ҒЫЛЫМСЫЗ АДАМ – АЙУАН...

09 желтоқсан 2024 570 0
Оқу режимі

Ғылымсыз адам – айуан,
Не қылсаң да, ғылым бiл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл.

Ақылға еркiн ой керек,
Матаудан ойды азат қыл.
Әдеттенiп ертерек,
Өрiсiн кеңiт жылма-жыл.

Қырық жасымда ойладым,
Жетпiстемiн мен биыл.
Белдi бекем байладым,
Әдеттендi ой мен тiл.

Атағы шыққан жақсыға,
Ақылды байлап қылма құл.
Шатақ дiн мен дағдыға,
Шоқынба, досым, зиян бұл.

Дұрыс деме құры ойлап,
Ақылға сынат, сабыр қыл.
Жығылмайтын дәлел тап,
Бiрезу болма өзiмшiл.

Мiнiңдi тапса кiм сынап,
Аяғына бар жығыл.
«Қап, бәлем» деп кектi ұнап,
Сақтай көрме ойға зiл.

Бақ, мансапқа сиынып,
Болма боран, жел, дауыл.
Аса сәндi киiнiп,
Қуыршақ болма сәкәкүл.

Тiкенiң болса бойыңда,
Ауырса да, өзiң жұл.
Сергек болсын ойың да,
Ерiншек болма құр масыл.

Адамның ең асылы –
Қиянатсыз ақ бейiл.
Ең зиянкес жасығы –
Тайғақ мiнез, екi тiл.

Сөз, мiнезi құбылса,
Ар, иманы жоқ деп бiл.
Аулақта жемтiк сыдырса,
Оны ойыңмен айуан қыл.

Дұспанға да бол әдiл,
Түсiрме ойға тат пен нiл.
Ұмытпа болсаң бiздiң ұл,
Осы өлеңдi құлаққа iл.

ШӘКӘРІМ

 


 

 

Пікірлер Кіру