсін барынша жасырып, жария етпей, қайта оның сол кемшіліктер мен күнәлардан арылуы үшін қол ұшын созып, тілекші болу.

 Мына жағдайларда біреуді сөз етуге болады

Ислам ғалымдары айтып жеткізудің басқаша жолдары болмағанда, яки адамды түзету мақсатында айтылуға рұқсат берілген ғайбаттың мына алты жағдайда бола­тынына ортақ пікірлерін білдірген:

1. Жәбірленуші ақысын алу үшін өзіне қиянат жасаған адамға арызданып, «ол маған мынаны-мынаны істеді» деп мемлекет басшысына, сотқа немесе сол жәбірлеушіден ақысын алып беруге шамасы келетін адамға сыртынан сөз айта алады.

2. Жаңылыс бір әрекетті түзету және күнә жасаған кісіні дұрыс жолға салу мақсатында жәрдем сұрап, ол жайлы сөз айтуға болады. Оның ниеті тек жамандықты түзету болу керек, ал, басқа мақсатта болса, онда ол харам болмақ.

3. Пәтуа сұраған кезде ғайбатқа рұқсат етіледі. Пәтуа сұраушы кісі «Әкем, бауырым, жолдасым не­месе пәленше маған былай әділетсіздік жасады. Бұлай жа­сауы дұрыс па? Одан ақымды алып, көрсеткен қиянат-жәбірінен құтылу үшін не істеуге болады?» деп айта алады. Асылы, адамдардың аттарын атамай-ақ «былайша әрекет еткен бір кісі жайлы не айта аласыз?» деуі жөн болса да, мұндай жағдайда атын атау да күнә емес.

4. Залалдың алдын алу, зиянға жол бермеу мақсатымен мұсылман бауырын ескерту үшін насихат жасаған кезде. Біреу екінші бір адаммен ортақ жұмыс істегісі келіп, оны танитын адамдарынан келешекте бірге жұмыс істейтін адамы жайлы пікір сұраса немесе оған аманат табыс еткісі келсе, не онымен көрші болғысы келсе, оны танитын кісі ешқандай жаман ниетсіз оның кемшіліктерін ашық айтып, ол жайлы мәлімет бере алады.

5. Іштей еш дұшпандық ойлап кемсітпестен, тек та­ныту мақсатында «ана аяғын сылтып басатын кісі ше» немесе «ана көзі көрмейтін кісі бар еді ғой» деп айтуға болады. Басқа сы­пайы сипаттарымен таныту мүмкін болса, сол сипатта­рын қолдану арқылы танытқан абзал.

6. Ашықтан-ашық күнә істеп, бұдан еш ұялмаған, тіпті, жасаған күнәларын мақтан тұтқан пасық адамның сыртынан сөз айтуға болады. Пайғамбарымыз: «Пасық пен күнә жасаудан қысылмай жария ететін (мужаһир) адамдардың сыртынан айтылған сөз ғайбат болмайды»[11], – десе, тағы бір хадисінде «Ұяттан жұрдай болған адамның ғайбаты жоқ»,[12] – дейді.

Ғайбат – белгілі бір адамның сыртынан сөз айту. Дей тұрғанмен, ізгі ниетпен түзету мақсатында «кейбіреулер былай жасайды» деп жалпылама айту ғайбатқа жатпайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «кейбіреулер неге былай-былай жасайды» деп оларды түзету мақсатында ескерту жасап отырған. Біз бұл тұста да Алла елшісінің керемет парасаттылығын көреміз. Егер біреудің атын атап көпшіліктің алдында жамандайтын болсақ, оның бізге көңілі қалып, жүрегіне дұшпандық сезім ұялауы әбден мүмкін. Ал аты аталмастан ескерту алған сана-түйсігі бар адам ол нәрседен сабақ алып, екінші рет жасамауға тырысады.

Сондай-ақ, адамның атын атап, түсін түстемей-ақ «бүгін келгендердің біреуі» деп айтқанда бұны естіген адамдар оның кім екенін білетін болса, ондай жағдайда бұл да ғайбатқа жатады. Өйткені аты аталмаса да барлығы оның кім екенін білгендіктен, есімін жария еткенмен бірдей болып тұр.

Ғайбаттаушы қалай тәубеге келе алады?

Әсілі, кешірім сұрауды әдетке айналдырған дұрыс. Ғайбаттаушы ғайбатталған адамға жағдайды айтып, кешірім сұрауы керек. Мысалы, «сені ғайбаттадым, кешір» деп, мүмкін болса, болған жай айтылады. Егер жағдайды баяндау барысында айтылған сөздер өткенді еске салып кісінің жүрегін қайта жаралайтын болса, онда тек «ақыңды кеш» деп, кешірім сұраған жөн. Ғайбатталған кісі де, парасаттылық танытып «кешірдім» дегені абзал. Қазақ халқының «алдыңа келсе,атаңның құнын кеш» деген даналық сөзі де осыны аңғартады.

Кейбір ғалымдар ғайбатты үш түрге бөледі:

1. Ғайбат жасап тұрып: «мен ғайбат жасап тұрған жоқпын, оның бойындағы мінді айтып тұрмын» деп айту, харам екені белгілі нәрсені халал деу, бұл ‒ күпірлік.

2. Ғайбаттаушының айтқандары ғайбатталған адамның құлағына жететін болса, ол кісіден кешірім сұрамайынша, тәубесі толық болмайды. Керісінше, оның құқығына қол сұғып, ақысын жеген болады.

3. Ғайбаттаушының сөздері ғайбатталғанның құлағына жету ықтималы жоқ болса, өзі үшін әрі ғайбаттаған адамы үшін кешірім тілеп тәубе етуі қажет. Кейбір ғалымдар міндетті түрде ғайбатталған кісінің өзінен кешірім алынуы керек десе, кейбіреулері Аллаға тәубе етіп кешірім тілеу жеткілікті деген.

Ғайбат сөзді бар ықыласымен ерікті түрде құлақ түріп, ынта қоя тыңдаған адам да ғайбаттаушымен тең. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тыңдаған адам да ғайбаттаушылардың бірі»[13], – деген. Сондықтан біреудің сыртынан жаман сөз айтылғанда оған тосқауыл жасау керек. Пайғамбарымыз «Кімде-кімнің қасында мұсылман бауыры жамандалып, кемсітіліп жатқан кезде күші жете тұрып оған көмектеспесе, қиямет күні Алла тағала да оны төмендетіп масқара қылады»[14], – дейді. Егер ғайбаттаушыға күші жетпесе, тілімен оны айыптап, шамасы келсе ол жерден кеткені жөн. Ғайбаттаушы және ғайбатты қарсылық білдірмей өз еркімен тыңдаушы мұсылман абайсызда осындай жиіркенішті қылыққа бой алдыратын болса: «Аллаһумағфир ләнә уә лимән иғтәбнәһу» (Алла тағалам, бізді және ғайбаттаған адамымызды кешіре гөр!) деп дұға етіп, артынан жамандап сөз айтқан бауырынан міндетті түрде кешірім сұрауы керек.

Ғайбаттан арылудың жолдары:

1. Кісі – өз нәпсісін кінәлаушы, ал басқалардың қорғаушысы болуы керек. Ибн Аббас (р.а.): «Басқалардың кемшілігін айтқың келсе, алдымен өз кемшіліктеріңді есіңе ал», – десе, Хасан: «Ей, адам баласы! Өзіңнің бойыңда кемшілігің бола тұра басқаларды кінәлауды қоймасаң, толық мұсылман бола алмайсың. Кәміл мұсылман болу үшін алдымен өзіңді жөндеп, кейін басқалардың кемшіліктерін түзетуге тырысуың керек. Осылай жасаған кезде ғана Алланың шынайы құлдарынан бола аласың»[15], – дейді.

2. Адам баласының күнә жасауға бейім жаратылғандығын ескере отырып, бауырына жаманшылық ойламай оған дұға ету. Өйткені, мұсылман бауырының жасап қойған күнәсі үшін ар­тынан сөз қылып жамандап, дүйім жұртқа жар салмай, қайта оған жаны ашып, күнәсінен арылуы үшін Алладан кешірім тілейді.

3. Ақыреттегі ғайбаттың ауыр жазасын жиі-жиі еске алу.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім ғайбаттаушы бір мұнафықтан (екі жүзді) мұсылманды қорғаса, Алла оған денесін жаһаннам отынан қорғайтын бір періште жібереді. Кімде-кім мұсылманды жамандау мақсатымен бір жала жапса, Алла оны жаһаннам көпірлерінің бірінің үстінде сөйлегендерінің күнәларынан арылғанға дейін ұстайды»[16],  дейді.

Хазірет Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) мына бір сөзін алға тартады: «Миғраж түнінде тырнақтары жез бір қауымды көрдім. Олар беттері мен кеуделерін тырнақтарымен осқылап жатты. «О, Жәбірейіл! Бұлар кімдер?» деп сұрадым. «Бұлар адам етін же­гендер мен ар-намыстарын аяққа таптағандар деді»[17].

4. Ғайбаттың бұл дүниеде адам пиғылын бүлдіріп, қоғамды жегідей жеп, ел ішіне іріткі салып, таласты­рып-тартыстырып, тіпті, бауырларды дұшпан ететін ауыр індет екенін еске алып, одан шын мәнінде жирене білу.

5. Ғайбаттың не екенін дұрыс ұғыну. Өйткені, ол – өсім мен зина сияқты ең ауыр күнәлардың бірі.

6. Ғайбат мәселесі адамның ішкі дүниесінде оны үнемі сақтандыратын күшке айналғанда ғана адам өз бойын бұл кесапаттан аулақ ұстай алады.

Ғайбатқа қатысты мына нәрселерді де білгеніміз жөн. Ауыздан шыққан әрбір сөзді жазып алатын періштелер бар. Алла тағаланың құзырына барғанда бұл сөздер кітап болып оның алдына әкелінетіндіктен айтылған сөздерінен ұялуы тиіс. Сондықтан да бір кісі керексіз нәрселер сөйлеп тұрған адамға: «Сен Алла тағалаға жіберілетін кітабыңды жазудасың. Жазған сөйлемдеріңе абайла!», – деген екен.

Ғайбаттан тілді сақтау ‒ иман, ерік-жігерді қажет етеді. Ғайбаттың діни әрі қоғамдық зиянын терең түсінген шынайы мұсылман, тілін ауыр азапқа душар ететін індеттен сақтауы керек. Ол үшін ынта-жігерін салып, «егер де мен ғайбат ететін болсам бір айлық жалақымды садақа етіп үлестіремін», я болмаса «ал­пыс күн қатарынан ораза ұстаймын» деп шарт қойып, өзіне өзі саналы түрде, сөз берсе, тілін жамандықтан сақтауға үйрете алады. Әрине, бұл оңай емес, сондықтан да Юнус ибн Абдуллаһ: «Басраның шөлінде қаншама күн ораза ұстауға шыдаған нәпсім бос нәрселер сөйлемеуге шы­дай алмады», – деген екен.

Пайғамбарымыз: «Сөз тасушы жаннатқа кіре ал­майды»[18] деп үмбетін жаман қасиеттерден алшақ тұруға, жаман қасиеттердің кісіні жаһаннамға жетелейтінін айтып ескерткен.

Құран мен хадистің ескертулерін ескермей, қазіргі таңда мұсылмандардың діни, ұлттық және қоғамдық тұрғыдан соншама зияндығына қарамастан, ғайбатқа, оның таудай ауыр салдарына мән бермеуі өкінішті жағдай.

Ғайбат мәселесінде абай болуды қажет ететін тағы бір кілтипан мынау. Кейбіреулер ғайбаттан сақтанған боп көріну үшін: «Одан да бетер нәрселері бар. Бәрін айта берейін десем, ғайбат болады ма деп қорқамын» деп жұмбақтап сөйлеуі – ашық айтылған ғайбаттан да ауыр күнә. Ол – адамға харам ойларды құртша қаптататын, әртүрлі жорамал жасауға итермелейтін, ашық айтылған мың жаладан да бетер зілдей күнә. Өйткені, тыңдаушыны «зина жасады ма екен, арақ ішті ме екен, ұрлық қылды ма екен, әлде, адам өлтірді ме екен» деген сияқты санасын сан саққа жүгіртетін неше түрлі жаман ойларға жетелейді.

Ойланып қарайтын болсақ, негізінде біреудің артынан сөз тасып жамандаушының өз ортасында қадірі кетеді. Ал, ғайбаттаудан бойын аулақ ұстап, намысын сақтай алған кісі сенімді әрі құрметті тұлғаға айналады.

Күллі адамзатқа үлгі етіп жіберілген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ғайбат – адамдардың сауаптарын жоюда лап етіп, бір-ақ жалмайтын өрттің сумаңдаған тілінен де жылдам», – дейді. Сондықтан тілді бүкіл жақсы амалдарды жоятын ғайбаттан сақтауға аса мұқият болу керек.

Пайғамбарымыз тағы бір хадисінде: «Аллаға және ақырет күніне сенген адам жақсы нәрселер сөйлесін, болмаса үндемесін», – деп ескертеді[19]. Мұсылман кісі сөйлеген сөздері мен істеген істері тұрғысынан әрдайым қоғамда үлгі тұтарлық тұлға болуы керек.

Сөйлеу – адамға берілген өте үлкен сый. Бұл сыйды өз орнымен қолдану жаннатқа кіруге бірден-бір себепкер болады. Ақиық елші (с.ғ.с.): «Маған мына екі нәрседе: екі ерін арасы мен екі шат арасына кепілдік берсеңдер, мен сендерге жаннатқа баратындарыңа кепілдік етемін»[20], – дейді. Бұл екеуі де адам нәпсісінде оңай бас көтеретін аса қиын ағзалардың бірі. Өйткені, ауызбен айта салу адамға ешқандай қиындық тудырмайды. Адам айтқандарына абайламаса, бір ауыз сөзбен күпірлікке кіруі де мүмкін. Ғайбат та ауыздан шыққан бір ауыз сөз. Жасалуы оңай, өтемі тым ауыр күнә.

Тілді пайдасыз нәрселерге қолданбай осы дүниеде абырой, ақыретте жеміс беретін Алланы еске алуда, жақсы нәрселер сөйлеуге қолданса, тіл жаратылу мақсатына сай өз міндетін орындайды. Сөйлеу нығметі адамға зияннан гөрі есепсіз пайда беруге лайық.

Пайдасыз бос сөздер адамның жүрегін қатайтып, Алладан алыстатады. Осыған орай Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланы зікір етпей бос нәрселерді айтып сөзді ұзартпаңдар. Арасында Алланың аты еске алынба­стан айтылған көп әңгімелер жүректі қарайтады. Алладан ең ұзақ болғандар – тас жүректілер»[21], – дейді.

Біреудің ғайбатқа жол берген әрекетінен ғайбатталушыға келер зияны болмайды. Керісінше оған пайда, өзіне зиян келтіреді. Өйткені, ғайбатталған адамның бүкіл күнәсы ғайбаттаушының мойнына ілініп, сауаптары ғайбатталушыда қалады. Ғайбатталған адам сыртынан айтылғандарды естіп тұрып, тілін ғайбаттан сақтап, сабырлық көрсетсе ғана сауап ала алады. Егер өзі де бірден жауап беріп, ғайбаттай жөнелсе, сауаптарынан айырылып қалады. Табиғиндердің үлкен ғалымдарының бірі Хасан Басри өзін ғайбаттаған кісіге бір табақ құрма жіберткізіп: «сауаптарыңды маған жолдап, күнәларымды мойныңа алғаның үшін рахмет» деп алғыс айтқан екен[22].

Сахабалар бірінің артынан бірі сөз тасып, ешкімге ешкімді қарсы қоймайтын және мұны ең үлкен ғибадат деп есептейтін. Әбу Һурайра «Дүниеде діндес бауырын ғайбаттаған адамға қиямет күнінде сол бауырының бейнесінде ет ұсынылып, «дүниеде бұл кісіні қалай ғайбаттаған болсаң, енді осы етті же» делінеді. Еттің ащылығы сонша, түрі мыжырайған күйі айғайлап түрегеледі» деген екен[23].

Исламның алғашқы саф кезінде мұсылмандар біреуді ренжітетін сөздерді айту былай тұрсын, тіпті, біреудің киімі мен көлігінің кемшілігін айтудың өзін ғайбат санайтын. Күндердің бір күні бойы тапал бір әйел Пайғамбарымызға келіп, кейбір мәселелерді сұрап кеткеннен кейін Айша анамыз «бойы қандай қысқа!» деген кезінде Пайғамбарымыз «Ей, Айша! Ғайбат жасадың» деп ескерткен-ді[24].

Бір күні Айша анамыз (р.а.) «Уа, Алланың елшісі! Сафиядағы мынау-мынау жағдайлар саған жетеді» дегенде (кейбір риуаяттарда оның бойының қысқалығын айтқан делінеді), Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Сондай ауыр сөз айттың, егер ол теңізге араласты­рылса, теңіз суын да ластап жіберетін еді»[25] деген.

Жабир ибн Абдуллаһ (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде қандай да бір ғайбат жасала қалса оның исі сезілетіндігін айтады. Бұл – сол кездегі қоғам тазалығының айғағы. Ал қазіргі таңда біз бойымызды әбден бұл індетке алдырып, етімізді үйреткеніміз сонша – исін сезбек түгілі, оның күнә екенін де ажыра­тудан қалып барамыз. Мысалы, жаман иіс шығатын жерден бір кісі өтіп бара жатса, ол иістен тіксінеді. Ал, сол жерде тұрып жатқан адамдар бұл иіске әбден үйреніп қалғандықтан бұл иістен жиіркенбейді де. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен оның айналасындағы сахабалар ислам нұрымен нұрланғаннан кейін жамандық атаулыдан мейлінше бой­ларын аулақ салған еді. Сондықтан олардың ара­сында мұндай жағымсыз нәрсе бола қалса бірден сезілетін.

Кейбіреулеріміз тамағымыздан арам ас өтіп кетпесін деп күмәнді тағамдардан барынша сақтануға тырысамыз. Бұл – кісінің рухани өмірі үшін өте маңызды екені белгілі. Алайда, харам екені Құран және хадистерде анық бекітілген үкімдерге мұндай сезімталдық көрсетпеу – таң қаларлық іс. Мысалы, күмәнді тағамдарды аузына алмауда сауысқандай сақ кейбір жандар еш қиналмастан, қысылмастан әншейін шырпы тұтатқандай біреуді ғайбаттап, жалған сөйлеп, көре алмаушылыққа жол береді. Бұның біріншісі күмәнді тағамды жеу болса, екіншісі бауырының етін әрі өлі денесін жеу деген сөз ғой. Бұл шүбәлі, күмәнді нәрселерден сақтанбау деген сөз емес, қайта харам екені ашық белгіленген нәрселерге абай болу деген сөз. Өйткені, ғайбат ‒ зина сияқты ауыр күнәлардың бірі әрі жеке адамның жақсы амалдарын жоятын, әрі қоғамдық өмірді іштен ірітетін індет.

Егер бойымыздағы сипаттардың бәрі мұсылман сипаттары болса, онда Жаратқан Ие мұндай қоғамды басқалардан ғылымда, техно­логияда, адам құқықтарына қатысты бүкіл салада сөзсіз жоғары етеді. Терең ойланбау, жүйелі жұмыс істемеу, бірлікті бұзатын әрекеттер жасау, болмашы мәселелерді үлкейтіп таласып-тартысу, өсек айтып жамандау мұның бәрі – исламға жат сипаттар. Мұндай сипаттар үстемдік құрған қоғамның алға басып, жетістікке жетуі мүмкін емес.

Алла тағала жүректерімізді бірлестіріп, кәміл мұсылман, хазірет Мұхаммедке лайық үмбет болуды несіп етсін!

Алау Әділбаев
теология ғылымдарының докторы

 


[1] Әбу Дауд, Әдәб, 40; Муслим, Бирр, 70
[2] «Хужурат» сүресі, 12-аят.
[3] Исра, 36
[4] Ахмад Ұбайдан риуаят еткен, Ихя, 3/1, 319-320-б.
[5] Ғазали, Мукашафатуль-қулуб, 149-б.
[6] Муслим, Бирр, 32
[7] Әбу Дауд, Әдәб, 40
[8] Бәйхақи, Шуабуль-иман, 6740-42
[9] Тирмизи, Манақыб, 38-39; Әбу Дауд, Әдәб, 33
[10] Әбуд-дуня және Әбу Дауд риуят еткен, Ихя, 3/1, 319-б
[11] Муслим, Зуһд, 52
[12] Бәйхақи, Сунән, Х, 10; ән-Науауий, Нузһатуль-муттақин шарху Риядус-салихин, Бейрут, 1991, 2/271-273
[13] Табарани Ибн Омардан, Ихя, 3/1, 325
[14] Табарани Сахлдан, Ихя, 3/1, 326
[15] Ихя, 3/1, 321
[16] Әбу Даууд, Әдәб, 40
[17] Әбу Даууд, Әдәб, 40
[18] Бухари, Әдәб, 50; Муслим, Иман, 169
[19] Бухари, Китабуль-әдәб уәр-Риқақ, 265,11; Муслим, Китабул-луқата, 47
[20] Бухари, Риқақ, 23; Муслим, Китабуль иман, 42
[21] Тирмизи, Китабуз-зуһд, 2413
 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру