Ихуан Әл-муслимин
Жиырмасыншы ғасырдың бірінші ширегінде Таяу Шығыстағы геосаяси дағдарыстар мен Осман империясының ыдырауы аясында пайда болған діни-саяси ағымдардың ішінде ең тоталитарлық әрі трансұлттық сипатқа ие құрылым — Ихуан әл-Муслимин ұйымы. 1928 жылы Египетте Хасан әл-Банна негізін қалаған бұл қозғалыс классикалық исламдық құндылықтарды модернизациялық тұрғыдан саяси құралға айналдырудың алғашқы институционалды үлгісі болды. Ұйымның іргелі стратегиялық концепциясы ислам дінінің метафизикалық және этикалық негіздерін тар шеңбердегі саяси идеология деңгейіне түсіру, қоғамды исламизацияланған және жаһилияттық деп поляризациялау (жіктеу) болып табылады.
Уақыт өте келе бұл қозғалыс әлемдік деңгейдегі мемлекеттік төңкерістердің, деструктивті геосаяси жобалардың және қарулы шиеленістердің идеологиялық катализаторына айналды.
Ұйымның доктриналық негізін қалаушы Хасан әл-Банна өзінің ресми манифестерінде бейбіт ислам концепциясын уақытша тактикалық қадам ретінде ғана қарастырған. Оның «Расаил» (Жолдаулар) жинағына енген «Рисалат әл-Мутамар әл-Хамис» (Бесінші съездің жолдауы) атты еңбегінде ұйымның стратегиялық мақсаттарға жету үшін күш қолдануды құқықтық және діни тұрғыдан қалай ақтайтыны анық көрсетілген: «Көптеген адамдар: Ихуан әл-Муслиминнің ниетінде өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін күш қолдану бар ма деп сұрады. Ихуан әл-Муслимин күштен басқа ештеңе пайда бермейтін жерде және иман мен бірлік дайындығын толық аяқтадық деп сенімді болған жағдайда күш қолданады. Олар бұл күшті қолданған кезде асқақ әрі ашық болады» (әл-Банна, 1984, 233-б.).
Бұл тезис халықаралық ланкестік пен экстремизмді зерттеуші ғалымдардың тұжырымдарымен үндеседі: ұйым заманауи радикализмнің негізгі инкубаторы рөлін атқарады. Олар зорлық-зомбылықты толығымен жоққа шығармады, тек оны іске асыру үшін ұйымның материалдық және кадрлық ресурстарының толық пісіп-жетілуін, яғни стратегиялық кезеңді күтеді.
Хасан әл-Банна концепциясы бойынша кез келген заманауи мемлекеттік модель (республикалық, демократиялық немесе монархиялық) егер ол ұйымның саяси иерархиясына бағынбаса, заңсыз деп танылады. Ол бұл ұстанымын өз еңбегінде былай деп жазады: «Ислам — бұл билік және атқару. Ихуан ислам негізіне құрылмаған және одан бастау алмаған ешбір үкіметті мойындамайды. Олар өз үмбетіне ізгі ислам үкіметін дайындау үшін жұмыс істейді» (әл-Банна, 1984, 235-б.).
Бұл қағида халықаралық құқық жүйесін және Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің егемендік қағидатын толығымен бұзады. Осы доктринаның негізінде ұйым мүшелері өздері өмір сүріп жатқан мемлекеттік заңдардан жоғары өздерінің ішкі жарғылары мен Жоғары жетекшінің бұйрықтарын қояды.
Ұйымның екінші кезеңдегі бас идеологі Сейид Кутбтың еңбектері саяси исламның радикалдану процесін шегіне жеткізді. Ол өзінің «Ма’алим фит-тарик» (Жол белгілері) атты кітабында бүкіл заманауи мұсылман қоғамдарын исламнан шыққан деп жариялап, тәкфир (кәпірге шығару) үрдісіне жол ашты: «Біз бүгін ислам пайда болған тұстағы жаһилият сияқты немесе одан да қараңғы жаһилиятта өмір сүріп жатырмыз. Айналамыздағының бәрі — жаһилият. Адамдардың сенімдері мен түсініктері, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері, мәдениет дереккөздері, өнерлері мен әдебиеттері, шариғаттары мен заңдары. Тіпті біз ислам мәдениеті, ислам дереккөздері, ислам философиясы және исламдық ойлау деп есептейтін нәрселердің көбі де — осы жаһилияттың туындысы» (Кутб, 1979, 21-б.).
Саяси талдауларға сүйенсек, Сейид Кутбтың бұл тұжырымдамасы ХХІ ғасырдағы Әл-Каида мен ДАИШ сияқты трансұлттық ланкестік желілердің аналогтық базасын құрады (Руа, 2004). Қоғамды жаһилият деп жариялау — оған қарсы қарулы жиһад жүргізуді автоматты түрде заңдастырудың алғышарты болып табылады.
Ихуан идеологиясының ең үлкен қаупі — ол ұлт, ұлттық шекара және мемлекеттік егемендік деген қасиетті ұғымдарды пұтқа табынушылықтың қалдығы деп есептейді. Сейид Кутб бұл туралы былай дейді: «Мұсылман үшін Алланың шариғаты орнатылған жерден басқа Отан жоқ. Және мұсылман үшін оны Мұсылман үмбетінің мүшесі ететін ақидасынан басқа ұлт жоқ» (Кутб, 1979, 123-б.).
Бұл идея ұлттық бірегейлікті, мемлекеттік егемендікті және халықтардың өзін-өзі билеу құқығын жоюды көздейтін, баламалы трансұлттық теократиялық империя құруды мақсат ететін геосаяси қауіп болып табылады.
Орталық Азияның посткеңестік кеңістігі жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап бұл ұйымның жанама ықпал ету аймағына айналды. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, Ферғана алқабы мен көршілес өңірлердегі діни экстремистік ошақтардың пайда болуы осы ихуандық әдебиеттердің жасырын таралуымен тікелей байланысты (Рашид, 2002).
Аймаққа төнетін негізгі қауіптер келесідей құрылымдық деңгейлерде көрініс табады: Конституциялық зайырлылық моделіне нұқсан келтіру: Қазақстан Республикасы Конституциясының бірінші бабында мемлекеттің зайырлы сипаты бекітілген. Ихуан идеологиясы бұл зайырлылықты дінсіздік ретінде көрсетіп, мемлекеттік басқару жүйесін теократиялық бағытқа бұруды мақсат етеді.
Инфильтрация (Жасырын ену) тактикасы: Ұйымның Орталық Азиядағы қазіргі стратегиясы — ашық қақтығыс емес, интеллектуалды иелену. Олар өз мүшелерін беделді оқу орындарында оқытып, мемлекеттік аппаратқа, білім беру жүйесіне, БАҚ және сарапшылар қауымдастығына жасырын түрде енгізеді. Олар мақсатты уақыт жеткенше өздерінің діни амбицияларын жасырып ұстайды.
Дәстүрлі Ханафи мектебін деструкциялау: Аймақ халықтарының ұлттық бірегейлігінің өзегі саналатын Ханафи мазхабы мен Матуриди ақидасы ихуаншылар тарапынан саяси белсенділігі жоқ, әлсіз жүйе деп сыналады. Бұл — ұлтты тарихи тамырынан және ғасырлар бойы қалыптасқан діни бірегейлігінен айыру қатері.
Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктерді, жемқорлық мәселелерін немесе жастар арасындағы жұмыссыздықты ұйым өз мүддесіне шебер пайдаланады. Олар қайырымдылық және әлеуметтік жобалар атын жамылып, мемлекетке наразы, радикалды электорат базасын құрады.
Қазіргі таңда Ихуан әл-Муслимин ұйымы Египет, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Иордания сияқты көптеген мұсылман елдерінде террористік ұйым ретінде танылып, қызметіне заң жүзінде толық тыйым салынған. Қазақстан Республикасының құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдары да бұл ағымның ел аумағына енуіне жол бермеу мақсатында діни әдебиеттерді сараптау мен экстремистік контентті бұғаттау бағытында тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді.
Ихуан әл-Муслимин — трансұлттық деструктивті саяси жоба. Оның доктриналары кез келген ұлттық мемлекеттің егемендігін іштен ірітуге бағытталған. Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан үшін бұл қауіпке қарсы тұрудың жалғыз жолы — құқықтық шектеулермен қатар, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлі діни мектепті және зайырлылық қағидаттарын нығайту арқылы қоғамның берік идеологиялық иммунитетін қалыптастыру.
Пайдаланылған дереккөздер тізімі:
1. Әл-Банна, Хасан. (1984). Мажмуат расаил әл-имам әш-шахид Хасан әл-Банна (Шәһид имам Хасан әл-Баннаның жолдаулар жинағы). Бейрут: Дар әл-Андалус.
2. Кутб, Сейид. (1979). Ма’алим фит-тарик (Жол белгілері). Каир-Бейрут: Дар әш-Шурук.
3. Мұхаммед бен Заид гуманитарлық университетінің (MBZUH) діни экстремизм мен саяси ағымдарды зерттеу материалдары және халықаралық құжаттар жинағы (2025/09/Book-11.pdf).
4. Руа, Оливье. (2004). Глобализацияланған ислам. Париж.
5. Рашид, Ахмед. (2002). Жиһад: Орталық Азиядағы жауынгер исламның экспансиясы. Нью-Хейвен.
Рақымқазы Қабдысалым,
«Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы, Діни оңалту бөлімінің Астана қаласы өкілдігі бойынша жауапты маманы