«ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ» ЖЫЛЫ – РУХАНИ БАҚЫТТЫҢ БАСПАЛДАҒЫ
Баршаңызға белгілі кеше ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дін қызметкерлеріне Бағдарлық баяндамасын жолдап, 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі маңызды бастама.
Бұл шешім қоғамда отбасы институтының маңыздылығын арттыру, ұлттық және діни құндылықтарды қайта жаңғырту мақсатында қабылданды. Әр дәуірде қоғамның негізі болып саналатын отбасы бүгінгі таңда түрлі сын-қатерлерге ұшырап, әлсіреу қаупіне тап болуда. Сондықтан отбасы мәселесін күн тәртібіне шығару – дер кезінде қабылданған игі қадам.
Бас мүфти осы жыл аясында бірнеше іс-шаралардың жүзеге асырылатынын басып айтты. Бұл бастама қоғамдағы рухани, мәдени және әлеуметтік мәселелерді шешуде айрықша рөл атқаруға бағытталған. Ендеше, отбасы құндылықтарына байланысты кейбір мәселелерді тілге тиек еткім келеді.
Отбасы – адамзат өркениетінің өзегі
Ислам дінінде отбасыға ерекше назар аударылған. Құран Кәрімде Алла Тағала:
«Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар» («Рум» сүресі, 21-аят) деп, ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік пен өзара түсіністіктің маңыздылығын айтты.
Сонымен қатар, пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың. Мен де отбасыма жақсы қарағандардың ең ізгісімін» деп, отбасы мүшелеріне қамқорлық жасау мұсылманның басты қасиеттерінің бірі екенін ескертті. Ислам діні отбасыны жай ғана жақын адамдардың одағы деп емес, рухани және адамгершілік құндылықтардың діңгегі деп қарайды. Отбасы – тек балаларды тәрбиелеудің ғана емес, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтаудың негізі.
Қазіргі қоғамдағы отбасы мәселелері
Бүгінде жаһанданудың, технологиялық дамудың және заманауи мәдениеттің ықпалынан отбасы құндылықтары көптеген қиындықтарға тап болып отыр. Соның ішінде:
- Ажырасудың көбеюі: Қазіргі уақытта отбасылық өмірдің жауапкершілігін түсінбеу, жанұядағы түсініспеушіліктердің алдын алуға деген талпыныстың болмауы – ажырасу көрсеткіштерінің артуына алып келуде.
- Бала тәрбиесіндегі олқылықтар: Көптеген отбасыларда бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлінбей, ұрпақтың рухани құндылықтарға бағытталмауы байқалады. Балаларға мейірім мен уақытты аз бөлу, олардың рухани дамуын назардан тыс қалдыру – болашақ қоғамның әлсіреуіне әкелуі мүмкін.
- Материалдық құндылықтардың басымдық алуы: Қоғамда байлық пен материалдық жетістіктерге ерекше мән беріліп, рухани құндылықтар екінші орынға ығысып жатыр. Бұл отбасының ішкі тұрақтылығына кері әсер етуде.
- Әлеуметтік желілердің ықпалы: Заманауи технологиялар ерлі-зайыптылар мен ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа теріс әсерін тигізуде. Отбасылық құндылықтар ақпараттық кеңістікте жеткілікті деңгейде дәріптелмейді.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және отбасы құндылығы» жылы туралы бастамасы осы мәселелердің шешімін табуға бағытталған. Бұл бастама отбасы институтын нығайтуға, оның қоғамдағы маңыздылығын арттыруға және рухани құндылықтарды жаңғыртуға арналған.
ҚМДБ Төрағасының сөзімен айтсақ, отбасы – ислам дінінде қасиетті институт. Сол себепті отбасылық құндылықтарды сақтау және нығайту әрбір адамның, әрбір қоғам мүшесінің басты міндеті. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – отбасылардың өзара сыйластық, сүйіспеншілік және бірлік негізінде өмір сүруіне ықпал ету.
Отбасы – махаббат пен сыйластықтың ошағы. Отбасы құндылықтары сүйіспеншілік, құрмет және сенім сияқты қасиеттерден бастау алады. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың жылы әрі сыйластыққа негізделуі отбасының бақытты болуына ықпал етеді. Мұндай ортада өскен балалар өздері де мейірімді, жауапты әрі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіреді. Сонымен қатар, отбасы – ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың ұрпақтан-ұрпаққа берілуінің басты көзі. Отбасында қалыптасқан құндылықтар арқылы жас ұрпақ халқымыздың мәдени мұрасын сақтап, өз тамырынан ажырамайды. Бұл – қазақ халқының рухани байлығын қорғап, оның сақталуын қамтамасыз ететін басты құралдардың бірі. Отбасы сонымен бірге тәрбиенің қайнар көзі болып табылады. Отбасындағы тәрбие баланың болашақта қандай адам болатынын анықтайды. Ата-ананың үлгісі, олардың ұстанымдары мен құндылықтары баланың мінез-құлқына, дүниетанымына, өмірлік ұстанымдарына тікелей әсер етеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақалдың мәні де осында айқын көрінеді.
Берік отбасылар қоғамның тұрақтылығына ықпал етеді. Әлеуметтік мәселелердің көпшілігі отбасындағы әлсіз қарым-қатынастардан, ажырасулардан, ата-аналардың балаларға жеткілікті көңіл бөлмеуінен туындайды. Сондықтан отбасы құндылықтарын нығайту – әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін аса маңызды. Отбасы мүшелері бір-біріне экономикалық және моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп, қиындықтарды бірге еңсереді. Отбасы – әр адамның өміріндегі сенімді тірек. Әсіресе, қазіргі заманғы қарқынды өмір салтында отбасының қолдауы адамның психологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады.
ҚМДБ төрағасы отбасы институтын нығайтуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылатынын мәлімдеді. Ең алдымен, отбасы құндылықтарын насихаттау жұмыстары күшейтіледі. Отбасының исламдағы және қазақ халқының дәстүріндегі ерекше орны кеңінен насихатталмақ. Мұндай жұмыстар қоғамға отбасы құндылықтарының маңыздылығын түсінуге және оның рөлін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жастарды отбасылық өмірге дайындау мәселесіне ерекше назар аударылады. Мұндай шаралар жас ұрпақтың болашақта отбасылық өмірге байыппен қарап, жанұялық қатынастарда жауапкершілікті сезінуіне ықпал етеді.
Тағы бір маңызды бағыт – ажырасудың алдын алу шараларын ұйымдастыру. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен мешіттер жанынан құрылған отбасылық кеңес беру орталықтары ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушіліктерді шешуге көмектеседі. Аталған орталықтарда психологтар мен дін қызметкерлерінің бірлесе жұмыс істеуі отбасы мүшелерінің мәселелерін шешуге кешенді қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу де осы бастаманың маңызды бөлігінің бірі. Балаларды ұлттық және діни құндылықтар негізінде тәрбиелеу, оларды имандылыққа, құрметке және еңбексүйгіштікке баулу қоғамның рухани дамуының негізін қалайды.
Сонымен қатар, Бас мүфти «Muftiyat» баспасынан отбасы тақырыбындағы еңбектер жарық көретінін хабарлады. Бұл арқылы отбасының маңыздылығы әртүрлі аудиторияға жеткізіліп, қоғамның барлық топтары арасында кеңінен насихатталады.
«Ислам және отбасы құндылығы» жылы – тек діни бастама ғана емес, қоғамды біріктіруге арналған үлкен рухани қозғалыс. Себебі отбасының нығаюы – қоғамның тұрақтылығы мен мемлекеттің болашағына тікелей әсер етеді.
Отбасы – қоғамның тірегі, ұрпақтың өсіп-өнетін бесігі. Еліміздегі әрбір шаңырақтың берекелі болуы үшін қызмет ету – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз. Ұлт болашағы үшін барлығымыз осы бастамаға атсалысып, қоғамға үлес қосайық!
Ерболат Жүсіпов
Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы
Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі