КЕНЖЕТАЙ БАЙКЕМЕЛҰЛЫ: ОРАЗА – АДАМНЫҢ РУХЫН ТАЗАРТАТЫН ҚҰЛШЫЛЫҚ

24 ақпан 2026 77 0
Оқу режимі

– Қасиетті Рамазан айының рухани мәні неде, маңызы қандай?
– Әуелі баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз мадақ болсын! Рамазан – күллі мұсылман үмбеті үшін ең қастерлі де берекелі ай. Бұл – Алла Тағаланың адам баласына рухани жаңғыруға, тәубеге келіп, жүректі тазартуға берген теңдессіз мүмкіндігі. Қасиетті Құранда: «Рамазан айы – сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айына жетсе, ораза ұстасын» («Бақара» сүресі, 185-аят) – делінген. Он екі айдың сұлтаны атанған Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын, шарапаты мен шапағаты мол кезең.

Сондай-ақ, құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын Өзім ғана беремін» деп, бұл құлшылықтың айрықша қадір-қасиетін білдірген. Жалпы, ораза сөзі араб тілінде «саум» деп аталады. Оның тілдік мағынасы – тыйылу, шектеу. Ал шариғаттағы ұғымы – таң атқаннан күн батқанға дейін ниет етіп, ішіп-жеуден және оразаны бұзатын барлық амалдардан аулақ болу. Әрбір түні берекеге толы саналатын бұл айдың әсіресе, соңғы он түнін Қадір түні деген үмітпен құлшылықта өткізу – сексен үш жылдық сауапқа тең игілікке жетелейді.

Қазақ халқы бұл айды ежелден ерекше қастерлеп, «он екі айдың сұлтаны» деп ұлықтаған. Рамазан келгенде жарапазан жырлары айтылып, елге қуанышпен сүйінші хабар жеткізілген. Ауызашар дастарқанында рухани әңгіме өрбіген, ақ бата мен ізгі тілектер ақтарылған. Ораза ұстаған жанды қадірлеу, ауызашар беру – халқымыздың тамыры тереңге кеткен асыл дәстүрі. Таңғы сәресі әр шаңыраққа береке дарытса, кешкі ауызашар ағайын-туысты, жамағатты бір дастарқан басына жинап, имандылық пен ынтымақты нығайтқан тағылымды жүздесу болған. Бұл игі дәстүр бүгінде де мәнін жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Бұл айда адам тек ас пен сусыннан ғана емес, жан дүниесіне зиян келтіретін жат қылықтардан да тыйылуға тырысады. Егер осы айда көзімізді жамандықтан, құлағымызды жағымсыз хабарлардан, санамызды артық ақпараттан қорғай алсақ, бұл дағды Рамазаннан кейін де жалғасын табары сөзсіз.

Хәкім Абай өлеңдерінің бірінде «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дей келе:
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс.
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс,
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс, – деп,
«бастапқы үш» ұғымы арқылы Алланы сүюді, адамзатты сүюді және әділетті меңзейді. Осы «имани гүл» адамның жүрегінде орнықпайынша, кейінгі төрт парыз – ораза, намаз, зекет пен қажылықтың шынайы қабыл болуы күмәнді екенін ескертеді. Абай құлшылықтың сыртқы көрінісінен гөрі, оның ішкі тазалығына мән беріп, риядан аулақ болуға үндейді.

– Биыл ораза қыстың соңы мен көктемнің басына дөп келіп отыр. Құлшылықты құлшынып орындау үшін адамға денсаулық та керек. Ауыз бекітетін жандарға қандай кеңес айтасыз?
– Оразаның әр маусымға келуі – Алланың хикметі. Биылғы Рамазан қыстың соңы мен көктемнің басына тұспа-тұс келіп отыр. Бұл кезеңде әрине ағза әлсіреп, иммунитет төмендеуі мүмкін. Сондықтан сәресіне уақытылы тұрып, қуат беретін, жеңіл сіңетін тағамдар жеу, жеткілікті су ішу қажет. Көп адамдар сәресінің өте маңызды нәрсе екендігіне мән бермей, жәй ғана су ішуді немесе ешнәрсе жемей ауыз бекітуді жөн көреді. Әнас бин Мәлик (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Сәресіне тұрыңдар, сәресіде берекет бар» (Мүслим).

Тағы бір хадисте: «Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су болса да, оны тастамаңдар. Өйткені сәресіде тамақтанғандарға Алла рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді» (Ахмад), – дейді. Бұл жайлы имам Нәуауи: «Хадисте берекет бар деп келуі адам сәресіде тамақ ішумен қуат алып, ораза ұстауға белсенділігі және қызығушылығы артады. Сондай-ақ сәресі уақытында дұға жасалып, зікір айтылады. Алланың мейрімі түсетін дұға мен истиғфар қабыл болатын уақыт. Ол уақытта тұрған адам дәретін алып, намазын оқып, таңның атуын күтіп сауапқа кенелу артықшылығы да бар», – деген.

Әлемдік ғалымдар оразаның пайдасына соңғы жылдары ерекше назар аудара бастады. Мәселен, неміс зерттеушісі Жозеф Чепачтың еңбектерінде оразаның денсаулыққа тиімділігі нақты деректермен дәлелденеді. Бүгінде Германиядағы 29 клиникада науқастар ораза арқылы емделеді. Ғалымдардың айтуынша, ораза көптеген аурудың алдын алып қана қоймай, артық салмақтан арылуға көмектеседі. Ал оразаны ұзақ жылдар зерттеген доктор Гельмут Лацнер оны ағзада жиналған улы қалдықтардан арылудың ең табиғи жолы деп бағалайды.

Өз зерттеуін бастамас бұрын Жозеф Чепач 10 күн, кейін 25 күн ораза ұстап көрген. Нәтижесінде ол ораза кезінде адам өзін аш сезінбейтінін, дене мен ойдың сергектігі артатынын және дене бітімінің бірқалыпты сақталатынын анықтаған. Ғалым оразаның тек физикалық емес, рухани тазаруға да әсер ететінін атап өтіп, тамақтан шектеу ой мен ішкі жан дүниенің тазалығына жол ашатынын айтады.

– Ораза жақындаса түкірік жұтуға бола ма, тіс қанаса не болады деген секілді сұрақтар жиі қойылатыны рас. Дәл қыс мезгіліне қатысты сұрақ, жауып тұрған қар тамақтан өтіп кетсе, ораза бұзыла ма?
– Ораза мәселесінде мұсылмандардың сақтық танытуы – имандылықтың белгісі. Шариғатта оразаны бұзатын және бұзбайтын амалдар нақты көрсетілген. Тістен аққан қанның аз не көп мөлшеріне қаралады. Егер көп мөлшерде қан ағып, оны байқамай жұтып қойса, оразасы бұзылады. Кейін сол күннің қазасын өтейді. Ал қан аз мөлшерде шыққан болса, оразаны бұзбайды. Қанның аз, не көптігін түкірікпен салыстыра отырып анықтайды. Егер қан мөлшері түкірікпен тең немесе одан басым болса, «көп» саналады. Ал, жартысынан азы қан болса, «аз қан» үкімінде болады.

Радду әл-мухтар кітабында: «Егер тістің арасынан қан шығып тамаққа барса, бірақ ішке кетпесе, ораза бұзылмайды. Ал, қанның мөлшері көп немесе түкірікпен тең болып ішке кетсе, ораза бұзылады. Аз болса, бұзылмайды» деген пәтуа бар.

Қыс мезгіліне қатысты қар мәселесіне келсек: ауызға түскен жаңбырды немесе қарды немесе бұршақты әдейі жұтса, оразасы бұзылып қазасымен қоса кәффаратын өтейді. Сол үшін мұсылмандар бұған да мұқият болуы керек.

– Бұрын жазда ораза ұстағанда түн қысқа болып, тарауықтан кейін іле-шала сәресі басталып кететін. Қазір түн ұзақ, тарауықтан кейін де құлшылық жасау керек пе?
– Тарауық намазы – Рамазан айына тән ерекше сүннет құлшылық. Оны жамағатпен оқу – үлкен сауап. Ал тарауықтан кейінгі құлшылықтар – нәпіл амалдар. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала сендерге Рамазанда (күндіз) ораза ұстауды парыз етсе, мен (түнінде) құлшылық етуді сүннет еттім» (Ибн Мәжа), – деген.

Тағы бір хадисте: «Кімде-кім Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін түнгі намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Мүслим) делінген. Рамазан – Қасиетті Құран түскен, түнгі құлшылықтың сауабы еселенетін ерекше ай. Жалпы исламда түн – Аллаға жақындаудың ең берекелі уақыты. Бұл айда тарауық намазынан кейін де құлшылық етуге рұқсат етілген. Әр адам өз шамасына қарай құлшылық жасауы керек. Міндетті амалдарды орындап, қосымша ғибадатты мүмкіндікке қарай атқару – ең дұрыс жол.

– Діни басқарманың Рамазан айына қандай жоспары бар? Мешіттерімізде қарилар жеткілікті ме?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айына жыл сайын жан-жақты қызу дайындықпен келеді. Еліміздің барлық өңіріндегі мешіттерде тарауық намазы оқылып, Құран хатымдары жасалады. Қайырымдылық шаралары, ауызашарлар, мұқтаж жандарға көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылады. Арнайы Рамазан айы үшін анықтамалық жоспар әзірленіп барлық облыс, қала, аудандар мен ауылдарға тапсырма беріледі. Сол Рамазан анықтамалығындағы тапсырмаларға сәйкес, өңірлердегі барлық мешіттерімізде мерекелік безендірулер ұйымдастырылып, баннерлер, плакаттар ілінеді. Мешіт, дәретхана тазалықтарына жіті көңіл бөлу жұмыстары, мешіт ішіндегі дыбыс күшейткіштерді, микрофондарды қадағалап, кем-кетіктерін реттеу және мешіттерде болып жатқан өрт оқиғаларына байланысты еліміздегі барлық құлшылық орындарындағы электр желілерінің, жылыту жүйелерінің, өрт сөндіру құралдарының жағдайын мұқият тексеру жұмыстары жасалынады.

Қарилар мәселесіне келсек, бүгінде елімізде Құранды толық жаттаған, көркем мақаммен оқитын, халықаралық жарыстарда топ жарған қарилар жеткілікті. Олар өңірлерге бөлініп, жамағатқа қызмет етуде. Өздеріңізге мәлім, былтыр елордамыз Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте ІІ Халықаралық Құран жарысы және Талдықорған қаласындағы «Иман» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІV республикалық байқауы өте жоғары деңгейде өтіп, қариларға үлкен жігер сыйлады. Бұл – еліміздегі діни білімнің өте үлкен деңгейде дамып келе жатқанын көрсетеді.

Қасиетті Рамазан айы баршамызға құт-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін. Ұстаған оразамыз, оқыған тарауық намазымыз, жасаған әрбір игі амалымыз Жаратқанның құзырында қабыл болғай. Бұл ай – атабабамыз қастерлеген сабыр мен шүкірдің, иман мен ізгіліктің айы. Рамазан арқылы жүрегіміз жұмсарып, ниетіміз тазарып, бір-бірімізге деген мейіріміміз арта түссін.

Алла Тағала ел-жұртымызды аман, төрімізді тыныш, дастарқанымызды берекелі етсін. Жастарымыз білімді де ибалы, үлкендеріміз ақыл-парасатты болсын. Қасиетті айда айтылған ақ тілек пен қабыл болған дұғалар әр шаңыраққа шуақ болып қонғай. Рамазан айы баршамызға рухани жаңғырудың, ізгілікке ұмтылудың айы болсын!

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ
«Иман» журналы, №2, 2026 жыл

Дереккөз: муфтият.кз

Пікірлер Кіру