Иманды адамның белгісі – Алланың сөзіне тоқтағаны

09 қаңтар 2020 8699 0
Оқу режимі

Табиғиндердің үлкені, әйгілі ғұлама Мәймун ибн Миһран[1] үйінде сыйлы қонақтарын күтіп жатады. Қызметші әйел (күң) ыстық сорпа әкеле жатып аяғы сүрініп кетеді де сорпаны Мәймуннің үстіне төгіп алады.

Бірден ашуға булыққан Мәймун орнынан атып тұрған уақытта, қызметші әйел қорқыныштан дірілдеп кетіп: «Олар (мұсылмандар) – ашуларын жеңуші»[2] деп Құранның аятын оқып жібереді. Сонда Мәймун кілт тұрып қалып, «ашуымды жеңдім» дейді де киімін қағады.

Сәл-пәл батылдық жинаған күң аяттың «адамдарды кешіруші» деген жалғасын оқиды. Ашуы пышақ кескендей сап тыйылған Мәймун күңіне ризалық танытып, «жарайды кешірдім» дегенінде, «Алла игілік жасаушыларды жақсы көреді» деп аятты тәмәмдайды. Күңнің тапқырлығына қапысыз риза болған Мәймун «Онда саған жақсылық жасайын, Алла ризалығы үшін сен азатсың» деп, күңді азат етіп жібереді[3].

 


[1] Әбу Айюб, Мәймун ибн Миһран әл-Жәзәри, Табиғиндердің үлкендерінен. Хадис, Фиқһ ілімінде озат болған. Бірнеше сахабиден хадис риуаят еткен. Хижри 37 жылы (М. 657) жылы Куфада туылып,Риққа қаласына орналасқан. Омар ибн Абдилазиздің балаларын тәрбиелеген. Бірнеше жыл қазылық міндетін атқарып, хижри 116 жылы, (М 734) Жазирада қайтыс болған.
[2] «Әли Имран» сүресі, 134-аят.
[3] Қуртуби, Әли Имран сүресі, 134-аят тәпсірі.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру