Исламды сүюдің 6 себебі

07 қыркүйек 2020 5767 0
Оқу режимі

Жақында ғаламтордан «Причины отказаться от Ислама»  деген орыс тіліндегі  бір мақаланы көзім шалып қалды. Не керек, мақалада қазіргі заманда сәнге айналған көзқарас – сүйікті дінімізге күйе жағып, ойдан шығарылған «жағымсыз» және «жеккөрінішті» жақтарын сипаттап, жерден жеті қоян тапқандай етіп жариялапты. Діни сауаты төмен, дінге тереңінен бойламаған кісінің мақаласы бір жағынан маған қызығушылық тудырды және осы мақаланы жазуыма себеп болды.

Исламды жамандай отырып, өздері «ақша» діні, «дінсіздердің діні», «табыс» діні деген сияқты ойдан құралған діндердің жетегінде кетіп, нәпсіге рахат сыйлағанымен, рухқа ләззат бере алмайтын, жоқ нәрсені насихаттап, сойылын соғып жүргендерін білмейді де. Бұл өз алдына бір тақырып.

Жоғарыда аталған мақалаға қарсы «Исламды сүюдің 6 себебі» туралы жазуыма себеп болды. Сонымен...

1. Ислам діні ғылымға қарсы.

Ислам - ең таза, ең асыл дін. Ол ғылымға мүлдем қарсы болмаған, қарсы болмайды да.  Қайта қолдайды және ғылымның дамуына жол ашып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз үмметін ғылым-білімге  ынталануға насихаттаған.  Кез келген іздеулер мен зерттеулер мейлі ол физика, география, анатомия, психология, философия, экономика және т.б. салалардың аясында болсын, бәрі бір арнаға тоғысады. Бәрінің жауабы – Исламда, Құранда. Атақты ғалым, физик Паскаль тылсым ақиқаттарды егжей-тегжейлі зерттеп, телескоп арқылы жарық жылдамдығымен триллион жылдық қашықтықты көргенде көз шарасы жасқа толып, тізе бүгіп тағзым еткен күйі: «Иә, Алла Тағалам, сен не деген ұлықсың!» деп дауыстап жіберген екен. ХІХ ғасырдың және бір неміс ойшылы Пренс Отто Фон Бисмарк: «Ей, Мұхаммед! Мұғалімі болып үйреніп, өзің таратқан мына кітап сенікі емес. Ол Құдайдікі. Бұл кітаптың Алладан екенін мойындамау - жаратылыстану ғылымдарын түгелдей жоққа шығарғандай күлкілі нәрсе» - дейді. Өз заманында Әбу Райхан Бируни Құран Кәрімде айтылған су тасқынына байланысты көптеген зерттеулер жүргізсе, ағылшын археологы Леонард Ч. Вулли (1880-1960) қазба жұмыстары арқылы бұл жойқын су тасқынының болғанын дәлелдеді. Атақты саяхатшы-теңізшілер, ХҮ-ХҮІ ғасырларда өмір сүрген Христофор Колумб пен Васко де Гама Ислам ғалымдарының ғылыми еңбектерін пайдаланып, жер шарын аралады. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой Құран Кәріммен терең танысқаннан кейін Ислам дінін мойындап: «Мені Мұхаммедтің үмметі деп есептеулеріңді өтінемін», - деді. Карл Маркстің өзі Құранды араб тілінде оқып, оның ұлылығы мен тәрбиелік мәнін өте жоғары бағалады, немістің атақты ақыны Гёте: «Егер Ислам Аллаға мойынсұну болса, біз бәріміз Исламда өмір сүріп, Исламда өлеміз», - деп жазып кеткен. Құранның ғылымды насихаттайтыны туралы Батыс ғалымдары да жарыса жазып, мойындап келеді. Құран арқылы ашылған бұдан да бөлек, жатырға ұрықтың орналасуы, дамуы, «Рахман» сүресінде айтылған бір-біріне қосылмайтын екі теңіз және өте көптеген мысалдарды  келтіруге болады.

Ислам діні ғылымға қарсы болса, хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Ілім жолында жан тапсырған - шейіт», - деп айтар ма еді?

2. Ислам діні адамдарды алалайды.

Қарап отырсақ, көптеген  ислам мемлекеттерінде әр ұлттың өкілдері ғана емес, әр діннің өкілдері де тату әрі ынтымақтастық аясында өмір сүріп жатыр. Ислам адамдарды ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарап бөлместен өз саясына алып, біріктіреді. Бұған дәлел ретінде: «Уа, иман еткендер! Араларыңнан бір қауым басқа бір қауымды келемеждемесін..! Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шәксіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», - деген «Хужурат» сүресінің 11-13 аяттарын атап өтуге болады.

3. Дін - адамдарды басқару құралы.  

Көптеген адамдар Исламды адамдарға ықпал жасайтын басқарудың құралы ретінде таниды. Осы тұста дініміз қандай да бір адамдардың өзіне пайда, өзгеге зиян әкелу үшін қолданып отырған құралы ретінде сипатталып тұр. Бұл қате пікір.

Ислам, бұл – адамдарды, қоғамды, мемлекетті басқару жүйесі. Бірақ, бұл жүйенің иесі қандай да бір адамдар емес, Ұлы Жаратушы Алланың өзі басқаратын жүйе. Бұл жүйе жер бетіндегі барша адам баласына, мейлі ол мұсылман болсын, болмасын тек жақсылықты насихаттау үшін жіберілген «басқару жүйесі».

Халифалар ел басқарып тұрған кезеңнің өзінде көптеген мұсылман емес адамдар Ислам дінінің аясынан пана тауып, лайықты өмір сүру құқығына қол жеткізген. Әділдік, бейбітшілік, төмен бағадағы салықтар барлық дін өкілдеріне бірдей қолданылған. Осының өзі түсіне білген адамға дінді өздері ойлағандай басқару құралына айналдырмай, жақсылыққа үгіттеу арқылы Исламмен сүйсіндіру насихаты екенін білдіреді емес пе?!

4. Ислам діні экономиканың дамуын тежейді.

Бұл мәселенің Исламға қатысы азырақ деуге болады. Өйткені, Исламда экономикалық проблемалардың кемшіліктерін жоюға кепілдік болатын жүйе бар. Шариғатымыз барлық адамға, барлық жерде, барлық мәселеде әділдік пен теңдікті өзіне тіреу ете отырып, көптеген мәселені түбегейлі шешіп бере алады. Ислам банкингі және қаржы жүйесінің негізгі тұжырымдамасы «тәуекел етіп бөліп төлу» арқылы әділдік жүргізу болып табылады. Қазіргі ислам банкінің тарихы 1970 жылы Сауд Арабиясы мен БАӘ-де алғашқы ислам банктерінің пайда болуымен басталған, десек те, оның түбірі ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінен бастау алатынын ешкім жоққа шығара алмас.

5. Мұсылмандар «Бәрі Алланың қалауымен» дейді. Бірақ, басына түскен жамандықтардың не үшін келгенін білмейді.

Алла Тағала жер бетіндегі барша адамға екі дүниеде де  жүзі жарық болып, жақсылық пен игілікке қол жеткізулері үшін бәріне бірдей әрі әділ «ереже» орнатып берді. Ол Құран мен сүннетте айтылған ережелер, шариғатымыздың жолы. Ал, қазіргі таңда жер бетінде болып жатқан, оның ішінде мұсылман мемлекетінде де орын алып жатқан стихиялық апаттардың, аурулардың пайда болуының көптеген себептері бар. Басты себеп,  адамдардың  Алланы ұмытып, шариғатқа қайшы әрекеттер жасап, өз басына тілеп алған қасіреті деуге болады. Алла қаласа, ол апаттарды бізге сынақ үшін де жібере алады. Ұлы Жаратушының бізге белгілеп берген ережесін бұзып жатқанда, оның арты неге апарып соғатынынан хабардар болуымыз керек. Себебі, бұзылған ережеге берілетін сый -  жаза. Жаңалықтардан күнде естіп, көріп жүрген апат, зілзала адамдардың өзіне жасап алған «сыйы». Құранда Алла Тағала бұл туралы: «Бастарыңа келген бір ауыртпалық, қолекі істегендеріңнің салдарынан болады. Және де Алла көбін кешіп жібереді»[1]- деп жауап береді.   

6. Ислам діні – бұл бизнес.

«Бұл дүние тіршілігі бір ойыншық, ермек ғана. Күдіксіз ақырет жұрты анық тіршілік. Әттең! Олар білсе»[2].

Иә, ислам – бұл «бизнес». Бірақ, бұл мұсылмандардың  түрлі қиындықтарды бастан өткерсе де мойымай, адамгершілігі мен көркем мінезін сақтай отырып, өзінің де, өзгенің де қамын ойлайтын бизнес. Яғни, екі жаққа да пайдалы келісім.

Мұсылмандар арғы дүниедегі мәңгі рахатқа жету үшін осы дүниедегі кейбір игіліктерден бас тартады. Бірде сахабалардың бірі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жіберсін деп өзінің рулас туыстарына барлық дүние мүлкін түгел береді. Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.) Мәдина қаласында оны қарсы алады. Қарсы алып тұрып, нұрлы жүзіне күлкі мен қуаныш ұялап: «Сен тиімді мәміле жасадың, сен тиімді мәміле жасадың», - дейді.  

Ислам дініне қатысты Әбу Хасан әл Надауи «Мұсылмандардың Исламнан шегінуінен  әлем неден құр қалды?» деген кітабында: «Ислам – бұл тек дін ғана емес. Ислам – адамның өмір салтының жанжақты көрінісін рухани және материалдық, моральдық және физикалық, эмоциялық және зияткерлік, жеке және әлеуметтік тұрғыдан қамтитын дін. Бұл дінде осы дүние мен арғы дүние,  рух, дене, ақыл бірлеседі және байланысады», - деп Ислам дінін сипаттайды.

Негізі, Исламды сүюдің себептері өте көп. Бұл мақаланы жоғарыда аталған мақалаға жазылған жауап деп ғана бағалаңыз. Бізге Өзін тануды, Өзінің мейірімін және иман ләззатын сезінуді нәсіп еткен, мұсылман  қылып жаратып, ардақты Пайғамбарының (с.ғ.с.) үмметінен еткен Аллаға сансыз мадақтаулар мен шүкіршіліктер болсын!


[1] «Шура» сүресі, 30-аят
[2] «Анкәбут» сүресі, 64 аят

Лаура Алмаханова

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру