МЕККЕ ШАҺАРЫНЫҢ ҚАСИЕТІ

28 наурыз 2022 5240 0
Оқу режимі

Мекке – Жаратқанға құлшылық ету үшін ең алғашқы мешіт тұрғызылған қала. Әл-Харамның жер бетіндегі бірінші мешіт екендігі жайлы Құран Кәрімде: «Ақиқатында, адамдарға ең алғаш салынған – Бәккедегі[1] үй. Ол әлемдер үшін құт-береке әрі тура жол[2]», – деп баяндалған. Қыбла да осы шаһарда орналасқан. Сонымен бірге, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кіндік қаны тамған құтты жер де – Мекке.   

Алла Тағала Құран Кәрімнің екі жерінде: «Және осы қауіпсіз қаламен (ант етемін)[3]» және «Жоқ! Осы қаламен ант етемін[4]»,- деп Мекке шаһарымен серт етуі – қаланың қасиетті де құтты екендігінің айқын дәлелі.

Алла Тағала бұл қаланы құлшылық ету үшін арнайы келуді парыз еткен мекен. Ал, Алла Тағала қош көрген жердің пайғамбарлар мен мұсылмандар жүрегінің төрінен орын алары сөзсіз.

Құран және хадис беттерінен Меккенің рухани ерекше қала екенін белгілі. Сондықтан бұл қалаға қатысты өзіне тән талаптары да болуы орынды.

1. Мекке мұсылмандардың құбыласы – Кағба орналасқан қала. Құран Кәрімде: «(Ей, Мұхаммед!) Біз жүзіңнің аспанға бұрылғанын көреміз. Енді сені өзің разы болатын қыблаға (бағытқа) бұрамыз. Жүзіңді әл-Харам мешіті жағына қарат...[5]»,- деп әмір етілген;

2. Мекке – қалалардың анасы. Алла Тағала: «...Және елдімекендердің анасы (Мекке тұрғындарын) және оның айналасындағыларды ескертуің үшін (түсірдік)...[6]»,- деп әмір еткен. Ибн Касир: «Мекке елдімекендер анасы деп аталуы оның басқа ауыл-қалалардан мәртебесі жоғары екендігінің айғағы»,-дейді;

3. Сауаптар еселенетін қала. Бұл қалада ізгі амалдың сауабы еселенеді, әсіресе намаздың сауабы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Харам мешітіндегі намаз одан басқа мешіттегі намаздан жүз мың есе абзал...[7]»,-деген;

4. Құран Кәрімдегі: «...Кім ол жерде әділетсіздік етіп (ақиқаттан) ауытқуды қаласа, Біз оған қинаушы азапты таттырамыз[8]»,-аятында баян етілгендей, Меккеде жасалған күнәнің жазасы да ауыр. Аятта, тіпті, жамандықты ойлаудың өзі ауыр екендігі ескертілуде. Себебі, патшаның сарайында жасалған қылмыс алыс ауыл-аймақта жасалған қылмыстан ауыр келетіні мәлім;

5. Қауіпсіз және тыныштық қаласы. Меккеде ағаш бұтағын сындыруға, жануарларды үркітуге тыйым салынады. Ал, адам өзінің жаны мен малына толықтай қауіптенбейтін қала. Құран Кәрімде: «...Кім оған кірсе, аман болады...[9]»,- дегендей, Мекке – Алла Тағаланың барлық жаратылысына амандық шаһары;

6. Алла Тағала үшін ең ұнамды қала. Абдулла бин Ади (р.а.): «Мен Алла елшісінің түйеде отырып: «Уаллаһи, расында сен Аллаға ең қайырлы жерсің, Алланың ең ұнамды жерісің. Егер мен күшпен шығарылмасам, сенен шығып кетпес едім[10]»,-дегенін көрдім;

7. Дұға-тілек қабыл болатын жер. Хадисте: «қажылық мен ұмра жасаушылар Алла Тағаланың қонақтары, олар тілек етсе жауап береді, истиғфар етсе күнәсін кешіреді[11]»,-деп айтылған;

8. Меккеге мұсылман еместер кіруге тыйым салынады. Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер! Шын мәнінде, мүшріктер (Аллаға серік қосушылар) – нәжас (таза емес). Сондықтан олар осы жылдан кейін әл-Харам мешітіне жақындамасын...[12]»,-деп әмір еткен;

9. Жоғалған затты алуға тыйым салынады. Тек иесін іздестіру үшін алуға рұқсат. Ибн Аббас (р.а.): «(әл-Харамда) жоғалған затты алуға болмайды, тек (иесін іздеп) жар салушыға рұқсат[13]»,-деген хадисті риуаят еткен;

10. Құбылаға бетпен және арқамен отыруға болмайды. Хадисте: «Егер үлкен дәретке отырсаңдар құбылаға бетпен және арқамен отырмаңдар, шығыс немесе батысқа қарап отырыңдар[14]»,-делінген;

11. Мекке мен Мадинаға дажжал кіре алмайды. Әнас бин Малик (р.а.): «Дажжалдың аяғы баспаған қала қалмайды, тек Мекке және Мадинаға (кірмейді)[15]»,-деп риуаят етеді;

12. Мекке Алла Тағала қорғауындағы қала. Піл жылы қорғананы сияқты ақырзаманда да жаман ниеттілердің әрекетінен Жаратушы қорғайды. Айша (р.а.) анамыз: «Бір әскер Кағбаға соғыспен кіреді, олар шөлді жерде болғанда әскердің басы мен соңы (барлығын түгелдей) жер жұтады[16]»,-деп әңгімелейді;

13. Имандылардың жүрегі аңсап тұратын мекен. Мұсылмандар барлығы Меккені және Кағбаны аңсап, ерекше сүйіспеншілік көрсетуі Ибраһим (ғ.с.) дұғасының жемісі, ол: «Раббымыз! Ақиқатында, мен ұрпағымнан (бір бөлігін) қасиетті етілген Үйіңнің (Кағбаның) жанындағы егінсіз алқапқа орналастырдым. Раббымыз! Олар намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындайтын болсын және адамдардан кейбірінің жүректерін оларға бұр...[17]»,-деп мінәжат еткен.

 


[1] Бәккә – Мекке атауларының бірі
[2] Әли Ирман сүресі, 96-аят
[3] Тин сүресі, 3-аят
[4] Бәләд сүресі, 1-аят
[5] Бақара сүресі, 144-аят
[6] Әнғам сүресі, 92-аят
[7] Ахмед
[8] Хаж сүресі, 25-аят
[9] Әли Имран сүресі, 97-аят
[10] Тирмизи, Ибн Мажа
[11] Насаи, Ибн Мажа
[12] Тәуба сүресі, 28-аят
[13] Бұхари
[14] Бұхари, Муслим
[15] Бұхари, Муслим
[16] Бұхари
[17] Ибраһим сүресі, 37-аят

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру