ХАФИЗ

07 мамыр 2025 329 0
Оқу режимі

Шамсуддин Мұхаммед Хафиз Ширази (1306 жылы шамасында, Шираз шаһары — 1371, сонда) — парсы ақыны және сопылық шейх.

Құранды жатқа біліп, Хафиз атанған. Өз заманының ең озық ғылыми жетістіктерін меңгерген. Xафиз ғазалдары парсы әдебиетінің жауһар туындылары қатарына саналады. Оның ғазалдарынан басқа рубаи, тәржибәнд және сақинамалары да бар.

Xафиз сопылық әдебиеттің аса көрнекті өкілі, оның сопылық сарынындағы ғазалдары өзінен кейінгі әдебиетке де үлкен әсерін тигізді. Xафиз туындылары Еуропа әдебиетінде үлкен бағаға ие болды, Гёте, Пушкин, А.К. Фет жоғары бағалаған. Xафиз туындылары дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылған.

***

Ақылды жан дұрыс жолды таңдайды,

Санасымен болашағын аңдайды.

Барлық жол да апарады қабірге,

Ойланбаған жандар сонда зарлайды.

***

Жермен жексен болар барлық сарайың,

Бірте-бірте қалар оны құм басып.

Өшірмейді тек махаббат арайын,

Нұрға дәйім бөленеді шын ғашық.

***

Шыққан болсаң ақиқаттың жолына,

Қорықпағын қиындықтан ешқашан.

Сабырменен жете білгін соңына,

Асықпағын түседі деп кеш қашан.

***

Ей, ғашық жан, жолың ауыр болады,

Бар өмірің азапқа да толады.

Қазыналы жерде жылан көп болар,

Шағамын деп мойыныңды кеп орар.

Раушан да көз тартатын гүл еді,

Ұстай қалсаң тікенегі кіреді.

***

Шәкіртімін әрқашанда дананың,

Ілімінен ашылады жанарым.

Елітеді жанды оның жырлары,

Жетелейді алға дәйім сырлары.

Жырларымда жалғандық жоқ менің де,

Сөз таппайсың жат болатын көңілге.

Дүнияуи сөздер бастар күнәға,

Құлақ салма, жоламағын сірә да.

Ізденгейсің, енді жалқау болмағын,

Кемшілік те кездеседі жолда мың.

Көрінеді бір-ақ беті Айдың да,

Біз білмейтін толып жатыр жай мұнда.

***

Жамандықтан әрқашанда қашық бол,

Мейірімге жеткеніңше асық бол.

Орға қарай жетелейтін мұрындық,

Ешкімге де опа бермес зұлымдық.

Жолдас қылып, қол да берме жаманға,

Опа бермес лайықты адамға.

***

Жадау бөлме туғызады қорқыныш,

Қараңғыда үрей билер толқып іш.

Әрқашанда түзу болсын жағдайың,

Барлығыңа қалаймын мен бақ дәйім.

***

Қайғы-мұң басса өне бойы еңсеңді,

Таппақсың сен қалай ғана наныңды?

Мына өмірде бола білгін белсенді,

Қазынаға жетер адам алымды.

Сүтіне су қосып сатар саудагер,

Өз тауарын жарнамалар көбірек.

Тордан шыққан құс өзгені жау көрер,

Бостандықта әні оның төгіледі.

Қаншалықты биік шыңдар болса да,

Оған шығар табылады соқпағы.

Шамадан тыс мақтай беру соншама,

Батырады бір күн сені боққа әлі.

 

***

Ғашықтық дерт жүрегімді өртейді,

Сол арқылы жаным дағы көркейді.

Тұтқынына түсем сосын азаптың,

Қуанышқа кенелемін ғажап тым.

***

Мейірімсіз адам жанның досы емес,

Кебір жерлер шалғындыққа хош емес.

Ғашық жанға созбай-ақ қой қол ұшын,

Қиын оның дертінің де жол шын.

***

Туған жерге тұрам ылғи ынтығып,

Өйткені ол жақын менің жаныма.

Теңізге де жаңбыр құяр шын тұнып,

Теңіз буын сіңіріп ап қанына.

Асыл таспен болса егер таныс жан,

Қазыналы кен орнына ынтығар.

Батыр болсын жаумен дәйім алысқан,

Отбасымен қауышуға ынтызар.

Керек емес шахтың оған құрметі,

Қызықпайды атаққа да шамасы.

Орындалса болды оған міндеті,

Тартып тұрар оны туған даласы.

***

Қорықпағын кездесетін қиындықтан жолдағы,

Бір күндері қуанышқа айналады ол дағы.

***

Таусылмайтын армандарым болса да,

Өмірімді бос өткіздім қаншама.

Осыншама шарласам да жер-көкті,

Тілектерім қол жеткізбей терлетті.

Барлық жанға достық қолды ұсындым,

Жау адамдай жылытпады түсін мың.

Толас таппас кеудемдегі жаңбырым,

Осылай ма бәлкім менің тағдырым?..

***

Құрметтейміз адал жанды шынайы,

Сол құрметке лайық ол ұдайы.

Аулақ жүрер қаскүнемнен үнемі,

Мыстан артық алтынның да түр-өңі.

Байқап қалсаң жағымпазды егерде,

Мұрша берме дәнін жерге себерге.

***

Әрқашанда ұлылықтың негізі –

Бастау алар қарапайым қылықтан.

Қарапайым сөздері де ең ізгі,

Қабілетін көрсетеді тұнықтан.

***

Қорлатпағын надандарға өзіңді,

Кірлетуге жол бермегін сезімді.

Жолбарыстай айбат шегіп ақырмай,

Сабырменен көрсете біл төзімді.

Ең дұрысы келісімге келгенің,

Ешқашанда оған құлай сенбегін.

***

Баға жетпес қазына ғой сөз деген,

Жатар одан інжу-маржан шашылып.

Кейде үнсіз қалған да жөн, көздеген

мақсатыңа жету үшін ашылып.

Жүрегіңде қатсын мейлі қара тас,

Үнсіз бәрін жібітуге болады.

Беталбаты сөйлеген де жарамас,

Өкінішке ол апарып соғады.

Мақтаныш та арқалатар күнәлар,

Бұл Хафизді түсініңдер, пірәдар.

***

Тығырыққа тірер бүгін тағдырың,

Алайдағы таусылмасын сабырың.

Мына өмір тоқтамастан зырлайды,

Қиындықтар баста мәңгі тұрмайды.

***

Зымиянға ешқашанда сенбеңіз,

Жалт береді таусылғанда теңгеңіз.

Жау жағына шығып та ол кетеді,

Залым болып сосын саған жетеді.

Қасқырға қой бақтыруға болмайды,

Қойыңды да, қозыңды да қоймайды.

***

Қалғандай күйіп ашыса жанның жүрегі,

Мазасыздықтың табылар дәйім бір емі.

Әрқашан дертке табылсын дауа лайым,

Тағдырың сенің қолында тұр ғой Құдайдың.

***

Қаныңды да, жаныңды да тапсырғайсың Тәңірге,

Қолданатын шараң жоқ қой одан басқа Әмірге.

***

Ауызыңнан шықпаған сөз – әлі саған құл болар,

Айтылған сөз – бір күн сені ноқталайтын пір болар.

***

Бұл өмір мен ана өмірде қаласаң сен тыныштық,

Айтылатын екі шартты өмір бойы дұрыс тұт:

Достарыңа жомарт болғын, ешқашанда тарылма,

Сабырлы бол жау алдында, тектен-текке жарылма.

***

Көрсетпес үшін әлсіздік,

Көрмес үшін жөнсіздік:

Бос уәде бермегін,

Сөздеріңді жөндегін.

***

Дос болғайсың лайықты, сенімді,

Құрметтей біл ықыласпен теңіңді.

Байқаусызда ренжітсең ол жанды,

Көңлін аула, бөліп бер де олжаңды.

Айнадайын жарқырайды жүрегі,

Қолдап сені өмір бойы жүреді.

***

Жамандық кетер, жақсы күндер де жетеді,

Зұлымдықтардың жетелемесін жетегі.

***

Жарық шашқың келсе мынау әлемге,

Жол көрсетер жарық жұлдыз болғайсың.

Арамдықтан ада болсын денең де,

Тек шынайы оттай лаулап жанғайсың.

***

Адалдыққа жетпес орын жалдауға,

Оны әркез дайын тұрар алдауға.

Мына өмір сайқал қатын секілді,

Түнеп шығар жігіттер кеп не түрлі.

***

Ақылды болғың келсе егер,

Қыңырлықты ұмытқын.

Тұтаммен өмір өлшенер,

Тірлігін жаса жігіттің.

Үмітпен өмір сүргейсің,

Тыныштық болсын арманың.

Дүниелік ғұмыр білгейсің,

Түбінде оның жалғанын.

Мүмкіндік бізге берілген,

Жетуге жайлы орынға.

Айрылып қалма сенімнен,

Болады ашық жолың да!..

Аударған Кенжеғали ҚОШЫМ-НОҒАЙ

 

Пікірлер Кіру